Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақтың қазақтан жиренетіні несі?

Кейде көшеде естисің. Кейде пойызда, кейде басқосуда естисің. Бүгінде не көп, кеңсе көп. Кейде сол үлкенді-кішілі кеңселердің есігін ашқанда естисің.

Естіген сайын, тыңдаған сайын қу көңілің құлазып, желдің өтіне біткен өгейшөптей жербауырлап-ақ қалады.

Бір «ғажабы», мұндай әңгімені бастайтын да – қазақ. Қостайтын да – қазақ. Бәлкім, содан ба екен? Бәлкім?.. Енді өз құлағымызбен естіген осы әңгімелерді әдібін бұзбай алдыңызға тартамыз. Сіз де тыңдаңыз:

– Алло, Салимашка, сенсің бе? Бұл мен ғой, Майра. Как дела? Айтайын дегенім, біздің библиотекада бір орын босап тұр. Соған адам керек. Көмектесіп жібермейсің бе? Салима, Салимашка, бірақ қазақтың керегі жоқ. Өзің білесің ғой Ғалиядан қалай құтылғанымды… Директор болғаныма биылмен алтыншы жыл екен, так что біз де бірдеңе білеміз. Иә, иә… иә, жұмысқа кешігеді. Сонан кейін шұбыртып туады. Сонан кейін декрет дейді, пәлен дейді… Оның үстіне өсек-аяңы болады. Да, да, дұрыс айтасың. Енді сен Таняға или Елизавета Петровнаға айтып көрші. Короче, көндіруге тырыс. Жалақысы да жаман емес, ай сайын премиальный…

– Ал? Ал сонда не айтқың келеді? Ну, қазақпын. Әкем де қазақ, шешем де қазақ. Өзім де қазақпын. Бірақ зачем мне жайбасар қазақ, когда ылдым-жылдым кореец тұрғанда! Когда грузин тұрғанда! Бизнестің не екенін білесің бе өзің?.. Это – темп, это – ақша, валюта! Қазақтарға, то есть өңкей «мамбеттерге» үйретем дегенше шашым да ағарып бітер. И сенің қазағың ешуақытта оны үйрене де алмайды.

– Әлө, Темірғали! Өзіңсің бе? Е-еһе, өзімсініп ызбандап жатқаным ғой. Сені өзімсінбегенде кімді өзімсінем. Жабық дауыс беретін күн де кеп қалды ғой, даусыңды кімге бермек боп жатырсың? Жарқынбекке ме?… Жарқынбекке бүйрегіңнің бұрмайтынын өзім де сезіп ем. Иә, сөйтейік, бірауыздан Егор Исайышқа дауыс берейік. Қанша айтқанмен, ұлы халықтың аты ұлы халық қой. Турашыл келеді. Тамыр-танысына бұрмайды. Әділін айтады. Біреуді артық, біреуді кем көрмейді. Иә, сөйтейік. Өзіңе қараған жігіттерге де ескерте саларсың. Мен де…

Ал түсініп көріңіз? Түсініп байқаңыз? Қазақтың қазақтан ат-тонын ала қашатыны несі? Жиренетіні несі? Жек көретіні несі? Қазақтың неге сонша бір-біріне қаны қатып қалған?..

Екі жүз алпыс жылға созылған империялық идеологияның, отаршыл «тәлім-тәрбиенің» о баста көздегені де дәл осы болатын. Күткені де дәл осы еді.

«Жылап туып, кейіп өлетін» (Абай) әрбір адам баласының кеудесінде өзінің ұлтына деген ұлы сенім, нар қамыстың үпелегіндей тынымсыз діріл қағып тұратын, тірі сөзім жатуы тиіс. Отаршыл идеологияның қаныңды теспей соратын ең сұмдық қылмысының бірі де осы – ұлтыңа деген ұлы сенімді өлтіріп, тірі сезімді тұншықтыру еді. Қалайша? Ең әуелі әлгі ұлтты өткенінен бездір, өткенінен түңілдір. Өткенінен түңілген ұлт өзіне-өзі сенуден қалады. Ертеңіне сенуден қалады. Ертеңің не, бір-біріне сенуден қалады, Қалай?.. Міне былай: «Қазақ қараңғы еді», «Мешеу еді, надан еді». «Сауатсыз еді». «Кір-қожалақ еді». «Мал сияқты жайылып жүрді». «Моншасы болмады». «Мәдениеті болмады». «Мектебі болмады». «Мемлекеті болмады». «Руға бөлінді». «Бет-аузы жара-жара, үсті-басы пәре-пәре». «Егер Ресейге өз еркімен қосылмағанда»… «Егер ұлы орыс халқының соңынан ермегенде»… «Егер Маркс, Энгельс, Ленин, Крупская, Киров, Куйбышев, Шаумян, Орджоникидзе, Хрущев, Брежнев, Терешкова және т. Т. болмағанда, қазақ байғұстың көзі ашылмаған күйі кетер еді» және т.с.с.

Осыдан кейін қазақтың қазаққа қайтіп іші жылиды? Бір-бірінен жерімей, жиіркенбей қайтеді? Қазақтың тірлігі қазаққа қайтіп қана ұнасын?..

Бір ағамыз: «Ойбай, о кезде қазақ оқығандарына орыстан әйел алу, татардан әйел алу мода болатын» дейді. Біздіңше, бұл «мода» емес еді. «Қазақты ұшпаққа шығаратын ұрпақ өрбітейін» де емес еді. Бұл – өз қағынан өзі жеру еді. Жирену еді.

…Үндістің «апаш» деген тайпасынан шыққан бала американ мектебіне бармай ма. Американ мектебінде «апаштар — жабайы тайпа, олар көртышқан сияқты өздеріне жертөле қазып алады…» деп оқытады екен. Қас қылғандай оқытушы да дәл осы тақырыпты әлгі апаштың баласынан сұрайды ғой. Бала жауап бермейді. Бірақ оқытушы да тықақтап қоймайды. Со кезде жаны қысылған жас бала кемсеңдеп тұрып-тұрып: «Апаштар көртышқан емес…»,- деп мөлтілдеп жылап қоя беріпті.

Үндістің сол баласында иман бар. Ал бізде ше?..

Әмірхан МЕҢДЕКЕ,
«Егеменді Қазақстан» газеті, 13 ақпан 1992 жыл

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button