Жаңалық

Қазақстанның 10 жетістігі

Бұл жазғандарымыз Елбасының қолдауымен жеткен жетістіктеріміздің айтулысы ғана. Олардың барлығын толығымен біліп, тиісінше сезіне білу әрбір қазақстандықтың парызы. Мереке құтты болсын, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Өткен жылы 19 наурызда Қазақстан халқы және әлем елдері елімізге қатысты маңызды шешімді естіп, куә болып, ол күн тарихта қалды. 30 жыл бойына тұтасымен бір елді, соның ішінде көп этностан құралған мемлекетті ауызбіршілік пен ынтымақтастықта басқарып отыру жеңіл іс емес.

79 жасында Президент ретіндегі соңғы жарлығына қол қойған Елбасы тарихи сәтіндегі қимастық сезімін төмендегіше жеткізген еді:

«Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес».

Халқына үндеу жариялай келе, Елбасы Қазақстанның 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналатынына зор сеніммен қарайтынын білдіріп, сөзінің соңын: «Бұл – менің президент ретінде қол қойған соңғы жарлығым» деп аяқтайды.

Осы сөздердің барлығын көгілдір экранның бетінде, тікелей эфир арқылы көріп отырған әрбір қазақстандық азаматтың жүрегі сол бір сәтте үлкен тербеліске түсіп, іштей ерекше қимастық білдіргені һақ. Не дегенмен Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның дамуы жолында жасаған еңбегі ерен. Осыдан 30 жыл бұрын бүкіл халық бірауыздан қолдап, дауыс беру нәтижесінде Елбасы Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланады. Сол кезеңдердің қандай ауыр, күрделі шақ болғанын алдыңғы буыннан көп естіп, біліп жүрміз. Өткен ғасырдың аяғында еліміздің аумағында 130 кәсіпорынның жұмыс істеу қарқыны тоқтап қалып, 2 млн адам жұмыссыз қалған сәттерде көрші елдердің нарықтағы бағаны еркін айналымға жіберуінің әсерінен халық жағдайының мүлдем қиындап кетуі сол кезеңдердің көрінісі іспеттес. Тұңғыш Президентіміз сондай уақытта қазақ елінің өзіне артқан үмітін ақтай білді, сеніміне сызат түсірмеді.

Ұлт көшбасшысы ел басқарған жылдары еліміздің экономикасы 15 есе, халықтың табысы 9 есеге өскенін, кедейшілік 10 есеге азайғанын, сондай-ақ Қазақстан 2007-2012 жылғы қаржы дағдарысы кезінде қиындықтарға ешкімнің көмегінсіз төтеп бере алғанын айтты. Бұдан не ұғынуымыз керек?

Күнделікті күнкөріс деңгейі төмен болған мемлекетті 30 жылдың ішінде дамыған 50 елдің қатарына кіруіне айтарлықтай үлес қосып, халықтың әл-ауқатын жоғырылатып қана қоймай, әлем елдерінің арасында беделін арттырған ұлы тұлғаны әрдайым мадақтауға, ұмытпауға міндеттіміз.

Өздеріңіз білетіндей, бүгін тұстас ел көлемінде ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі өз деңгейінде тойлануда. Мемлекет қайраткері, Елбасы туралы мақаламызға егемендік жылдары ішіндегі Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, ұйымдастырылған, қазақ елі қол жеткізген ең ірі де игі бастамалар мен жетістіктер жайлы мәліметтерді порталымыздың оқырмандарына ұсынамыз:

1. Болашақ стипендиясы;

Болашақ – ҚР Тұңғыш Президентi, Елбасы Н. Назарбаевтың білім беру, сана-сезімді жетілдіру мақсатында құрылған халықаралық стипендиялық бағдарлама. Ол 1993 жылғы 5 қарашада Елбасының қаулысымен тағайындалды. Аталған бағдарлама білім іздеп, биікке ұмтылған азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік. Дарынды жерлестеріміз білімін әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында жетілдіріп, туған жерге келіп, сол алған тәжірибелерімен бөлісе білді.

Ең алғаш рет еліміздің азаматтары аталған бағдарламамен оқуға 1994 жылы жіберілді. Ресми дерекке сәйкес, 1994-2004 жылдар аралығында «Болашақ» стипендиясы негізінде 785 студент әлемнің 13 елінде білім алған. Ал қазіргі күні олардың саны бірнеше есеге көбейді.

2. Қазақстан халқы ассамблеясы;

Ішіне 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін сыйдыра білген, береке мен бірлікті, татулықты ту еткен қазақ елі үшін Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы тарихи маңызды шешімдердің бірегейі еді. 1995 жылдың 1 наурызында Елбасы Жарлығымен құрылған ассамблея халқымызға және бүкіл дүние жүзі мемлекеттеріне бейбітшілік пен келісімді насихаттап, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық моделін паш етті.

3. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы;

2003 жылы сәуірде Елбасы халыққа арнаған кезекті жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау мақсатында құрылған бағдарлама тарихи жәдігерлерді, жалпыұлттық құндылықтарды сақтап тұруға бағытталған. Адамзатты рухани тұрғыда байытатын бағдарлама іс жүзінде орын ала бастағаннан соң, 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Барлығы 218 нысанды қамтитын Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін ерекше мәнге ие 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды.

4. Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылуы

2008 жылы Елбасы өзі бастап, ашылуына қолдау көрсеткен ерекше игі іс – Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылуы. Орталық ашылған күннен-ақ дәрігерлер ота жасауды бастады. Себебі денсаулық сақтау орны алдын ала дайын еді. Яғни ауруханадағы нейрохирургтардың барлығына министрлік үш айдан алты айға дейін АҚШ, Италия, Швейцария, Авс­трия, Германия, Израиль сынды мемлекеттердің үздік клиникаларынан тәжірибеден өтуге мүмкіндік сыйлап, оқып, біліктілігін арттырып қайтуға жіберді. Алғашында Алматы қаласынан 35 дәрігер көшіп келген орталықта бұл күні 50 нейрохирург жұмыс істейді. Қазірде емханада 4000-ға жуық адам хирургиялық ем алып, 10 жыл ішінде 38 мыңға жуық науқас емделген. Тіпті ем-дом алатын науқастардың арасында Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай секілді мемлекеттерден келетін азаматтармен қатар, алыс шет елдерден келетіндер де бар. Бұрындары 6-7 адам ғана квотамен емделу мүмкіндігіне ие болса, бүгінгі таңда 700 адам атамекеннен жыраққа шықпай-ақ, тегін ем­делуде. Сондай-ақ тұтынушылар үшін тағы бір жақсы жаңалық: ауруханаға 70-ке жуық жаңа технология енгізілген.

5. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бірінші төрағасы;

2010 жылдың 1-2 желтоқсаны еліміздің тарихында қалатын айтулы датаға айналды. Себебі бұл күндері Қазақстан Республикасының басшылығымен ЕҚЫҰ-ның (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) 56 мемлекеттің басшысы елордамызға жиылып, нәтижесінде Қазақстан халықаралық ірі ұйымның бірінші төрағасы болды. Бұл сара жол да Елбасының салған ізі екені белгілі. Н.Ә. Назарбаев Азиядағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді бірлестіктердің құрылуына ерекше үлесін қосып, кейін оларды экономикалық интеграцияға айналдыра білген бірегей тұлға.

6. «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі;

2012 жылы Париж қаласында өткен халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында Қазақстанда «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі өтетіні белгілі болды. Жасырын дауыс беру барысында ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті Нұр-Сұлтан қаласына, қалған 44 дауыс Льеж қаласына берілді. Нәтижесінде Халықаралық көрме 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында біздің елде өтті. Дүниежүзілік ауқымда болған көрмеге әлемнің 115 мемлекетінің өкілдері және 22 халықаралық ұйым қатысып, 3 миллион адам тамашалауға келді. ЕХРО-2017 Халықаралық көрмесінде ұсынылған басты тақырып – Future Energy (Болашақ қуат) әлемдік деңгейдегі эксперттердің тарапынан бірауыздан құпталды. Көрме арқылы қазақ жұртын әлемнің қанша елдері танып, білді. Мұның өзі үлкен жетістік емес пе?!

7. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі;

2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстан әлемнің 148 елі ішінен 50-орынға ие болды. Сол жылдың қазанында жарияланған Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісіне сәйкес еліміз 3 тармаққа позициясын жақсартып, 189 мемлекеттің арасында 50-орынға көтерілді. Сондай-ақ 2013 жылдың мамырында жария етілген Халықаралық даму менеджменті институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан өзінің позициясын 2 орынға төмендетіп, 60 елдің ішінен 34-ші орынды иеленеді.

8. Арал теңізінің қайта қалпына келе бастауы;

Арал теңізін қайта қалыпқа келтіру мақсатында «Солтүстік Арал» жобасы бастау алып, ол дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асты. Қазіргі таңда теңіз деңгейі біршама көтеріліп қана қоймай, су көлемі жоғарылап, минералдау төмендеген. Сонымен қатар ауланған балық саны да артып келеді. Ондағы балық өңдеу зауыттары жыл санап көбейіп келеді. Теңіздің көксерке балығы Брюссельге жеткізіледі. Бүгінде теңізден өңделіп шығатын балықтардың көлемі 11 мың тоннадан асты. Экспорт көлемі 3,6 есеге артып, балықтың 22 түрі қайта қалпына келтірілді. Бұл игі істің бастауында тұрған да Тұңғыш Президент болып табылады.

9. Қазақстанның ДCҰ-ға мүше болуы;

Қазақстанның ресми түрде ДСҰ-ның (Дүниежүзілік сауда ұйымы) мүшесі атанғанына 5 жылдан асты. 2015 жылы 26 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев Женеваға барып, келесі күні Қазақстанның ДCҰ-ға кіруінің ресми салтанаты болды.

10. Бокстан әлем чемпионаты;

Еліміздің тарихына таңба болып жазылатын ерекше сәттердің бірі – 2013 жылы 14-26 қазан аралығында Алматы қаласында Әуесқой бокстан әлем чемпионатының өтуі. Додаға әлемнің 111 елінен 457 боксшы қатысты. Қорытынды бойынша еліміз бірінші орынды қанжығасына байлады. Содан кейінгі орындар Куба, Әзербайжан және Ресей мемлекеттеріне бұйырды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button