Қызылорда облысы

ҚОРҚЫТ АТА ЕСКЕРТКІШ КЕШЕНІ (стела, амфитеатр, қылует, қошқар тас, музей), 1980 ж.

сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Қорқыт Ата ескерткіш кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде, Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Қорқыт Ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Кешеннің құрылысы 1980 жылы басталды. Авторлары – Б.Ә.Ибраев, С.И.Исатаев.

Стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт Ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін бейнелейтін «Түйе табан» өрнегімен безендірілген.

Қошқар мүсіні – ұзындығы – 165,5 см, ені – 85 см, биіктігі – 120 см. Қордай гранитінен қашалған мүсін – биіктігі 220 см бес деңгейлі тұғырға қойылған. Тұғырдың мүсін қойылған алаңқайының көлемі – 200х90 см. Қошқар ежелгі арии мен қазақ мифологиясында көктәңірінің олжасы мен теріс күштерден қорғаушы символы болып табылады. Сондықтан мүсін қошқар бейнесі мен сақ грифінің – гриф басы, арқасындағы қанаты, аяғы сфинске ұқсас жиынтығы күрделі сипаттамадан тұрады.

Қылует – оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйі. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Намаз оқитын бөлмеге баспалдақ арқылы түседі.

Амфитеатр – түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арнап көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендер орындары тұйық шеңберленіп келеді де, сатылай көтеріле береді. Амфитеатрдың өлшемдері: 536 м2, астыңғы диаметрі: 6 метр, үстіңгі диаметрі: 25 метр.

Мұражай – 3 экспозициялық залдан тұрады. Онда Қорқыт ата дәуірінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлер қамтылған. Мұражай қорында 700-ге жуық экспонат сақтаулы.

Стела, қылует, амфитеатр орналасқан биіктетілген алаңқай гранитпен жапсырылған биік бетон қабырғамен қоршалған.

Қорқыт ата – (шамамен VII-VIII ғғ.) – түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, күйші әрі қобызшы болған тұлға. Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткен. Олардың бірі – ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер болса, екіншісі – тарихи шежірелер, үшіншісі – Қорқыт ата кітабы.

Қорқыт ата – Оғыз заманында өмір сүрген дана тұлғалардың бірі әрі аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені белгілі. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар.

Кешен түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button