Қазақтың ұлттық ойындары
15 сәуір – жазушы, этнограф, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Сәніктің туған күні. Қаламгер өнегелі өмірі, саналуан сырлы шығармаларымен туған халқының жүрек түкпірінде терең сақталады. Суреткердің «Хан батыр – Қабанбай», «Сергелдең», «Басбай», «Демежан батыр», «Тұғырыл хан», «Қазақ этнографиясы», т,б. жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Әртүрлі деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Қазірге дейін қаламгердің еңбектері жайында 1 монография, 2 естелік жинағы, 6 магистрлік, 2 дипломдық жұмыс жазылды. Бұл бағыттағы іргелі зерттеулер одан ары жалғаса бермек.
2018 жылы құрылған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» – жазушының шығармашылығын кең көлемде насихаттау мен ғылыми айналымға енгізуге ықпал етіп, қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Оқырман назарына Зейнолла Сәніктің «Қазақтың ұлттық ойындары» туралы жазған еңбегінен үзінді ұсынамыз:
Қазақтың ұлттық ойындары – ежелгі заманда пайда болып, бірте-бірте дамып, қалыптасып, біздің дәуірімізге жеткен халқымыздың дәстүрлі спорт өнері. Қазақ ұлттық ойындарының тарихы тереңде жатыр. Ол сонау алғашқы қауымдық қоғамнан бастау алады. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар арасында кеңінен таралғандығы жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Сақпан (Зақпы) ежелгі Египет, Грекия, Рим, Орта Азия елдерінде ұрыс қару ретінде қолданылған. XVI-XVII ғасырда ол Батыс Еуропада гранат лақтыру үшін пайдаланылған. Ал, түркі халықтары сақпыны жаугершілік, аң аулау, мал қайыруға қолданған. Көне шежірелерде Сақ, Оғыз, Қыпшақ тайпалары жауынгерлерінің жаяу жарысатыны айтылған. XI ғасырда өткен тарихшы Назам әл-Мүлік өзінің «Саясатнама» атты еңбегінде түркі тілдес халықтар арасында кең тараған жаяу жарыс туралы жазады. Ертеден келе жатқан спорт ойындары екендігін ауыз әдебиетіміздің көне нұсқалары болып есептелетін қиял-ғажайып ертегілерінен де («Ертөстік», «Күн астындағы Күнікей қыз») байқауға болады. Қазақтың «Ат шаппайды, бап шабады», «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер», «Палуан бақайынан», «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады», «Кейін кеткенді кертоқай жейді», «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар», «Көкпарды тартқан алады», «Қыз қуардың қызығынан қалма» секілді мақалдардың қалыптасуы осы ойындарымыздың халқымызбен ежелден-ақ бірге жасасып келе жатқандығын білдіреді. Қазақ ұлттық ойындарының мазмұны бай түрлері саналған.
Бізге келген мақалалар қорының өзінде 150-ден артық ойын бар. Оны біз спорттық ойындар, көңіл ашу ойындары, балалар ойындары деп үш үлкен салаға бөлдік.
Спорттың ойындарға дене тәрбиесі, ат ойындары, күш сынасу ойындары, мергендік ойындар, әртүрлі жарыс ойындары жатады.
Көңіл ашу ойындарына жастардың кешкі ойын-сауық ойындары, әзіл-қалжың ойындары, күлдіргі ойындары, би ойындары және басқа да қызғылықты ойындар жатады.
Ал, балалар ойындары – үйрену ойындары (мысалы, Санамақ, Ұшты-ұшты). Денешынықтыру ойындарына (мысалы, Тепкіш, Атаман доп) күш сынасу, мергендікке баулу, ойлау қабілетін арттыру, ғылыми ойындар, т.б. балаларға арналған қызықты, күлдіргі ойындар жатады.
Бұлардың бәрінің де өзіндік ерекшелігі, өзіндік тарихы бар. Оны жіктеп, жеке-жеке зерттеу, әрине, алдағы күндердің еншісінде. Дүниедегі барлық заттардың дамып-өзгеріп отыратындығы сияқты қазақтың ұлттық ойындары да дамып, өзгеріп отырған. «Көкпар» деген сөздің төркіні «Көк бөрі» екендігі мәлім. Ерте кезде қазақтар малдың ең қауіпті жауы болған бөріні (қасқырды) соғып алып, оны ат үстінде тартып, бөрі соққанына қуанып, той-думан құрған. Кейін өзгере келе, мұның өзі ұлттық дәстүрлі ойынға айналған. Салтанатты жиынтойларда бөрі табыла бермегендіктен, қой, ешкі, кейде бұзау тартатын болған. Бертін келе көкпарға көбінесе лақ тартатын болғандықтан «лақ тарту» аталып кеткен.
