Қостанай облысында ағымдағы жылы «Татыр шайқасы» киелі жері қалпына келтіріледі
Жангелдин ауданының мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылым өкілдері, шығармашылық зиялы-қауымы және жастардың қатысуымен болған жиналыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2017 жылы атқарылған іс-шаралар қортындысы және 2018 жылға арналған тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөнінде біршама іс-шаралар қарастырылды.
Жиналысқа қатысушылар халықаралық туризмді дамыту, әлеуметтік жобалардың іске асуы, тарихи орындардың қорғалуы және сақталуы жөнінде сөз етті.
«Біздің ауданымызда біршама тарихи-мәдени мұралар қоры сақталған, оны әрі қарай қорғап келешек ұрпаққа жеткізу бізге аманат. Бәріміз, мемлекет, қоғам және жеке құрылым болып, бір кісідей бірігіп, жұмыс жасасақ, мәдени-тарихи орындарымызды қалпына келтіріп, Қазақстанның ілгерілеуіне үлес қосатын боламыз», – деді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Биылғы жылы қоғам және мемлекет қайраткерінің 145 жылдығына орай «Атамекен» кішібағдарламасының аясындағы «Көркейе бер, Қостанай!» кішіжобасының шеңберінде ауданның меценаттарын тарту арқылы «Ұлы қазақ ағартушысы А.Байтұрсыновтың үйін қалпына келтіру» әлеуметтік жобасы қолға алынды.
Айта кетейік, бүгінде Жангелдин ауданының Қарасу ауылында А.Байтұрсынов дүниеге келген үй бар. Сол жерде Байтұрсыновтың туыстары жерленген, сол беткейге қарама-қарсы ақынның жары Бәдрисафаға арналған мемориалдық ескерткіш тұр, алайда нақты қай жерге жерленгені әлі күнге дейін белгісіз.
2017 жылғы «Тобыл-Торғай мұрасы» жобасының шеңберінде, облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша құрамы ғалымдардан, жастардан, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұратын экспедиция А.Байтұрсыновтың туған жеріне және жары Бәдрисафаның соңғы тұрағы болған өлкеге келген болатын.
Қарасу ауылы мен Ақкөл ауылының арасында А.Байтұрсыновтың туыстары, атап айтсақ, әкесі Байтұрсын және бауырлары Қали мен Мәшен жерленген. Одан сәл әрірек А.Байтұрсынов дүниеге келген үйге ұқсайтын үй орналасқан. Ұқсайтын себебі, ұлы ағартушының өмір сүрген заманынан бері қарсақ, ол үйдің тек сұлбасы ғана қалған. Алғашқы үй ертеректе бұзылып, оның орны ғана қалған. Сол орнында тым болмаса естелік болып қалсын деп жергілікті халықтың қолдауымен ұқсас сұлба жасалған.
«Елде А.Байтұрсынұлын білмейтін адам кемде-кем. Біздің үмітіміз Қазақстанның киелі жерлерін білу жұмыстарының аясында А.Байтұрсынұлының үйі де жөнделіп,қалпына келтіріледі деген ойдамыз. Бұл болашақ ұрпақ үшін керек. А.Байтұрсынұлы туралы естеліктер ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы қажет. Оның басына түскен, тек қана оның ғана емес бүкіл қазақ зиялысының басына төнген зобалаңды енді ұрпағымызға көрсете көрмесін. Бірақ сол жасындай жарқ еткен азғантай ғұмырында ол халқы үшін орасан зор еңбек жасап кетті», – деді А.Байтұрсыновтың тікелей ұрпағы Қарасу ауылының тумасы Әбсалық Жақсымбеков.
Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында тағы да бір киелі де қасиетті орын «Татыр шайқасы» ескерткішін жаңатру және ескерткіш маңын абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ,осы іс-шаралар арқылы өлкенің тарихи –мәдени мұралары келер ұрпаққа жетеді.