Қазақстанның туристік маршруты: Балқаш көлі
Балқаш көлінің құпиясы осы күнге дейін дүйім жұртты таңқалдыруда: климаты құрғақ, жауын-шашынға тапшы аймақта, ұшы-қиыры жоқ далада суы жартылай тұщы су қоймасының пайда болуы географиялық қарама-қайшылық бола тұра, ғалымдар әлі де байыбына жетпеген құпия болып табылады.
«Балқаш» сөзін айтқан кезде көлемі бойынша дүние жүзінде 14-ші орынға орныққан бірегей көл екендігі, әрі бір бөлігі тұщы (1 литр суында 1 грамм да тұз жоқ) және екінші бөлігі ащы (1 литр суында 3,5 грамнан 6 грамға дейін тұзы бар) дүние жүзіндегі жалғыз көл екендігі ойға оралады.
Екінің бірі біле бермейтін қызықты жайттың бірі – Балқашқа бес ірі өзен құяды, бірақ олардың біреуі де қайта шықпайды. Бұдан туындайтын сұрақ: көлге құйылатын барлық су қайда кетіп жатыр?
Балқаш көлі бірден үш облыстың: Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының шекарасында орналасқан. Бір жағынан Шу-Іле таулары көмкеріп тұрса, екінші жағынан – ұсақшоқыға алмасатын ұшы-қиыры жоқ Бетпақ дала, ал үшінші жағынан Орта Азия құмды алқабына тікесінен тіреледі.
Көлдің ауданы – 16,4 мың шаршы км. Шынымен, Балқаш ұзындығы 600 км, ал ені шығыс бөлігінде 9-20 км және батыс бөлігінде 74 километрге дейін жететін еліміздегі ең ірі ішкі құрлық көлі. Осыған қарамастан, Балқаштың орташа тереңдігі 6 метр, неғұрлым терең жері небәрі 27 метрге дейін жетеді.
Балқашта ауқымы әртүрлі барлығы 43 арал бар. Олардың жалпы ауданы 66 шаршы км. Біраз аралға желдетіп қайық жеткізсе, кейбіреуіне жүзіп те жетуге болады екен.
Айтпақшы, мұндағы желдің орташа жылдық жылдамдығы 4,5 – 4,8 м/с дейін жетеді. Егер жел екпіні қатты болса, көлдегі толқын биіктігі лезде 2-3,5 метрге дейін барады екен.
Бұған қоса, Балқаштың батыс бөлігінде сағат тілінің бойымен бағытталған айналымдық ағыс үнемі байқалады.
Дереккөз: EL.KZ