Сол сияқты «Бағзы заманда үйленбек болған жігіт батылдығы мен күшін, ептілігін көрсететін түрлі сыннан өткізілетін. Соның бәрінен мүдірмей өткен жігітке «Енді қызды қуып жетсең, қалыңдығың болады» деген талап қойылған. Содан дами келе осы күнгі «Қыз қуу» ойыны пайда болып», ол ұлттық ойын түріне айналған. Ертеде «Келін түсіру», «Қыз ұзату» салтында орамалға күміс теңге түйіп, жерге тастайтын. Оны шабандоздар шауып келе жатып жерден іліп алатын. Озып шыққан жігіт «Беташар» айтатын. Бұны ежелгі қазақ «Күміс алу ойыны» деп атаған. Бұл күнде ол ат спорты ойынының бір түріне айналды. Мәреден 10-30-50 метр аралықта бір-бірден орамал тастайды. Кім көп ілсе, сол жүлдегер атанады. Бұл ойынды өткізу үшін төреші, бақылаушылар қойылады. Сөйтіп, басынан сан ғасырды өткізген ұлттық ойындарымыздың кейбірі кетіліп, мұжылып, бұл дәуірге жете алмай қалған болуы мүмкін. Ал, енді бір бөлімі одан ары дамып, бұл күнде жаңа мазмұн алып, ұлттық ойынның символы ретінде көрсетілетін болды. Мысалы, «Қыз қуу», «Көкпар», «Балуан күрес», «Ат бәйгесі», т.б. ойындар қазақ халқының ұлттық ерекшелігін айғақтайтын ойындар есептелінеді. Тағы бірнеше ойындарымыз, мысалы, «Жаяу жүріс», «Ат бәйгесі», «Арқан тарту», «Садақ ату», «Балуан түсіру», «Ат ойындары» мемлекеттік және халықаралық деңгейге көтеріліп, дүниежүзілік спорт ойындарының қатарында аталып отыр. Демек, біз ұлттық ойындарымызды жинап, реттеп, кейбіреулерін дәуірге сай жаңа мазмұнмен байытып дамытатын болсақ, олардың бүгінгі заман кәдесіне әбден жарайтындығы жұртқа аян. Бұл арада айта кететін бір жайт: бұл күндерде қазақ мектептерінде балалар ойыны тым тапшы сияқтанады. Ал, біздің кітап қорымыздағы балалар ойыны бүкіл ұлттық ойынымыздың үштен бірін әрең құрап отыр. Бұдан әсілінде қазақта балалар ойынының біршама мол екендігін, әрі халқымыздың балалар ойынына ежелден мән беріп келе жатқандығын көруге болады. Қазақ халқы баланы өмірінің жалғасы, қызығы, шаттығы, болашағы деп ежелден-ақ жақсы көреді.
«Балалы үй – базар», «Бала – ананың бауыр еті» дейді. Бала тәрбиесіне аса мән берген. Соның нәтижесінде бірқыдыру бала жұбату әндері мен бесік жырлары туып, оны халқымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған. Солардың бірі – «Қуырмаш». Бұл ойын көбінде жылаған баланың назарын басқа жаққа аудару үшін ойналады. Әуелі баланың бес саусағын ашып, оған «бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп ат қойып, бір-бірлеп жұмғызады да, сонан соң, «сен қойыңа бар, сен қозыңа бар, сен сиырыңа бар, сен жылқыңа бар, сен түйеңе бар, сен, бармақ, қарап отыр, қазан түбін жалап отыр» деп, саусақтарды біртіндеп ашады. Содан соң алақанға қуырмаш айтып барып, қолтықты қытықтайды. Сонда жылаған бала жұбанып, мәз-мәйрам болады да қалады. Бұл ойында балаларды жұбату, қуанту ерекшелігі болудан бөлек тәрбие де бар.
