Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанның ұлттық платформасы Alibaba желісінде

Alibaba.com сауда платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды.

B2B форматындағы платформасында ашылған ұлттық павильон қазақстандық өндірушілерге өз өнімін интернет арқылы кедергісіз сатып, жарнамалауға мүмкіндік береді.

Павильонның ашылуына орай Zoom-конференция форматында өткен жиынға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, «QazTrade» АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы, Alibaba.com вице-президенті Эндрю Женг қатысты.

Вице-министр Қайрат Төребаев қазіргі уақытта электрондық коммерция қарқынды дамып келе жатқанын, Қазақстанның әлемдік трендпен бірге тыныстауға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Alibaba компаниясымен арадағы ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық компаниялар өз өнімдерін сыртқы нарықтарға жылжыту мүмкідігін кеңейте алады.

«Alibaba» алаңында ұлттық павильонның ашылуы шетелдік сатып алушылар тарапынан Қазақстан өнімдеріне жоғары сұраныс бар екенін растады», – деді вице-министр.

Ал «QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы отандық компаниялардың өнімін маркетплейстер арқылы таныту тиімді екенін атап өтті.

Қазір Alibaba.com базасындағы Қазақстанның ұлттық павильонында 130 қазақстандық компания «алтын» мәртебелі жеткізуші ретінде тіркелген. Олар 7500-ден астам тауарды ғаламдық платформа арқылы сатып отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button