Мақала

Қазақтың «Қызыл Жебесінің» туғанына 130 жыл

        Тұрар Рысқұловтың мемлекеттік қайраткер ретіндегі еңбегі мен қызметінің өзі бір төбе. Оның жолы тарих беттерінде ғана айқын жазылып қалған жоқ. Өз ретінде Тұрардың өмір жолы бірнеше әдеби шығармалар мен романдарға да арқау болды. Әкесі Рысқұлдың тағдыры мен патша әкімшілігімен болған оқиғалары бала Тұрарды ерте есейтті. Биыл Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл болды. Ал, осыдан дәл 1 ғасыр уақыт бұрын ол 1924 жылы Комитерн атқару комитетінің Монғолиядағы өкілі болып тағайындалған еді. Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының біртұтас мемлекет болып, аяғынан тік тұруына көп қызмет етті. Атап айтқанда, Моңғолияның Конституциясы қабылданып, заң жобасын дайындауға атсалысты. Моңғолия мемлекетінің астанасын Уланбатор деп атау да Тұрар Рысқұловтың ұсынысы еді.

         Тұрар 1984 жылы 26 желтоқсан күні сол кездегі Жетісу облысы, Верный уезінде дүниеге келді. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы кедей болса да ер мінезді, өр тұлға еді. Өзі тұратын Шығыс Талғар болысындағы бай, болыстардың ешқайсысының өзін жазықсыз басынуына рұқсат берген емес. Бірақ әділетсіздікке ұшырап, сол жаланың ызасына шыдай алмаған Рысқұл Шығыс Талғар болысын қолдан атып өлтіреді. Осылайша өзі түрмеге тоғытылып, артында оның барлық туыстарын Талғардан Бесағашқа, Бесағаштан Боралдайға күштен қоныс аудартады. Рысқұл түрмеге отырмас та ма еді, артында қалған ұл-қызы, ағайын-туысының тағдырына алаңдап, амал жоқтықтан полицияға өзі беріледі. Кейіннен түрме әкімшілігіне арыз жазып, Тұрарды қасына алдыртады.

         «Әлемдегі ең қысқа әңгімені білесің бе?» - деп басталатын «Қызыл Жебе» роман эпопеясы да тура осы Тұрардың түрмедегі кезеңдерінен бастау алады. «Түрме баласы» деп аталып кеткен Тұрар сол жерде түрме бастығының қызметін қылып жүреді. Алғашында орысша бір сөз білмесе де, ақырындап орыс тілін үйрене бастайды. Бұл Тұрардың көзін ашқалы көрген, өскен ортасына қарағанда тым басқа тәжірибе еді. Ел жұрттан жырақта, темір тордың артындағы әкесінің жанында жүріп бала Тұрар бірден есейді. Кейін Рысқұлды 10 жылға соттап, оны Сахалинге жер аударуға жібереді. Осыдан соң  Тұрар жалған фамилиямен Меркіге нағашыларының қолына келіп, мектепке барады. Мектеп оқып жүріп «Қырғызбаев» болып жүрген Тұрар құжатын алатын сәтте тәуекелге бас тігіп, қайтадан әкесінің тегін алып, «Рысқұлов» атанады. Жалғыз ұлының тағдыр сынағының арасында жүріп, өз фамилиясын алған әке алдындағы перзент ретіндегі парызының бірі еді. Осылайша, қиын кезеңде басын бәйгеге тігіп, әкесінің атын қайтарып алып, Тұрар бір ерлік істеді. Кейін әкесіне әңгімеден ескерткіш қойды. Түрмедегі уақыттарында Рысқұл айтып берген әңгімелер легін, оның тағдыр жолын кейіннен досы Мұхтар Әуезовке айтып береді. Жарыққа «Қараш-қараш» оқиғасы шығады.

         Ертеңге деген үміті аз, болашағы бұлыңғыр болса да бала Тұрар тұлға болып қалыптаса бастайды. Өзі ешкімнің қолдауынсыз, қарауынсыз жүріп, жан бағып өссе де бойынан нағыз тұлғалық қасиеттері жиі байқалатын. Ол тазалық сүйгіш, үнемі мұнтаздай қалпынан таймай жүретін болған. «Еңсеңді түсірме» деген сөзден кейін әкесінің «жағаңды кірлетпе» деген сөзі жадында жаңғырып тұратын. Тіпті, ату жазасына кесілген кезде де соңғы тілегі «жуынып,шайынып, тазаланып алайын» деген болған көрінеді. Атаң пен қызметке аса қызықпаса да оны үлкен мінберлер айналып өтпеді. 1932 жылдардағы аштықпен де қаймықпай күресіп, қазақ елі үшін ерен еңбегін сіңірді. Ол сол аштықтан қазақ халқын құтқарып қалған бірден бір, негізгі саяси тұлға деп ауыз толтырып айта аламыз. Санаулы ғұмырында Ұлт қайраткері ретіндегі саналы қызметтері жетерлік. Азық-түлік мәселесі, оны жеткізу бойынша Сталинге хат жазуы, Қазақстан-Сібір жолдарын салудағы еңбегі осы қайраткерлік сипатын аша түседі. Сүйте жүріп, атақ алуға, көзге түсуге тырыспады. Тіпті, ТүркЦИК-тің төрағасы болудан бас тартқан да болатын. Өз басын ойлап, қызмет қуып, биліктің адамы болуды емес, халықтың жағында болуды негізгі мақсат қылды. Көздегені тек қызмет, бос мақтан болмағанын аштықтан қиналған балаларға арналған пансионатқа  «Тұрар Рысқұлов атын берейік» дегенге келіспей, «Жас Түркістан» атауын ұсынғанын да байқауға болады. Аштықтан қырылып жатқан халқына араша түсіп, көмектеспей отыруға ары шыдамады. Сол үшін денсаулық сақтау комиссары қызметінен де бас тартқан еді. Жастайынан қазақтың бай болыстары мен орыс кулактарының түрлі қорлығы мен басынғанын көріп өскен Тұрар үшін ұлттық және әлеуметтік таптау, езгіге қарсы күрес негізгі ұстанымдарының бірі ретінде саналды.