Ал, қазақтың «Санамақ» балалар ойынындағы «Бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу, үш дегенім – үкі, төрт дегенім – төсек, бес дегенім – бесік» деген сөздерді балаларға сан үйретудің тамаша үлгісі десек болады. Бұның өзі қазіргі күн үшін де жарамды әдіс. Балалар ойынын түрге айырып, талдау жасайтын болсақ, «Атаман доп», «Қазан жап», «Ала күшік», «Шәуілдек», «Тепкіш», «Асық» ойындары балаларды дене тәрбиесіне баулиды. «Қазық теру», «Мысық пен тышқан», «Әшекей-шешекей», «Шыт тастау», «Жасырынбақ», «Саусақ табыспақ» ойындары балалардың ой-өрісін кеңейтіп, оларды қағылездікке, сезімталдыққа тәрбиелейді. «Ақ сандық пен көк сандық», «Ақ терек пен көк терек», «Оқтау көтеру» ойындары балаларды күш сынасуға, балуандыққа баулиды. «Қуырмаш», «Санамақ», «Итің қопақ», «Ұштыұшты», «Терме» ойындары балаларды білім алуға жетелейді. Бірақ, бұл ойындарды ата-аналары мен мұғалімдердің бәрі де біле бермейді. Кейбір жас ата-аналар мен жас мұғалімдердің бұдан тіпті хабары жоқ болса керек. Олардың өздері білмеген ойындарды балаларға үйретуі де қиын. Сондықтан, біз көнекөз қариялардан бұл ойындарды егжей-тегжейлі үйреніп, оны өмірде қолдана білуіміз қажет. Әрине, көне сүрлеумен жүре беруге де болмас. Сондықтан, бұрын бар ұлттық ойындарды негізге ала отырып, заман талабына сай жаңа ойындарды жасауымыз керек, әрі солай істеуіміз қажет те. Біз ғылыми ойындарды барынша дәріптеуге тиіспіз. Бұның жас ұрпақты тәрбиелеуде, олардың ақыл-парасатын жетілдіруде аса зор практикалық маңызы бар. Оқу жарысы, жазу жарысы, есеп шығару, ту табу, т.б. ғылыми ойындарды кеңінен таратуға әбден болады. Өйткені, бұлар балалардың оқуға деген ынтасын одан ары арттыра түседі. Оқу сапасын жоғарылатады, әрі сол арқылы зерделі, үздік оқушыларды іріктеп алуға мүмкіндік туғызады. Бұдан бөлек мектептерде «Жаяу жарыс», «Арқан тарту» сияқты ұлттық ойындар да қолданылып келеді. Бұларды да дамыта беру керек. Қазір қазақтың «Алтыбақан», «Сырғанақ», «Асау мәстек» сияқты ойын түрлеріне ұқсап кететін ойындар бар.Осындай ойын орындарын мектептерде ұйымдастыруға әбден болады. Ал, «Шақпа» ойыны балаларға геометриялық сауат берсе, «Итің қопақ» ойыны физикалық күш салыстыруға көмектеседі.
Дәуірге үйлесетін ғылыми-тәрбиелік мәні бар мұндай ойындарды кеңінен қолдануға әбден болады. Бала тәрбиесімен айналысып жүрген мұғалімдер, ағартушылар, ата-аналар мектептегі жалаң оқытумен шектеліп қалмай, сол оқыту ісіне, сондай-ақ ондағы әртүрлі сабақтардың бала бойына сіңуіне көмектесетін балалар ойынына да мән беруі керек. Әдетте балалар ойынқұмар келеді. Ертелі-кеш сабақ арасында, демалыс кезінде балаларға ойын қажет. Оларға ойнамай, күні бойы, кешке дейін тыныш отырып, сабақтан басқаға қарамайсың деу де қате. Ал, ойнағанның жөні осы екен деп балаларды беталды жіберуге болмайды.
Жоспарлы түрде балаларды тәрбиелік мәні бар ойындарға баулу керек. Ол үшін балаларды мазмұны бай, алуан түрлі ойындарға бейімдеуге тура келеді. Ол үшін ең әуелі өзіміздің ұлттық ойындарымызға бет бұрып, осы рухани байлықтан емін-еркін пайдалана білуіміз керек. Біздің ата-бабаларымыз жас ұрпаққа арнап соншалықты тамаша, тартымды ойындар тапқан екен, ендеше, бұл дәуірде бала тәрбиелеумен айналысып отырған біз бұрынғыдан да тартымды ойындар жасауға борышты емеспіз бе? Тіпті, балалар драмасын, балалар комедиясын, балалар ән-жырын, балалар қуыршақ ойынын, балалар әңгімеертегісін, балалар жұмбағын жасауға болады емес пе? Қорыта келгенде, біздің айтпақ болғанымыз, қазақтың ұлттық ойындарын заман талабына сай дамытып, жас ұрпақтың бойына тәрбиелік мәні зор рухани құндылық ретінде сіңіру керек.