Қазақстандықтар «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясын тамашалай алады
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романының желісімен түсірілген сериал көрермен қауымға 9 наурызда жол тартты деп хабарлайды Ruh.kz порталы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Телевизиялық көркем фильм ретінде көрерменге жол тартқан туындыны отандастарымыз дүйсенбі мен жұма күндерінің аралығында тамашалай алады. Телехикая оқиғасы майданнан аман оралған ардагер жазушының бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігінен бастау алады. Бас кейіпкер Ербол образы арқылы қазақ жауынгерлерінің ерлігі мен шынайы махаббат сезімі баяндалады.
20 бөлімді туындыға актерлерді таңдау жаз айларында толықтай онлайн кастинг арқылы жүргізілді. Үміткерлерден 7300-ден астам фото, бейнеөтініш келіп түсті.
«Кастинг барысында халықтың даусымен қатар, үміткерлердің актерлік шеберлігі де ерекше назарға алынды. Актерлерлік құрамды онлайн таңдау, халықтық сипат алған шығарманы кино тілінде сөйлету – біз үшін үлкен жауапкершілік пен тың тәжірибе болды», – делінген «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз хабарламасында.
Басты кейіпкерлер Ербол мен Меңтайдың рөлін жас актер Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова сомдады. Телехикаяның продюсері – Ернар Маликов.
Айта кету керек, «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясының саундтрегі Әзілхан Нұршайықовтың «Қызыл көрпе» өлеңіне жазылған. Әнді Әли Оқапов орындайды.