Қазіргі мәдениетаралық коммуникация мәселелерінің өзектілігі қандай?
Мәдениетке қатысты барлық мәселелердің өзектілігі бүгінгі таңда адам нанғысыз өткір сипат алды. Түрлі халықтың мәдениетін зерттеу – мәдениеттану пәнінде басты мәселеге айналды.

Бұдан сәл ғана бұрын бұл мәселеге тарих, философия, филологияның бір бұрышында болмашы ғана орын беріліп еді. Қазір оны Ресей жоғары аттестациялық комиссиясы ғылыми мамандық ретінде айқындап отыр, мәдениеттану пәні бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау үшін мамандандырылған ғылыми кеңестер құрылды; мәдениеттер диалогі мен шиеленістері тақырыптарында мақалалардың көбеюі; мәдениет мәселелерін зерттеушілердің басын біріктіретін қоғамдар мен қауымдастықтардың құрылуы, мәдениет мәселелері бойынша конгрестер мен симпозиумдардың, конференциялар санының күрт артуы; мәдениеттану мен антропологияның барлық гуманитарлық бағыттағы мамандар даярлаудың оқу жоспарына, тіпті орта мектеп бағдарламасына енуі; жоғарыда аталып өткендей, С. Хантингтонның үшінші дүниежүзілік соғыс жайында: «Бұл мәдениеттер мен өркениеттердің соғысы болады» деген белгілі болжамы – мұның бәрі мәдениет мәселелеріне деген ерекше ықыластың көрінісі.
Өкінішке қарай, осындай өзге мәдениетке деген ерекше ықыластың артында өз мәдениетін өзгелердің тәжірибесі мен ерекшеліктері арқылы байыту секілді игі және жасампаз мақсат қана тұрған жоқ, сонымен қатар өзге де көңілсіз әрі алаңдатарлық тәжірибелер де кездеседі. Соңғы жылдардағы әлемдік деңгейдегі әлеуметтік-саяси және экономикалық күйзелістер елдердің көшіп-қонуын, араласуын және шиеленістерін адам айтқысыз күшейтіп жіберді. Бұл, әрине, мәдениеттер қақтығысына әкеп соғары даусыз.
Сөйте тұра, ғылыми-техникалық прогресс және адамзаттың бейбітсүйгіш, саналы бөлігінің күш салуымен, коммуникация бойынша мәдени әріптестерге құрмет, төзімділік, мәдени диалог, өзара түсіністік тиімділігінің басты шарты – қарым-қатынастың барлық жаңа мүмкіндіктері мен түрін, формасын ойлап табуда.
Осының барлығы – көңілге күдік ұялатары да, сенім ұялатары да – мәдениетаралық қарым-қатынас мәселелеріне ерекше назар аудартуға түрткі болды. Дегенмен де, бұл мәңгілік мәселелер адамзатты өте ерте заманнан алаңдата бастаған. Дәлел ретінде бір мақалды еске түсіріп көрелік. Мақал-мәтелдер халық даналығының қаймағы екені тегін емес. Сөйтіп, ол тіл арқылы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен халықтың мәдени тәжірибесіне айналып отыр.
Күні бүгінге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған, әлі де қолданыстан түспеген «В чужой монастырь со своим уставом не ходят» (Бөгденің шіркеуіне өз заңымен бармайды) деген орыс мақалы бар. Оның ағылшын тіліндегі баламасы: When in Rome, do as Romans do (Римге келгенде, римдіктер сияқты бол) сөзбе-сөз болмаса да, сол мағынаны беріп тұр. Яғни екі тілде де халық даналығы қазір мәдениет қақтығысы деген терминмен әдіптелген шиеленістерге жол бермеуге тырысады.
Бұл сөз тіркесі, өкінішке қарай, жоғарыда айтып өткен әлеуметтік-саяси және экономикалық секілді көңіл қынжыларлық себептердің салдарынан «сәнге» айналды. Көптеген босқын, иммигранттар, репатрианттар тіпті «бақуатты экономикалық» жағдайдың өзінде «бөтеннің ережелері» қақтығысынан зардап шегуде.
Мәдениеттер қақтығысы дегеніміз не? Неге мәдениеттер соғысы туралы айтатын болдық?
«Золушка» фильміндегі өмір проблемалары жайлы барлық сауалға «Кел, билейік!» деп жауап беретін би тәлімгері секілді мен де филолог ретінде, яғни «сөзді жақсы көре отырып», жауапты тілден іздеуді ұсынамын.
