«Қазақстанның қасиетті географиясы. Қазығұрт
«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?!» деген халық әнінің шумақтарын естімеген қазақ кем де кем. Осы атышулы Қазғұрт тауының, оған қатысты аңыздардың қазақ үшін қадірі қаншалықты жоғары?
Бұл туралы біз дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты турасындағы айдарымызда айтамыз. Біздің бүгінгі тақырыбымыз – Қазығұрт киесі.
Македониялық Александрдың Азия жорықтары кезіндегі шешуші шайқастар өткен жер болса, Истеми қағанның Византия елшісі Земархты қабылдаған жері болса, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбан әулетінің, Қазақ хандығының көп-көп тарихымен байланысты жер болса, Бәйдібектің шоқысы жатқан жер болса, Майқы би мен Төле би отауын тіккен жер болса, кешегі бір кер кезеңдерде отаршылдықпен қиян-кескі күрестің қан майданы өткен жер болса, ол жалғыз. Ол – Қазығұрт тауының бауыры.
Қазығұрт жайлы, Қазығұрт тауы жайлы ел арасында аңыз-әңгіме көп-ақ. Соның ең кең тарағаны – Нұх пайғамбардың кемесі туралы. Жер-әлемнің бетін топан су жайлағанда Нұх пайғамбар өзінің алып кемесіне тіршілік иелерін сыйғанша мінгізіп алады. Сол кеме топан су тартылған кезде Қазғұрт тауында қайырлаған деседі-мыс. Сондықтан, әлі күнге дейін халық қазығұрт тауын тіршіліктің қайта басталған уақытымен ұштастырып, кие тұтады.
Осы тектес аңыздардың барлығы қазақтың ауызекі әдебиетімен бізге жетіп отыр. Әсіресе Асан Қайғының «Жерұйық іздеу» сапарында осы Қазғұрт мекеніне бағыттаған бағасы да қалпында сақталған.
«Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің.
Жемісі көп, жері көп,
Жер төресі мұнда екен.
Жігіті көп, ері көп,
Ел төресі мұнда екен», – деген абыз сөздері киелі мекеннің көркін асырып, болмысын әспеттей түседі. Расында Қазғұрт таулары аса биік болмаса да, алғаш көз салғанда бейне бір алыптар тізілген қол секілді менмұндалап көрінеді. Ал оның жалама жартастар қоршаған жазығы қандай керемет десеңші?!
Нұх пайғамбар туралы аңызға кей адамдар бой ұсынғысы келмейді. Тіршіліктің Қазғұрт тауынан бастау алғанын мойындауға шетелдік ғалымдардың да көңілі жыға қоймайды. Дегенмен, бұл қағида күн өткен сайын дәлелденіп, ғылыми тұрғыда да айқындалып келеді.
Мысалы, ерте тарих беттеріне көз жүгіртсек, алғашқы адамдардың өмір сүрген жері – Қаратау сілемдері, тау етегіндегі жазық. Ал адамдардан бұрынғы тіршілік те бұл аймақты айналып өтпеген. Оған Қазығұрт тауына жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында табылған динозаврдың қаңқасы дәлел болмақ. Алғашқы адамдардың осы маңда тіршілік еткені ғылыми мінберлерде дәлелденіп, күллі әлем бас шұлғысқаннан кейін Нұх пайғамбар аңызының шындықтан жырақтамайтынын айғақтауға тырысқандар да табылды. Әрине, мұның бәрі біздің уағымыздан ертеде өз шындықтарының шыңына жетіп қойған қағидалар.
Қазығұртқа қатысты ғылыми деректерден бөлек, бұл жерде ел арасында үлкен сенімге ие болған «Адам ата шоқысы», «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Пайғамбар атының су ішкен жері», «Ғайып-Ерен қырық шілтен», «Маңсары әулие» сияқты атақты орындар бар. Осы орындарға тәу етіп жүрген халықтың да қарасы аз емес .
Ел ауызында сақталған таулар соғысы туралы, Нұх пайғамбардың кемесінің Қазығұрт шыңына тоқтауы турасында неше түрлі дастандар бар. Олардың барлығы ұрпаққа ынтымақ-бірлік, тұлғалық қасиет сынды құндылықтарды беруге таптырмас құрал бола алары анық.
Қазғұрт тауында да неше түрлі физикалық һәм табиғи тылсым күштер бар. Мұның барлығын халық ертеден біліп, ол күштерге құрметпен қараған.
Тамаша табиғатпен үйлесім тапқан қасиетті Қазығұрт – күллі қазақтың қазынасы. Оған байланысты деректердің барлығы – келер ұрпаққа кемел дүние, келелі білім болмақ.