Қонаев қаласында «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген маңызды саяси бастамалары Қонаев қаласының эксперттерінің арасында талқыланды.
Қазақстандық қоғамдық даму институты өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен «Sarap» эксперттік клубының кезекті аймақтық отырысы әлеуметтік-экономикалық даму бастамаларына арналды.
Спикерлер Президент Жолдауының әлеуметтік-экономикалық блогын талқылады. Президент бастамашылық еткен саяси процестер қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, алдағы президенттік және парламенттік сайлауды өткізу туралы шешімін дұрыс әрі қисынды деп бағалады. Сондай-ақ, алдағы сайлауға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елдос Жұмағұловтың модераторлығымен өтті.
«Тәуелсіздіктің қырқыншы онжылдығына аяқ басқан елімізді саяси жетілген, экономикалық қуатты, әлеуметтік тұрақты бейнеде көргіміз келеді. Ол үшін бізге не керек? Демократияны дамытып, экономиканы әртараптандырып, әлеуметтік әділеттілікке жағдай жасауымыз қажет. Реформа әшейін реформа үшін емес, халықтың мүддесіне жұмыс істейтін мемлекетті қалыптастыруға бағыттау керек. Қазіргі реформалардың негізгі мақсаты осы деп ойлаймын», – деді Елдос Жұмағұлов.
Модератор келесі сөз тізгінің Алматы облысы Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат аппараты басшысы Серік Нұрқадіровке ұсынды.
«Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша жүзеге асырылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты да өз маңызын жоғалтпайды. Біз қоғамды бөлудің орнына елді игі іске жұмылдыру туралы ойлануымыз керек. Бұл Әділетті Қазақстан идеясының мәні. Мемлекет басшысының реформалары – болашақ ұрпақ үшін үлкен өмірге аяқ басудың зор мүмкіндігі», – деп қорытындылады спикер.
ҚҚДИ сарапшысы Серікқазы Какыбаланов кезектен тыс сайлау тақырыбына тоқталды:
«Мерзімінен бұрын сайлау қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Неліктен сайлауды жеделдету керек? Ол сыртқы геосаяси және ішкі факторлар. Алдыңғысы туралы айтсақ, ол жан-жағымыздағы көрші елдерде болып жатқан тұрақсыздық пен дағдарыстар. Ал, ішкі мәселеде даулы тұстар көптеу. Оны шешудің оңтайлы тұсы, өткен референдум негізінде іске асатын өзгерістерді тездетіп жүзеге асыру. Сондықтан да, әлемдік дағдарыстар одан ары өршімей тұрғанда ертерек сайлау өткізу өзінің оң нәтижесін бермек. Елдегі өзгерістер жақсы жаққа қарай бет бұрған кезеңде Әділетті Қазақстанды құру өз қолымызда екенін ұмытпайық. Ол үшін ішкі және әсіресе, сыртқы халықаралық жағдайларды елеп-ескере отырып, алдағы болатын сайлауға қатысу арқылы белсенділік танытуымыз қажет».
Естеріңізге сала кетейік, шара ұйымдастырушысы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.