Әуелі сөз болды, сөз бар, бола бермек, соңында да сөз қалады.
Мәдениеттер қақтығысы терминін түсіну үшін орыстың шетелдік (иностранный) сөзін есіңізге түсіріңіз. Оның ішкі формасы мейлінше айқын: өзге елдерден. Туған, өзге мемлекеттер емес, мәдениет адамдарды біріктіреді және оларды өзгелерден, бөтен мәдениеттен ерекшелеп тұрады. Басқаша айтқанда, төл мәдениет – халықтың ұлттық ерекшелігін қорғаушы қалқан және өзге халықтар мен мәдениеттерден қорғап-қоршап тұратын бітеу дуал.
Сөйтіп, бүкіл әлем адамдарды тілі мен мәдениеті арқылы біріктіріп тұратын «өзі» және тіл мен мәдениеттен жұрдай «өзгелер» деп бөледі. (Алайда әртүрлі әлеуметтік-тарихи себептерге байланысты, ағылшын тілі басты халықаралық қарым-қатынас құралына айналды. Сол себепті де, оны миллиондаған адам пайдаланады әрі бұл тілді ана тілім деп есептемейтіндер ағылшынтілді әлемге аса зор саяси-экономикалық және басқа да үлесін қосты.
Бұл әлемдегі халықтар арасындағы қалқан жойылды: оның мәдениеті ашық көрмеге қойылғандай, өзге адамзат үшін қолжетімді бола түсті. «Менің үйім – менің қамалым» қағидасын жақсы көретін ағылшындардың ұлттық жабық махаббаты үшін – бұл парадокс немесе тағдыр тәлкегі сияқты көрінуі мүмкін. (Олардың ұлттық үйінің есігі бүкіл әлемге ағылшын тілі арқылы ашылды).
Ежелгі гректер мен римдіктер бүкіл әлем халқын және мәдениетін варварлар деп атады – гректің barbarous «жателдік» деген сөзінен шыққан. Бұл сөз – дыбысқа еліктеген және жат тілмен тікелей байланысты: бөтен тілдер құлаққа түсініксіз бар-бар-бар деген дыбыстар секілді естілген (орыстың балаболымен салыстырыңыз).
Ежелгі орыс тілінде барлық шетелдіктерді «неміс» деп атады. ХІІ ғасырдағы орыс мақалы ағылшындарды: Аглинские немцы не корыстные люди, да драться люты (Аглиндік немістер өзімшіл емес, бірақ сұрапыл төбелеседі) деп сипаттайды. Ақырында бұл сөз жателдік терминімен алмастырылды да, неміс сөзінің мағынасы Германиядан келген шетелдіктер мағынасына дейін тарылды. Бір қызығы, неміс сөзінің түбірі – нем, мылқау (немой), яғни – сөйлей алмайтын адам (біздің тілімізді білмейтін адам) сөзінен шыққан. Шетелдіктің анықтамасы негізінде туған тілінде сөйлей алмайтын, нақты бұл жағдайда орыс тілінде сөйлей алмайтын, өзін сөз арқылы түсіндіре алмайтын (варвар сөзімен салыстырыңыз) адам ұғымы жатыр.
Неміс сөзін алмастырған шет елдерден сөзді, тілді білуден (немесе тілді мүлдем білмеуден) шыққан тегіне қарай көбірек акцент қоятын болды: бөтен жерден, өзге елдерден. Осы сөздердің мәні – туған, өз сөздерімен қарама-қарсы қойған кезде айқындала түседі: шетелдік, яғни бөтен, өзге елдерде қабылданған. Осы қарама-қарсылықта өз және бөтен ұғымдарының арасында өзара қақтығыс бар, яғни мәдениеттер қақтығысы, сондықтан шетел немесе шетелдік сөздерімен тіркесетін барлық тіркес осы қақтығысты меңзейді.
Мәдениеттер қақтығысының ең нақты мысалдарын шетелдіктер мен олардың отанында немесе өз елінде қарым-қатынас жасаудан байқауға болады.
Мұндай шиеленістер көптеген күлкілі оқиғаларды, анекдоттар мен күлкілі сюжеттерді («біздікілер шетелде», Ресейдегі шетелдіктер т.с.с.), келеңсіздіктерді, драмалар мен тіпті қайғылы оқиғаларды тудыруда.
