Қазақстанның туристік маршруты
«Қазақстанның туристік маршруты» айдарының бүгінгі санында біз сіздерге еліміздегі туристік орындардың бірі де бірегейі – Шарын шатқалы туралы мәліметтерді ұсынамыз.
Шарын – қазақ елінің туристерін құшақ жая қарсы алатын қонақжай мекендерінің бірі. Төбесі көкке тиіп тұрған үлкен тастар өздігінен салынған ертегілер қаласын еске түсіреді.
Шарын шатқалы Алматы облысы, Райымбек ауданында орналасқан. Яғни, Алматы қаласынан 195 шақырым шығысқа қарай, Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 км созылып жатыр. Жер көлемі 93,2 мың.га. Бұл аймақтың рельефі әртүрлі. 2004 жылдың 23 cәуірінде құрылған Шарын ұлттық паркінің құрамына кіреді.
Шарын шатқалы – ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Шарын шатқалы жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Каньон құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді.
Шарын ұлттық табиғи саябағы Үлкен Бөгеті тау жотасын, Сөгеті аңғары мен шекаралас шөлді жерлерді, Шарын өзенінің бойындағы «Қызғылт қамалдар» аңғарын, сол маңдағы далалы алқапты және Торайғыр тауы беткейлерін қамтиды. Саябақ аумағынан Шарын өзені ағып өтіп, Іле өзеніне құяды. Шарын өзеніне тау беткейлерінен басталатын Шалкөдесу, Кеген, Қарқара, Кенсу, Орта Мерке, Шет Мерке, Темірлік, т.б. ұсақ өзендер қосылады. Саябақ ауа райы құрғақ қоңыржай, жауын-шашынның жылдық мөлшері 150 мм-дей. Шарын ұлттық табиғи саябағында геологиялық ежелгі кезеңдерден сақталып келе жатқан «Қызғылт қамалдар» аңғарының кескін-келбеті өте таңданарлық. Шарын өзенінің миллиондаған жылдар бойы жуып-шаюынан өзен аңғарында ойдым-ойдым қызғылт түсті шатқалдар пайда болған. Дәл осындай табиғаты ерекше шатқал дүние жүзінде Шарыннан басқа тек АҚШ-тағы Колорода штатында ғана кездеседі (Үлкен каньон шатқалы).
Саябақта өсімдіктердің 940 түрі өседі, оның 60-қа жуық түрі эндемиктер. Ондағы өсімдіктердің 21 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Сүтқоректілердің 60, құстардың 300, бауырымен жорғалаушылардың 20, балықтардың 10 түрі кездеседі. Саябақ аумағынан ерте кездерде тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен жануарлардың (пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырдың, стенон жылқысының, т.б.) қаңқа қалдықтары да табылған.