Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанның өнер суретшісі Серікқали Көкеновтың жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді

Фото: ҚР Мемлекеттік өнер музейі

2024 жылдың 10 қыркүйегінде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі зергер, Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер суретшісі Серікқали Көкеновтың  «Жаңғырту» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді, деп хабарлайды Ruh.kz.

Көкенов Серікқали Байғалиұлы1964 жылы Шығыс Қазақстан обылысы, Ұржар ауданы, Қарақол ауылында дүниеге келді. Суретші-зергер 1989 жылы Алтатының Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет училищесінің (қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжі) сәндік қолданбалы өнер факультетінің, театр декорациясы мамандығын тәмәмдады. ҚР қолөнершілер Одағының мүшесі. Көптеген Республикалық жане шетелдік көрмелік жобалардың қатысушысы.

Серікқали Көкенов көне әдіс-тәсілдерді қайта жаңғыртып заманауи дем беруші шебер. Оның қолданысында Қазақстанда б.д. дейінгі ІV-III ғасырлармен белгіленген бүртіктеу және сіркелеу көне  әдістері басым. Орталық және Батыс Қазақстан өңірлерінде қонданылатын, өте ептілікті қажет ететін бұл әдістердің заманауи жаңғырығы зергердің негізгі қаруы. Зергер туындыларында еліміздің аумағында өңделетін асыл тастарды қолдану арқылы тақырыптық бұйымдар жасауда ізденісі сарқылмаған. Пайдаланатын материалдарға маржан, жақұт, көгілдір асыл тастар, тау кристалдары және т.б. бағалы тастар кіреді.

Көрме зергердің шығармашылығының кейінгі кезеңіндегі жұмыстарынан құралған. Экпозицияда 150-ден астам зергерлік бұйымдар, 6 панно және 10 мүсіндік туындылары таныстырылады.  Біраз бөлігі жиынтықты бүртіктеу және сіркелеу әдістерімен орнындалған дәстүрлі әшекей бұйымдардан тұрады. Ал қалған жұмыстары көрікті жерлерді сипаттау, ұлттық құндылықтарды баяндау және түрлі тақырыптарда орындалған. Әр бұйымның жасалу әдіс-тәсілдері ұқсас болғанымен, пішіндері мен тақырыптық мағыналары бөлек.   Әшекейлердің бірнеше түрлерін ұштастыру арқылы ізденістік шығармалары да кездеседі. Нәзіктік пен терең тақырыптық ізденістерді көрмеден бірден аңғарасыздар.

Таныстырылатын «Шилі өзен», «Қалыңдық», «Таңбалы тас», «Бақсы», «Арал», «Жарылыс», «Төртеу» және «Көлсай» сынды  ерекше жұмыстарынан тақырып пен техникалық үйлесімді байқайсыздар. Мысалы «Көлсай» білезігінің сақинасы ұлттық нақышта, ал көзі көлдің түсіндей тұнық тау кристалындай, айналасындағы сымдар дәл сол Көлсай көлін қоршаған орманды табиғатқа ұқсайды. Тағы бір ерекше туындысы «Таңбалы тас» деп аталатын алқасы. Үш бөліктен тұрады. Алқаның жоғарғы бөлігі шеңберлі күн басты адамның образына ұқсайды. Ортасындағы жартас қабырға суреті жан дүниеңе үңіліп тұрған ата-баба көзіне де келеді. Алқаның ортаңғы бөлігінде күмістен шаңырақ немесе арба дөңгелегі секілді шеңберлі пішінді байқайсыздар. Бұл тәуелсіздіктің белгісі шаңырақ және ежелгі әлемге мәдениет таратушы арба дөңгелегінің символы іспетті. Дәл ортасында көк аспандай перуза тасы орнатылған. Композицияның төменгі бөлігі төртбұрышты бетінде қоңыр қоймалжың аядағы жартастағы жануар бейнелерін көресіздер. Таңбалы тас ескерткіштік қорымындағы тас бетіндегі бейнелердің белгісіндей. Зергер композицияны қосымша металды және сүйекті салпыншақтармен толықтырған. Зергерлік әдістермен тақырыпты ашып сипаттау аса шеберлік пен терең білімді қажет етеді. Сондай қасиетті Серіққали Көкеновтен көреміз.

Серікқали Байғалиұлының  бойындағы ұлттық құндылықтарға деген махаббат шеберді дәстүрлі зергерлік мектепттің негізгі мұрагерлерінің біріне айналдырды. Дәстүрлі ізді жалғай отырып өзекті тақырыптармен диалог құрды. Шығармашылығында эстетикалық сұлулықпен ұштасатын өзіндік қолтаңбаға ие болды.

Экспозиция қазан айының 2-не дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button