Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанның туристік маршруты: Ақтолағай жотасы

«Қазақстанның туристік маршруты» айдарының бүгінгі санында Ақтөбе облысындағы Ақтолағай бор жотасына тоқталамыз.

Қазақстанда көрікті жерлер аз емес. Тарихтан сыр шертетін киелі орындар да көп. Айталық, Ақтөбе облысы Байғанин ауданында көрсең көз сүйсінетін мекендер бар. Бірақ өте алыс әрі жол жоқ. Ондағы инфрақұрылым туралы айтудың өзі артық. Солардың бірі — Байғанин ауданының аумағында 302 метр болатын ең биік нүктеде орналасқан, ұзындығы 90 шақырымдық Ақтолағай бор жотасы. Аудан орталығынан 4-5 сағаттық жерде орналасқан табиғат ғажайыбына барудың өзі мұң. Бірақ жақыннан көргенде сұлулығына еріксіз бас шайқайсың.

Атырау мен Ақтөбе облыстарының қиылысар жерінде орналасқан борлы үстіртте бұрын теңіз болған екен. Сол себепті бұл жерден миллион жыл бұрын мекен еткен ұлулардың, теңіз кірпілерінің тасқа айналған теңіз фауналарын оңай таба аласыз. Мұнда ұзыннан ұзын созылып жатқан ақ жоталарды көргенде қиял әлеміне жол тартасыз. Биіктігі үйдей болатын тастарды кім, қайдан әкелді деген сұрақ мазалауы мүмкін. Десек те, бұл тұсы ғылыми жағынан әлі зерттелмеді.

Осында орналасқан әр таудың өзіне атауы бар, соның ішіндегі ең биігі – Құлшардың шоқысы. Тарихына тоқталып өтсек, аңыз бойынша патша әділетсіздігіне қарсы күреске шыққан Құлшар есімді жігіт болған. Әрине, патшаға қарсы шыққан соң ол қамауға алынады да, кейін қашып құтылады, сол қашқан кезде осы борлы тауларды паналайды. Құлшардың патша әскерлері борлы таудан тапқан кезінде, ол таудың ең биік шыңына шығып артынан келген қуғыншыларды атып өлтіріп отырған, сол жерде ұзақ тұрақтап біраз өмір сүрген соң сол жігіттің құрметіне Құлшар аталып кеткен деседі. Қызығы сол, тауға шығатын бір ғана жол бар және шығу оңай емес.

Боз және сортаңды топырағында жусан, бұйырғын, тасбұйырғын, боз жусан, баялыш өседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button