         Тұрар Рысқұлов уездік кеңестік атқару комитеті төрағасы болып жүрген жылдарда да негізгі күшінің бәрін ашаршылықпен күреске жұмсады. Сырттан келер қайранның болмайтынын жақсы түсінген ол ішкі мүмкіндіктерді оңынан пайдалануға тырысты. Әулиата қаласының 52 орыс капиталистіне ашаршылыққа ұшыраған халық үшін 3 млн сом көлемінде салық төлетті. Кейіннен ол жетекшілік еткен комиссия Түркістан автономиялық республикасының 19 уезі мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашқан болатын. Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүрген жылдары орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан күшпен, орынсыз тартып алған жерлерді иелеріне қайтарып бергізді.

         Тұрардың өскен ортасы да, кейіннен ес білген соң бірге жүрген ортасыда оңай орта болған жоқ. Алаштықтармен, қазақ зиялыларымен етене араласты, жақсы қарым-қатынаста болды. Бұл тізімге Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов сынды тұлғаларды толассыз кіргізе беруге болады. Кейіннен жазықсыз айыпталып, қуғындалып кеткен тұста Мұхтар Әуезовті де абақтыдан арашалап алуға ат салысқан екен. Сонымен қатар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновты да екі рет абақтыдан алып, құтқарып қалған. Ахмет Байтұрсыновпен бірігіп Ленинге ашық хат та жазған болатын. Ел үшін орны ерекше тұлғалардың бірі Дінмұхамед Қонаевты да оқудан жазықсыз шығарғалы жатқанда Тұрар Рысқұлов араша түскен екен. Қаныш Сәтбаевқа да көп көмектесіп, қаржылай да қарасып тұрған.

         Елімізде салынған 26 өндіріс ошағының да ашылуына Тұрар Рысқұловтың еңбегі сінген. Түгел Орта Азияны қамтамасыз етіп, теміржол құрылысына қажетті шикізаттармен жабдықайтын өндіріс орындарының ішіндегі «Түлкібас әк зауыты» қаншама жылдар бойы жұмыс істеп тұрды.Қазақ елінің аумағымен ғана шектеліп қаймай, өмірінің біраз жылдарын Ташкентте, бір бөлігін Мәскеуде өткізді. Моңғолияда жаңа өкімет билік құруына ат салысты. Халық комиссарлар кеңесінің Бакудегі өкілі де болды.

         Тұрар Рысқұлов Сталиннен қаймықпай, бұрын соңды қазақ баласының қолы жетпеген орындарда қызмет етті. Тіпті, тарихта қалған «Сталин қателеседі!» деген сөзті Мәскеудегі үлкен жиында қорықпай, ашық айтты. Сталин саясатының соқырлығына бұл да көз жұмып қарап отыра алмады. Бұл тіркестің растығын кейіннен тарихтың өзі дәлелдеді. Тарихтың алдында әділ бағасын алмай қалу мүмкін емес.  

         Өкінішке қарай, халқы үшін жанын салып қызмет еткен Тұрардың өмір жолы өте қысқа болды. Негізі, көптеген деректерде Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деген деректер бар. Десе де, көптеген құпия құжаттармен танысқан кейбір ғалымдар мен жазушылар шын мәнінде Тұрардың 1943 жылы қайтыс болғанын айтады. Сыбырлап қана «аштықтан» деген сөзі қосады. Былай қарасаң, қаншама адамды аштық азабынан арашалаған Тұрардың өзі аштан өлген болуы мүмкін. Әлі күнге дейін оның жатқан жері нақты белгілі емес.

         Бүгінде тәуелсіздік арқасында бейбіт күнде өмір сүріп келеміз. Бірақ, халық, ұлт, мемлекет ретінде қалыптасуымызға аянбай еңбек етіп, жанын берген тұлғалар туралы бір сәт те ұмытуға хақымыз жоқ. Олардың ерліктері мен еңбектері біз үшін үлгі болуы тиіс. Заманы тыныш болмаса да, саналы ғұмырын халқына еңбек етуге арнаған Тұрар Рысқұловтың есімі тарихымызда алтын әріптермен жазулы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button