Италиялық отбасы чернобыльдік баланы асырап алады. Түн ішінде Римдегі Украина елшілігінде телефон шырылдайды: «Тезірек келіңіздерші, біз оны ұйықтата алмай жатырмыз. Ол айғайлап жылай береді, көршілерді оятты», – дейді телефонның аржағында абыржыған әйел дауысы. Оқиға орнына елшіліктің машинасы аудармашымен келіп жетеді. Оған әбден жылап сілесі қатқан байғұс баланың бар айтқаны: «Менің ұйқым келді. Бірақ олар маған костюм кигізбекші!» болған екен. Бала үшін ұйықтар алдында «шешіну» қажет болған. Оның мәдениетінде жаттығу костюміне ұқсас пижама кию әдеті болмаған.
Латын Америкасында «Мальборо» темекісінің жарнамасы «өтпейді».
Ковбой, атқа мінген адам – тек арзан шылым шегетін кедей халықтың өкілі. Сол себепті де ол сапасыз темекі.
Испаниялық фирма Мексикамен шампан шарабына арналған тығындарды әкеп сату жөнінде келісімшартқа отырады. Бірақ Мексика мәдениетінде қызылқүрең (бордовый) түстің қайғы символы екенін ескермегендіктен, келісім іске аспай қалды.
Қазақ ұшағының Дели әуежайына қону барысында апатқа ұшырауы да мәдениеттер арасындағы қақтығыстан туындаған дейді: үнділік әуедиспетчерлер биіктікті метрмен емес, футпен айтқан. Бұл ағылшын мәдениетінде және ағылшын тілінде солай қабылданған.
1996 жылы Украинаның Умань қаласында хасидилердің дәстүрлі съезі кезінде туындаған жанжал, көшедегі көрерменнің бірінің бетіне хасиди өкілінің баллоннан көзден жас ағызатын газды шашып жіберуінен басталған. Хасидилердің салтында әйелдердің еркекке өте жақын келуіне болмайды. Жанжалға себеп болған украин әйелі еркекке діни салт рұқсат еткен қашықтықтан өте жақын келгенге ұқсайды. Наразылық бірнеше күнге дейін созылды. Қалаға тәртіп енгізу мақсатында келген өзге қалалық тәртіп сақшыларына мәдени қақтығыстың себебі түсіндірілді. Сөйтіп олар да аса сақтықпен қажетті ара қашықтықты сақтауға мәжбүр болды әрі әйелдерге діни жоралар өтіп жатқан аумаққа енуге тыйым салынғандығын түсіндіріп бақты.
Белгілі саяхатшы, антрополог Сол Шульман австралиялық иммигранттар арасындағы мәдениеттер қақтығысын қарапайым ғана мына мысал арқылы жеткізеді: «Грек немесе италиялық отбасы Австралияға келеді. Әкесі, анасы және он жастағы бала. Әкесі бай мемлекетте біраз жұмыс істеп ақша жинап, сосын отанына оралғысы келеді. Біраз жұмыс істеп, 5–6 жыл өткен соң, еліне қайтуға бел буады. «Қай отанға?» – деп таңғалады ұлы, – «Мен – австралиялықпын». Оның тілі, мәдениеті, отаны мұнда, анда емес. Сөйтіп, кейде осындай отбасылық драма шаңырақтың ортасына түсуімен аяқталады. «Әкелер мен балалардың» мәңгілік проблемасының тереңдеуі әрі әртүрлі буын мәдениетінің алыстауы осыдан басталады. Иммигранттардың Австралияны «алтын торға» теңеуі бекер емес.
Индонезия тілінен кәсіби аудармашы, жарты ғасыр бойы КСРО дипломатиясы мен саясатының ең жоғары сапында қызмет істеген И.И.Кашмадзе Индонезияның қылмыстық полиция басшысы біздің елімізге сапарын былай сипаттайды: «Кеш аяқталуға жақын қалғанда, генерал Калинин индонезиялық қонаққа «ағайындық сезімін» білдіру мақсатында оның ернінен сүймекке ұмтылады. Бұл полиция басшысының ерекше таңданысын тудырды».
Ағылшын жазушысы, актер, режиссер, қоғам қайраткері, тегі орыс Питер Устинов Италиядағы ағылшын фильмін түсіру барысында италиялықтар мен ағылшындар арасындағы мәдениет қақтығысын жазады. Онда ағылшындар италиялықтарға өз мәдениеті мен кәсіподақтарының талаптарын тықпалағысы келеді. Мәселе, ағылшын жұмысшыларының кәсіподағы Англиядағы шай ішу дәстүріне орай, жұмысшыларға шайға үзіліске шығуына рұқсат беруінен басталған.
