«Қос бейіт» кесенесі
«Қос бейіт» кесенесі Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Терісаққан ауылы маңында орналасқан.
«Қос бейіт» – жазық далада алыстан көрінетін қос төбеден пайда болған атау. Кесене маңайын өз заманында көпшілікке әмірі жүріп тұрған бай адам жайлайтын болған екен. Байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткен қызы болған деседі. Байдың мыңғырған жылқысын барымташыларға бермей, ит-құсқа, қасқырға жем қылмай бағып жүрген бір мықты жігіт болыпты. Сол жігіт байдың жан дегенде жалғыз қызына ғашық болады, қыз да жігітті ұнатып қалады. Жігіт араға жеңгелерін салып, қызбен кездесіп сөз байласады. Бұл хабар қыз әкесіне де жетеді. Өз есігінде жалданып жүрген кедей жігітке қыз беруді өзіне ар санаған бай қолшоқпарларына бұйырып, жылқышы жігітті өлесі қылдырып соққыға жығады. Жігіт жақын бір жамағайынның үйінде төсек тартып жатып, қызды алып қашуды мақсат қылады. Ақыры соққыдан жазылып, есін жиған жігіт ат баптап, уәделескен уақытта бай қызын алып қашады. Сөйтсе, бай жігітті аңдытып қойған екен, сақ отырған бір топ адам екі жасты қуғындап береді. Қашқындарды ұстауға айналады. Бұл көктемгі кар суы еріп, Терісаққан өзенінің тасып жатқан уақыты екен. Қуғыншылар ұстауға таяп қалған соң, екі жас амалсыздан аттарымен буырқана тулаған өзенге қойып кетсе керек. Арындаған ағын қос ғашықты ағызып ала жөнеледі. Қатты ызаға бой алдырған әкесі қызының ажал тырнағына ілінерін біліп, екі жасты кұтқаруға тырысады. Жалғыз қызынан айырылған бай өзінің тым қатты кеткеніне өкініп, тірісінде қосылмаған екі жасты өзен жағасында жер қойнына қатар жерлейді.