Жаңалық

Қазақстанның атын шығарып жүрген таланттар кімдер?

Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жастардың саны аз емес. Осыған орай Ruh.kz порталы еліміздегі ең талантты 7 дарыны туралы ақпарат жинады.

Нұрәлі Бейсеқожа  – Қазақстандағы ең жас композитор, пианист. Ол 4 жасынан бастап пианинода ойнап, ең алғашқы туындысын 6 жасында шығарған. Қазіргі таңда талант иесінің 200-ден аса классикалық шығармасы бар.

Софи Манасян – 4 жасында «Әлемнің кішкентай ханшайымы – 2012» байқауының вице-аруы атағын жеңіп алған жасөспірім. Ол небәрі 5 жасында ЮНЕСКО мүшесі атанған. Соңғы төрт жыл бойы алматылық қыз Америкада тұрады. Бүгінде Софи АҚШ-тағы бірнеше жарнамалық билбордт пен телебағдарламаларға түсіп үлгерді.

Орынгүл Арыстан – «калькулятор қыз» атанған оқушы. Ол 11 жасында Малайзия елінде өткен менталды арифметика олимпиадасында І орынды қанжығасына байлады. Араға бір жыл салып, дүниежүзінің 150 білімді жас математигімен бірге 30 мың есепті 26 минут 26 секундта шығарып, әлемдік рекорд орнатты.

Абзал Мырзаш – 12 жасында мектеп  бітірген вундеркинд. Биыл 16 жастағы қазақстандық АҚШ-тың ең жас магистранты атанып, Нотр-Дам университетіндегі компьютерлік ғылым және инженерия факультетінің магистратурасына түсті.

Қазыбек Тоқтаров – әлемнің 11 үздік университетінен шақырту алған қазақ баласы. Атап айтқанда, Италия, АҚШ, Гонк Конг, Финляндия, Нидерланд және Корея елдерінің ЖОО-дары қазақстандықты өз студенттерінің қатарынан көргісі келетінін хабарлаған. Дарынды жас биыл Назарбаев Зияткерлік мектебін аяқтап, өз білімін Италияда жалғастыруда.

Жібек Құлымбетова – 12 жасында джиу-джитсудан екі дүркін Әлем чемпионы атанған спортшы. Ол осыдан 1 ай бұрын Алматы қаласында қыздарға арналған шеберлік сағатын өткізді. Спортпен айналысып жүргеніне 4 жылдан асты.

Тимур Рысбеков – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген тұңғыш оқушы. Жас ғалымның 72 өнертабысы бар. Массачусетс технология институтында қашықтықтан білім алатын дарын иесін NASA байқап, жұмысқа шақырған. Алайда отандасымыз бұл ұсыныстан бас тартты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button