Қазақстанның сәулет өнерін қайта тірілткен дизайнер
Фантастикалық видеомонтаждарымен өлі дүниені (қала, нысан, ескерткіш) тірілтетін қазақстандық дизайнер, инженер Алмаз Дүйсебаев әлеуметтік желіде кең танымалдылыққа ие.
Алмаз Дүйсебаев Photoshop графикасы арқылы бас қала мен оңтүстік астанадағы алып нысандарға жаңаша форматта ерекше көрік беріп, ғажайып монтажымен қозғалысқа ұшыратады. Ол көптеген зәулім ғимараттарды тірілтіп, ескерткіштерді билеткен. Елордалық таланттың қолынан шыққан, жаңадан тірілген үздік туындылардың қатарында Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық архив ғимараты, ЭКСПО ғимараты, «Хан-Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орталығы, Jýsan Bank, Астана LRT, «Қазақконцерт» ғимараттары бар. Жақында әлемге әйгілі «Битлз», Гоголь және Көктөбе мұнарасына ән айтқызып, би билеткен видеосы желі ішінде дереу таралып, көрерменнің көңілінен шықты. Дизайнердің айтуынша, бір ғимараттың суретін әзірлеу үшін 1-2 сағат уақыт кететін көрінеді.
Бала кезінен иллюстрацияларды, адамдардың бейнелерін, мультфильмдерді салып өскен Алмаз Дүйсебаев өзінің фрилансер екенін және көбіне графикалық стильді ұнататынын айтады. Анимацияны жақсы көріп, компьютердегі графикалық бағдарламаларды зерттейтін болған. Өзінің айтуына қарағанда, хоббиі уақыт өте келе біртіндеп кәсіпке ұласқан.
«Дизайнерлік жұмысты студенттік жылдардан бастадым. Жаймендеп графикалық дизайн саласындағы жаңа стильдер мен тенденцияларды зерттедім. Менің алғашқы ұстазым – марқұм Мақсат Салықов болды. Ол кісі дизайнерлік жолда шыңдалуыма елеулі үлесін қосты. Мен басқалары сияқты саяхаттауды жақсы көремін. Жоспарымда өмірге әкелгім келетін көптеген қызықты жобаларым бар», – дейді ол.
Фантастикалық дүниелердің авторы біраз жылдар бойы телевидение саласында қызмет еткен. Қазіргі таңда жаңа бейнелер түсіріп, коммерциялық жобаларды басқарады. Қысқасы, еліміздегі цифрлы технологияның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген өнерпазға портал ұжымы шығармашылық табыстар тілейді.