Жаңалық

Қазақстандықтардың көпшілігі қайырымдылыққа оң көзқараспен қарайды - ҚҚДИ зерттеуі

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ағымдағы жылдың I тоқсанында «Қазақстан Республикасы жағдайындағы қайырымдылық жүйесі» атты талдамалық баяндамасын дайындады.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес қазақстандықтар қайырымдылыққа өте белсенді және азаматтардың көпшілігі (54,4%) қайырымдылыққа оң көзқараспен қарайды, мұқтаж адамдарға көмектесуге тырысады.

ҚҚДИ аналитикалық баяндамасында қазақстандықтардың басым бөлігі (46,9%) қайырымдылықты көмектің кез келген өтеусіз түрі ретінде түсінетіні атап өтілген. Әлеуметтік зерттеу нәтижелерін талдау барысында қазақстандықтар арасында қайырымдылықтың басым түрлерінің топ-3 рейтингі қалыптасты. Рейтингті жетім балалар, сонымен қатар ауыр науқас балалар мен мүгедек балалар басқарады (44,1%).

Қайырымдылық жасаушылар ақшалай қаражатты тікелей мұқтаж адамдарға беру арқылы қайырымдылық жасауды жөн көреді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұндай азаматтар 35,2%-ы құрайды. Көпшілік, атап айтқанда 45,9%, әр адам өзінің мүмкіндігіне қарай қайырымдылықпен айналысуы керек екеніне сенімді. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 42,3%-ы табысы қазіргіден жоғары болған кезде қайырымдылыққа көбірек жұмсау мүмкіндігін атап өтті. Азаматтардың қайырымдылықпен айналысуына кедергі келтіретін негізгі себеп – қаржылық мүмкіндіктің болмауы – 52,5%, ал өткен жылы бұл көрсеткіш рейтингтің соңына қарай орналасқан.

«Екі өлшемнің нәтижелері қайырымдылықпен айналысу халықтың қаржылық жағдайы мен өмір сүру сапасына тікелей байланысты екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, адам өзі қаржылық жағынан еркін болған кезде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге дайын», – делінген «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының талдау баяндамасында.

Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша респонденттер мұқтаж адамдарға негізінен заттарды, азық-түлікті, тауарларды беруге қатысқан (37,8%). Заттар мен азық-түлік беру ақшалай қайырымдылыққа (27,4%) қарағанда көбірек орын алады.

Талдамалық баяндамада қазіргі уақытта Қазақстанда халық үшін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, орта және шағын бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және өзге де қоғамдық бірлестіктер емес, мемлекет (60%) әлеуметтік қолдаудың негізгі көзі болып табылатыны атап өтілді.

Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам бизнестен әлеуметтік белсенділікті күтуде. Сауалнама деректері бойынша респонденттердің 59,9%-ы қазақстандық компаниялар өздері жұмыс істейтін жергілікті қоғамдастықтарға қолдау көрсетуі тиіс деп санайды. Респонденттердің көпшілігінің пікірі бойынша (59,9%) кәсіпкерлер пайданың белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа беруі керек. Сондай-ақ, респонденттердің көпшілігі үшін (72,3%) «корпоративтік қайырымдылық» ұғымы таныс емес екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 47,2% қайырымдылық ұйымдарына сенім білдірді.

Әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, «2021 жылы сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі халықтың қорғалмаған топтарына көмек көрсетуді жөн көреді – 49,2%. Қайырымдылықтың ең қалаулы түрі «Тікелей ақшалай немесе мүліктік көмек» болды – 49,6%. Зерттеу нәтижелерін талдау барысында респонденттер қайырымдылықтың осы түріне сенетінін және қатысатынын хабарлады», – деп ҚҚДИ өзінің баяндамасын қорытындылайды.

Жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға қайырымдылықты институттандыру және осы сектордың тұрақты инфрақұрылымын құру жөнінде ұсынымдар берілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button