Жаңалық

Қазақтың ұлы жырауы Бұқар жыраудың 350 жылдығы ұлықталды

Өткен 2017 жыл мен ағымдағы жыл біздің еліміз үшін ерекше болуда. Мәселен, өткен жылы Қарағанды облысында қазақ халқының ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде атап өтілген болса, осы жылы Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Құрманғазының 200 жылдығы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы секілді еліміздің қалыптасуы мен дамуына еңбегі сіңген тұлғалардың мерейлі жылдары күтілуде.

Елбасы өз сөзінде: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», – деп көрсеткен болатын. Осы орайда еліміздің сан ғасырлық тарих беттерінде есімдері алтын әріптермен жазылып қалған, даналық пен даралыққа толы ғұламалар, ақыл-ой иелері мен дарынды тұлғалардың өмір жолын қазіргі жас буынға насихаттау мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан халқының тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалайтынын жеткізді. Ақын, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтып өткендей, «Сөздің ең ұлысы – тарих».

Бүгінде ел тізгінін қолға ұстап, «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен», дана ой және саналы шешім арқылы жеріміздің көркеюіне, еліміздің дамуына еңселі еңбек сіңірген тұлғалардың есімдері мемлекетіміздің көлемінде ғана емес, әлемдік дәрежеде атап өтілуде.

Осындай елеулі шаралардың бірі де бірегейі – қиын-қыстау заманда Абылай ханның кеңесшісі болған, шебер сөздің атасы Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арналған іс-шараның ұйымдастырылуы болып табылады. 2018 жылғы 18 тамызда өткен аталмыш шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және де Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел ағалары, сондай-ақ, шығармашылық зиялы қауым қатысты.

Елбасының салтанатты шараға қатысушыларға арналған құттықтау хатында Бұқар жырау қиын-қыстау жылдарда өткір жырларымен елді ұйытып, ата мекенімізді жаудан қорғауға шақырған көрнекті тұлға делінген.

1668 жылы дүниеге келген Бұқар жырау Қалқаманұлы қазақ мәдениетінің ең елеулі тұлғаларының бірі болып табылады. Бұқар жыраудың арғы тегі – Арғын. Негізінде, бүгінгі таңда Бұқар жыраудың жастық шағы туралы және өмір жолындағы кейбір кезеңдерге қатысты нақты деректер жоқ. Дегенмен, Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман – өз заманында ат үстінде жүріп, кең байтақ жерімізді жаудан қорғаған және аламан жорықтарға аттанып, қанжығасына олжа байлаған ерлігімен аты шыққан батыр. Жастайынан қайсар мінезімен, шешендігімен және де өткір тілімен көзге түскен Бұқар жырау ХVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы болған.

Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының аумағында жерленген. Бүгінде философиялық-дидактикалық толғау сипатындағы Бұхар жыраудың шығармалары біздің мәдениетіміздің асыл мұрасы болып табылады. Аталмыш шығармалардың көркемдік жағымен қатар құрылымы, мазмұны қазақ халқының ұлттық нақышымен өрнектелген, саф алтындай әдемі, қайсар жүректің жігері мен ерлігін көрсетеді. Бұқар жырау өз шығармашылығында халқымыздың дәстүрлі ауыз әдебиетінің түрлі үлгілерін оңтайлы қолдану арқылы өзінің сөз өнерінің хас шебері екенін айқындады. Жыраудың тұңғыш биографы болған белгілі ғалым, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпеев өз сөзінде: «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен», – деп көрсеткен болатын.

Еліміздің тарих беттерінде есімдері жазылып қалған әр тұлғаның түпкі мақсаты – бірлік пен бейбітшілікке негізделген өмір. Бұқар жыраудың да шығармаларының басым бөлігі – Отанға деген сүйіспеншілік пен халыққа көрсетілетін құрмет болып табылады. Өз шығармаларында Бұқар жырау халықты бірлікте өмір сүруге, туған ел мен жерді сүюге, құрмет көрсетуге және тату болуға шақырады.

Бұқар жырау XVIII ғасырдағы ұлы апат жылдары сан тараулы қиыншылықтар мен сын-тегеуріндерге тап болып, ел тізгініне Абылай хан келген тұста мемлекеттік істерге қайтып келеді. Ханның басты кеңесшісі және де елге сыйлы билердің бірі ретінде Бұқар жырау қазақ халқының басына төнген талай қатерлі кездерде шешуші рөл атқарған.

Бұқар жырау өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу ақылды адам болған және де араб тілінде жазған. Жыраудың шығармашылығынан бізге 1200-ден астам өлең жолдары қалды. Олар XIX-XX ғасыр аралығында ауыздан-ауызға тарау арқылы жинақталған. Бұқар жыраудың шығармашылығынан сол заманға тән кереғарлықтар мен қиыншылықтарды байқауға болады. Тұрақсыз және сенімсіз уақыттың сипатын Бұқар жырау заңды құбылыс ретінде қабылдайды. Ол бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқтығын және адамзат ғана емес, табиғаттың өзі де өзгерістерге тап болатындығын айтады.

Бұқар жырау үш жүздің халқын бір ортада біріктіріп, бірлікті ту еткен мемлекеттің қалыптасуын қалайды. Сондықтан да, Бұқар жырау Абылай ханды осы арманды жүзеге асыра алатын ақыл-ой иесі, көреген көшбасшы ретінде өз іс-әрекеттерімен және толғауларымен қолдайды, хан билігінің дамуы мен нығаюы жолында бірқатар еңбек атқарады.

Және де Бұқар жырау өз шығармашылығында өзекті мәселелерді қозғау арқылы халықты бірлікке, достық пен ерлікке шақырады. Сонымен қатар, кейбір кезде Абылай ханның іс-әрекеттерін қатты сынға алып, көп жағдайда халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп отырған.

Сондай-ақ, Бұқар жырау жоңғарлардың басқыншылығы тұсында еліміздің тағдыры үшін қабырғасы қайысып, көкірегі қарс айырылып, сол қиын-қыстау кезеңнің басты мәселелерін өз жырларында қозғайды. Осындай сынға толы шақтарда Абылай ханға ақыл-кеңес бере отырып, елдің басын біріктіру жолында бар күш-жігері мен қайсар мінезін көрсете білді. Өзінің батырлық пен қайсарлыққа толы отты толғауларымен бұл күрестің жыршысына айналды.

Және де Бұқар жыраудың толғауларында сол заманның шынайы кейпі көрсетілген. Мәселен, жыраудың шығармашылығында тағылымға толы ойлар мен өмір тәжірибесіне сүйенген, өрнекті де өзекті нақыл сөздер баршылық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button