Қазы батыр жерленген жер
Алып күш иесі, ержүрек жауынгер Қазы батыр Абылай хан, Ер Қабанбай, Бұқар жырауларға сенімді серік болып, олармен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы күреске атсалысқан.
1750 жылдары жоңғарлар кезекті рет қазақ жерін жаулауды ойластырып, елді шауып, мал-мүліктің көп бөлігін тонап әкетеді. Жағдайдың күрделілігін ескерген Абылай хан әскери кеңес шақырып, оған даңқты батырлардың түгелі келеді. Кеңесте бар күшті біріктіріп, жауға соққы беру керектігі шешілді. Көп ұзамай біріккен әскер жауды жаншып тастады. Сол ұрыста Қазы батыр өзін жақсы көрсете алды. Өзінің асқан ерлігі, халық үшін жан пида етерлік істері арқасында халық арасында танымал болады.
Қазы батырдың ерлігі мен күші көптеген күресте жеңіске қол жеткізуіне сеп тигізді. Қазіргі Урюпинка ауылы маңындағы қалмақтармен болған шайқасты жеңіп, сол аймаққа қоныстанады. Мекен болар жерін қылышының ұшымен көрсетіп, мұнда «менің қонысым болады» деп айтқан екен. Батыр осы жерде мекендеп, жас жеткіншектерді әскери өнерге баулыған.
Қазы батыр қыс уақытында қайтыс болған, жергілікті игі жақсылар жиналып, күн жылынғасын Түркістанға апарып жерлеуді ұйғарып, Ақкөл-Атбасар тас жолының бойында бұрынғы Дөңгелекқау деген жерге уақытша жерлейді. Бірақ қалмақтармен шапқыншылық күрестің жалғасуына байланысты жерленген жерінде қалады.
Қазы батырдың жерленген жері Ақкөл ауданы, Урюпинка ауылының батысына қарай екі шақырым жерде орналасқан.