Батыс Қазақстан облысы

ҚОЖАНТАЙ ҚАЖЫ МЕШІТІ

Мешіт Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Жалпақтал ауылында орналасқан қасиетті орын. Мешітті 1885 жылы Қазан татары Қожантай қажы салдырған. 1988 жылы күрделі жөндеуден өткен мешіт екі қабатты, екі мұнаралы сәулеттік ескерткіш болып табылады.

Мешіт қызыл кірпіштен қаланған. Күйдірілген кірпіш Ресейдің Саратов облысы Ершов ауданынан 30 нар түйемен тасылыпты. Кірпіш шығаратын зауыт кірпішті тұщы сазды топыраққа жылқының сүті мен қылын илеп, күйдіріп дайындапты. Негізінен мешіт татар жобасы бойынша күмбезсіз салынған. Бірінші қабатында бала оқытатын, дәріс оқитын бөлме болған, дәрет алатын да бөлме осында орналасқан. Мешітте бір мезгілде 400 адам бірдей Аллаға құлшылық ете алады екен. Осында Ғұмар Қараш дәріс берген деген дерек бар. Астыңғы қабаты, яғни жертөлесінен отын жағып жылытылыпты деген деректер бар. Ал отын ретінде Жалпақтал ауылынан 10 шақырым жердегі Ақкөл (Сакрыл) көлінен қамыс әкеліп, пайдаланылған. Ішкі әрлеу жұмыстары сапалы цемент және әк, тағы да басқа сапалы қоспалар қосылып жасалыпты. Мешіттің сыртқы көрінісі әрленбеген, өзінің бұрынғы қаланған табиғи тастары күйінде тұр. Шатырлық ағаш балкалар және едендері қалың емен ағашынан салынған.

1936 жылға дейін мешіттің есігі ашық болған. Кеңес үкіметі орнауына байланысты, қос мұнарасы қиратылып, молдалар қуғындалып жабылып қалады. 1937-1983 жылдар аралығында мешіт ғимараты Жалпақтал аудандық мәдениет үйі болады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941-1945) мешіт астық және азық-түлік өнімдерін сақтайтын қойма ретінде пайдаланылды. 1983-1987 жылдары бос тұрды. Тек 1988 жылы қайта күрделі жөндеуден өтіп, 1995 жылға дейін Жалпақтал аудандық тарихи-өлкетану музейі болып жұмыс істеді.

1995 жылы Жалпақтал аудандық әкімшілігінің № 95 қаулысымен аудандық мұсылмандар мешіті болып қайта құрылды.

 Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/kz/attraction/view?id=34

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button