«Сөйтіп, Италияда бұрыннан белгіленген жұмыс уақыты шай ішу үшін үзілді. Ауа температурасы 40 градусты көрсетіп тұр, салқын сусынды қайдан болса да табуға болады. Италиялық жұмысшылар бізге аса таңданыспен қарады. Олардың барлығы белдеріне дейін жалаңаштанып, өздерінің саяси көзқарастарын бастарына коммунистік «Унита» газетінен жасалған ұшқыштың бас киімін кию арқылы көрсетті.
Басында біздің түсіру тобындағы ағылшын жұмысшылары италиялықтарды шайға үзіліс жасауға және оны ішуге мәжбүрлеуді талап етті. Алайда италиялықтарды бұны жасауға ештеңе де мәжбүрлей алмас еді. Ағылшындар оларға талаптарын орындату үшін моральдық қару ойлап таппақ болды. Мен оларға Италияда екенімізді және оларға өз елінде шайды зорлап ішкізудің бос әрекет екенін ескерттім. Британдықтар өз талаптарын орындамауды әділетсіздік деп түсінді, сөйтіп кәдімгідей қатайды. Ақырында, маған олардан делегация келіп, өз талаптарын қойды: олар шай ішуді қоя тұрады, бірақ барлық есептерде олардың шайға үзіліс алғаны жазылуы тиіс. Мәселе айқын, Лондонның суық кабинетінде отырғандар ереженің не үшін бұзылғанын түсінбеуі мүмкін. Еркіндіктің қан тамырларында атеросклероз ойнай бастады: ерекше құқықтың немқұрайды диктаты ережеге сүйенетін диктатқа айналды. Жақсылыққа жанашыр жандар үшін құтылудың жалғыз жолы қалды – бағыну».
Тайландтық студенттер орыс әдебиетінен лекцияға қатысудан бас тартады. «Ол бізге дауыс көтереді», – деп түсіндіреді олар себебін, оқытушының сабақ үйрету барысында қатты, анық әрі нақ сөйлеуін жақтырмай. Бұл орыстың педагогикалық дәстүрі болғанымен, өзге фонетикалық және риторикалық параметрлерге үйреніп қалған тай студенттері үшін оғаш естілген.
Мәдени қақтығыс америкалық бағдарлама бойынша білім алып жатқан орыс студенттері мен АҚШ-тан келген оқытушылар арасында да болды. Бірнеше студенттің емтихан барысында көшіріп отырғанын байқаған америкалық оқытушылар барлық студентті төмен бағалап, «қанағаттандырмады» деген балл қояды. Бұл студенттер үшін моральдық тұрғыдан ауыр соққы болған еді, оның үстіне ресейлік студенттердің қалтасына біраз салмақ түсіріп кетеді. Америкалықтар көшіруге берген және оны көріп отырып, ол туралы оқытушыға ескертпеген студенттерге көшірген студенттерден де қатты ызалы еді. «Ұсталмаған ұры емес» және «сөз тасығанға – жаза» идеяларынан ештеңе өнбеді. Осы жазбаша емтиханды тапсырушылар оны қайтадан тапсыруға және ақшасын төлеуге мәжбүр болды. Ресей студенттерінің басым бөлігі осы жағдайға өкпелеп, бағдарламаны жалғастырудан бас тартты.
1998 жылдың сәуір айында ағылшынның Бат қаласында «Мәдениеттердің өзара ықпалдастығы» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті. Сол симпозиумда немістің бір іскер ханымы Рига қаласындағы орыс серіктестерімен бірге құрған консалтингтік фирманың ыдырауы туралы сәтсіз тәжірибесімен бөлісе келе: «Орыс досым екеуіміз үшін достығымыз бизнестен де жоғары сияқты еді. Бір жылдан кейін біз бәрін жоғалттық», – деді.
Мәдениеттер қақтығысына тән мына афоризмдерді де сол немістің іскер ханымы айтқан еді: 1) «Ресейде бизнеспен айналысу қалың джунглиді биік өкшелі туфли киіп аралағанмен тең»; 2) «Ең бастысы, Ресейді орыс тілінің мұғалімдері жақсы көреді, ал бизнеспен айналысатындар жек көреді».
