Қазақстанның креативті жас кітапханашыларының бірінші сессиясы өтті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Үздік жас кітапханашы – 2023» республикалық байқауының қорытынды кезеңі аясында «Қазақстанның креативті жас кітапханашыларының бірінші сессиясы» өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға еліміздің әр өңірінен «Үздік жас кітапханашы – 2023» республикалық байқауының қорытынды кезеңіне жолдама алған жеңімпаздар мен Ұлттық кітапхананың жас кітапханашылары қатысқан.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөзбен ашып, аталған сессияға және байқауға қатысушы жас кітапханашыларға сәттілік тіледі.
Сессияны Ұлттық кітапхананың баспасөз хатшысы, жас маман Урманбеков Таңжарық жүргізді.
Шара барысында жас мамандар кітапханадағы жаңашылдықтар мен заманауи өзгерістер енгізу бойынша өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ Ұлттық кітапхана жастарының бастамасымен «Республикалық жас кітапханашылар ұйымын» құру туралы ұсыныстар талқыланды.
«Қазақстанның креативті жас кітапханашыларының бірінші сессиясы» аясында қатысушыларға Ұлттық кітапхананың тарихы мен қызметі, құрылымдық бөлімдері мен оқу залдарының жұмысы бойынша шолу экскурсиясы жүргізіліп, әрі қарай «Quiz Battle» интеллектуалды іс-шарасымен жалғасты.
Шарада әдебиет, тарих, өнер және кино, кітапхана салалары бойынша сұрақтар қойылып, қатысушы командалар өзара үздіктерді таңдады.
Сонымен қатар ұйымдастырылған тимбилдинг аясында қатысушылар мен Ұлттық кітапхананың жас мамандары Медеу мұз айдынына барып, табиғат аясында ойын-сауық шараларын өткізді.