«Қонаев Академиялық қалашығын» салу бойынша меморандумға қол қойылды
Қонаев қаласында Алматы облысының әкімдігі, ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, «Qonayev Academic Campus» Fund» КЕҰ «Өзара ынтымақтастық туралы» үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ruh.kz.
Аталған құжатқа Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек және Қордың директоры Жанат Рахмани қол қойды.
Бұл уағдаластыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қонаев академиялық қалашығын» салу жөніндегі берген тапсырмасын орындау мақсатында қол жеткізіліп отыр.
Келісім шеңберінде Қалашық аумағына 2023-2024 жылдарда толық инфрақұрылым жүргізу, халықаралық ұйымдар мен инвестициялық қорлардан қаржылар тарту арқылы 2024-2027 жылдар аралығында еліміздің төрт университетін көшіру (1-кезеңде) және шетелдік төрт университетті ашу (2-кезеңде), ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, жатақханалар мен қонақ-үйлер салынатын болады.
Айта кетсек, қалашыққа 100 га жуық жер телімі беріліп, Қонаев қаласының Бас жоспарына енгізілген.