«Сый, кәде сыйлаудағы» кейбір түсініспеушіліктер көп жағдайда іскерлік және жеке тұлғалардың арасындағы қатынастың бұзылуына алып келеді. Ресейде гүл, кәдесыйлар, қымбат әрі бағалы сыйлықтар сыйлау Батыс елдеріне қарағанда жиі кездеседі. Ал Батыс елдерінен келген қонақтар өздеріне сыйланған бағалы кәдесыйларға кеңпейілділік пен қонақжайлылық деп қарамайды, керісінше ерекшеленудің немесе материалдық әл-ауқатты жасырын білдірудің белгісі, иә болмаса пара беру деп түсінеді. («Мұндай қымбат сыйлық сыйласа, ол соншалықты кедей емес» деген қорытынды шығарады, дегенмен бизнестегі орыс серіктестерінің тұрмыстары олар ойлағандай өте жақсы болмауы да мүмкін: олар өз мәдениетінің сақталуын талап етеді.) Бұл ешқандай бөтен ойы жоқ орыс халқын ренжітуі де мүмкін.
ММУ-дің (Мәскеу мемлекеттік университеті) түлектеріне диплом табыстау рәсімі кезінде Америкадан келген ағылшын тілінің оқытушысына орыстың әйгілі фарфоры мен орыс халқының өнеріне арналған альбомды сыйлайды, ал ол басшылыққа батыстық үлгімен безендірілген үлкен қорапты сыйға тартады. Ол сыйлық сол жерде, сахнада ашылды. Оның ішінде кәдімгі унитаз болды. Мұндай «ерекше» сыйлығы арқылы ол Ресей дәретханаларының жай-күйіне риза еместігін, ұнатпағандығын көрсеткісі келген болар. Бірақ бұл университет иелері үшін мүлдем қолайсыз сыйлық еді. Сол жерде болған адамдардың барлығы аңырап қалды, бұл сыйлық бәріне ерсі көрінген еді. Келесі жаңа оқу жылында бұл оқытушы жұмысқа шақырылмады…
Өзге салаларда, мәселен медицинада мынадай заңдылық бар: бөтен ағзаны емдеуде өзіңнің тәсіліңмен, өзіңнің ұстанған бағытыңмен жүре алмайсың. Өйткені ауырып тұрған жерді емес, науқас адамды емдеу керек, емдеу кезінде емделушінің өзіндік ерекшеліктерін, оның психологиясын, дүниетанымын, өмір сүру салтын, мінез-құлқын ескеруге тиіспіз. Осыдан мың жыл бұрын ғұлама Авиценна (ибн Сина) былай деген екен: «Егер үндіске славянның табиғи жаратылысын беретін болсақ, онда үндіс ауырып немесе көз жұмуы мүмкін. Керісінше, славянға үндістің табиғи жаратылысын берсек не болар еді… Мұндағы «табиғи жаратылыс» ұғымы – ұлттың мәдениеті дегенді аңғартады.
Таяудағы болған мына бір мысалға назар аударайық: атақты орыс актері Евгений Евстигнеевтің жүрегі ауырады. Шетелдік клиникада оған коронография жасаған батыстық дәрігерлер өздерінде қалыптасқан әдетпен әртістің жүрегінің графикалық бейнесінің нәтижесін көрсетеді. Жүрегінің жұмысы туралы толығымен түсіндіреді, сөз соңында: «Көрдіңіз бе, жүрегіңіздің қаншама қантамыры тарылған, сізге шұғыл ота жасау керек», – дейді. Актер бәрін түсіндім дейді. Өкініштісі, ол кісі сол жерде қайтыс болады. Ал біздің дәстүр бойынша, науқас адамға оның ауруы туралы жұмсақтап жеткізу принципі бар, емделушінің өмірін сақтап қалу үшін кейбір жағдайларда ақпаратты жартылай ғана жеткізу немесе науқас адамның туған-туыстарымен сөйлесу әдебі қалыптасқан. Дәрігерлер ұстанатын әрбір дәстүрдің өзіндік артықшылықтарымен қатар, кемшілігі де бар екенін байқаймыз.
Қатты қорыққаннан емделушінің қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін, одан жүрекке жеңіл болмайды. Сондықтан естеріңізде болсын (memento!), мәдениеттегі осындай ерекшеліктерді есте сақтау керек және өзге елде емделу кезінде абай болыңыздар!
