«Қазақстанның қасиетті географиясы». Қойлық шаһары
Қойлық кей деректерде Қайлық болып кездесетін бұл қала Қазақстанның өте ежелгі қалаларының бірі. А.Н.Бернштамның зерттеуінше, Іле алқабындағы жердің ерекшелігіне байланысты осылай аталған екен. Қойлық, яғни «қой жайылымы» немесе «жайылымға ыңғайлы өңір» деген мағынаны білдіреді.
Қойлық қаласы шамамен ХI ғасыр мен ХIII ғасырдың басына пайда болған. Ең алғашқы тұрғындары қарахандар қағанатындағы түркі – қарлұқтар елі болды. Бұл қала туралы бірегей мәліметтер Моңғол имперясының жоғарғы қағаны Мөңкеге Францияның IХ Людовик королі жіберген елшісінің кітабында сақталған.
1253 жылы күздің аяқ шенінде елші Гильом Рубрук өзінің ұзақ сапарын бастады, яғни сол жылдың мамыр айында Қара теңізбен жүзіп келіп, оңтүстік орыс даласын кесіп өтіп, Днепр, Еділ, Жайық өзендерінен өтеді. Арал жағалауы, Талас алқабы арқылы Іле өзеніне жетеді. Ол өзінің одан әрі қарайғы жолын былайша суреттейді:
«Өзеннен өткеннен кейін,-деп жазады Г.Рубрук, – біз бір жазықтыққа шықтық, онда әлдебір бұзылған қамалды көрдік, оның қабырғалары саз балшықтан қаланған, әрі жері өңделген екен. Содан кейін біз Эквиус деген белгісіз әсем қалаға тап болдық, онда Парсы елінен соншалықты алыс бола тұрса да парсыша сөйлейтін сарациндер тұрады. Келесі күні үлкен таулардың оңтүстікке қарай созылған сілемдеріне жататын таулардан әрі өттік, содан соң біз оң жағында биік таулары бар әдемі жазықтыққа шықтық, ал ол жақта беймәлім теңіз немесе көл жатты, оны айналып шығуға 25 күндей жол жүру керек».
Бұл көл кейін белгілі болғандай Балқаш екен. Эквиус – ХI ғасырда Махмуд Қашғари өзінің «Диуан Лұғат ат-Түрк» деп аталатын еңбегінде жазған Ики-Оғыз қаласының жаңсақ жазылған атауы. Зерттеушілердің пікірлері бойынша бұл қала қазіргі кездегі Көксу өзені бойындағы Балпық би (Кировка) селосының аумағында орналасқан Дүнгене қаласының орнында болған.
Г.Рубруктың жазған сипаттамаларына қарағанда, Қойлақ базары, алаңдар мен ғибадатханалары бар үлкен қала екен. Г.Рубруктың мәліметтеріне сүйене отырып, тек оның ғана емес, Х1 ғасырдың көрнекті ғалымы Махмуд Қашғаридың еңбектерін және археологиялық зерттеу материалдарына қарай отырып, зерттеушілер Қиялықтың (Қайлақтың) орналасқан жерін айқындауға, нақты ескерткіш – қаламен оны ұқсастыруға мүмкіндік алды.
Мәселен, шығыстанушы В.В.Бартольд қазіргі Қапал елді мекенінен онша қашық емес жерде орналасқан деп болжам жасаған, археолог А.Н.Бернштам оны Көксу өзені алқабынан іздеген дұрыс деп есептеді. Бірақ Антоновка қаласының ашылуы мен зерттелуі Қиялықтың тап сол әңгімеге арқау болған қала екендігін анықтауға мүмкіндік берді. Бұл, біріншіден, Іле алқабындағы ең ірі қала, оның орналасқан жері Г.Рубруктың маршрутына, оның Іле өзенінен Алакөлге барған саяхатының жолына сәйкес келеді.
Қазба жұмыстары кезінде бұл жерден мешіт, будда және манихей ғибадатханалары табылып, зерттелді, өзіндік ерекшелігі бар күміс және мыс теңге шығаратын теңге сарайы болғандығы дәлелденді.Оны Махмуд Қашғаридың атақты географиялық картасы да дәлелдейді, онда Г.Рубруктың Эквиусына сәйкес келетін, Қайлаққа дейін онда болған Ики-Оғыз (Иеи-Укуз) қаласы көрсетілген.
Қаланың топографиясы былай сипаттауға болады: саз балшықтан (пахса) тұрғызылған сыртқы мықты қабырғалар, орталық ядро-аркалар (қамал), қаланың өзі-шахристан және қала іргесі-рабадтан тұрған.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы арқылы оған кең көлемде қазба жұмыстарының жүргізу мүмкіндігінің жасалуы қаланың экономикасы, қала тұрғындарының әлеуметтік өмірі, қолөнер мен саудасы, құрылыс технологиялары мен сәулет өнері, монументальды және қолданбалы өнері, тұрғылықты халқы ұстанған діндері туралы мәліметтер алуға мүмкіндік берді. Бұл жерде исламның, буддизмнің, христиандықтың, манихейліктің бейбіт қатар өмір сүруінің өзі Қазақстанға ежелден тән толеранттық дәстүр туралы мәлімет береді.
Қаялық қаласы өткен жылы Қазақстанның өзге де бірқатар тарихи ескерткіштермен бірге ЮНЕСКО қорғауына алынып, дүниежүзілік құндылықтар қатарына қосылды.