Оқырмандарға мәдени қақтығыстар туралы көптеген фактілер келтіруге болады. Өйткені мәдени қақтығыстар мәселесі адамзат баласының өмірі мен оның әрекеттерін толық қамтиды. Өзге ұлттың мәдениетімен, мәселен, шешендік өнер, театр, мерзімді баспасөз, радио, телевидение, көркем әдебиеттерімен танысқанда бір жақтылық сипат көрініс табады. Мәдениетаралық қатынастың түрлері мен формалары қалыптасып, қарқынды түрде дамып келеді (тек интернет жүйесінің өзі неге тұрады!).
Шетелдіктермен тілдік коммуникация кезінде туындайтын тікелей мәдени қақтығыстардан басқа (көркем фильм, кітап және т.б.), жанама мәдени қақтығыс деген түрлері бар. Мәдени қақтығыстың жанама түрінде мәдени кедергілер соншалықты терең түсіндірілмейді және айқын көрінбейді, сондықтан мұндай қақтығыс түрі қауіптірек көрінеді. Шетелдік әдебиеттерді оқи отырып, өзге елдің мәдениетімен танысамыз, танысу барысында мәдени қақтығыстарға тап боламыз. Осындай мәдени қақтығыстар негізінде адам өз мәдениетін тереңірек түсініп, дүниетанымын, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыра бастайды.
Шетелдік әдебиетті оқып қабылдаудағы мәдени қақтығыстың нақты үлгісі ретінде америкалық антрополог Лора Боханнанның Шекспирдің «Гамлет» шығармасын Батыс Африканың тұрғындарына баяндап бергені туралы айтуға болады. Олар бұл сюжетті өз мәдениеті тұрғысынан қабылдайды:
«Клавдий – жақсы азамат, өйткені қайтыс болған ағасының әйеліне үйлену тек мәдениетті адамдардың ғана қолынан келеді, бірақ бұл үрдіс ағасы қайтыс болған соң бір ай өтпей жатып, тез арада іске асуы керек. Гамлеттің әкесінің елесі олардың санасында мүлде қалыптаспады: егер ол қайтыс болса, онда ол қалай сөйлейді, қалай жүреді? Полонийдің образы олардың мәдениеті бойынша мүлде мақұлданбады: ол неге қызының рубасының ұлымен көңілдес болуына қарсы болады? Керісінше, ол – мәртебе емес пе, ең бастысы, көптеген бағалы сыйлықтарға ие болу ғой?! Гамлеттің оны өлтіргені дұрыс болды, өйткені бұл оқиға Батыс Африка тұрғындарының аң аулау мәдениетімен сәйкес келеді: аң аулау кезінде қандай да бір дыбысты естісе, олар «бұл не, егеуқұйрық па?» деп айқайлайды; ал Полоний шыққан дыбысқа ешқандай жауап қайтармады, сол себепті өлтірілді. Бұл Африка орманындағы кез келген аңшыға тән үрдіс: қандай да бір дыбыс естілсе, оған айғайлап үн қатады, егер оның айқайына жауап берілмесе, дауыс шыққан жаққа қарай оқ атып, қауіптің алдын алады».
Қандай да бір саяси режим негізінде тыйым салынған кітаптар (немесе өртелетін кітаптар) идеологиядағы қақтығыстың, сол қоғам мәдениетіндегі сәйкессіздіктердің айқын көрінісі.
Әрине, шетелдік авторларды оқу – өзге шіркеуді бұзып-жарып кіру деген сөз. Бұдан өзге әлемді, өзге мәдениетті өз ұлттық мәдениетіміздің елегінен өткізе отырып бағалаймыз, соған сәйкес мәдени қақтығыстардың орын алып отыруы заңды. Осындай қауіпті жағдаят ғылым мен білімнің алдында өте күрделі әрі құнды міндеттерді алға қояды: біріншіден – түрлі халықтардың рухани және материалдық мәдениетін, олардың шығу негіздері мен қалыптасу тарихын, өзге елдермен қарым-қатынасын зерттеу; екіншіден – өзге мәдениетке сый-құрмет көрсетуге, шыдамдылық танытуға шақыру.
Осы аталған мәселелерді шешуде түрлі конференциялар ұйымдастырылып, кітап, монографиялар жазылып, тіл мен мәдениеттің өзара қатынасына арналған жоғары және орта мектеп бағдарламасының оқу жоспарларына арнайы пәндер енгізіліп жатыр. Шетел тілдерін оқытуда мәдениетаралық коммуникация мәселесін шешу маңызды орын алады.
Дереккөз: «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»