Мақала

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке сұрақ

Тобыл-Торғай өңірі әлмисақтан өзінің сөз бастаған шешендерімен, қол бастаған көсемдерімен, ұлтқа ұйытқы болған бірегей тұлғаларымен, баһадүр батырларымен мәшһүр. Шақшақ Жәнібек тархан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Аманкелді Иманов, Әліби Жангелдин, Кейкі Көкембайұлы, сахна саңлақтары Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дәрігер Мұхамеджан Қарабаев, тұңғыш журналистер Нәзипа Құлжанова, Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, тағы басқалары тек Қостанай өңірінен ғана емес, жалпы ел тарихынан ойып тұрып орын алған көрнекті тұлғалар.

 

Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстың тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы былайша ой өрбітеді.

 

Ruh.kz: Архимед Бегежанұлы, қайырлы күн!

 

Архимед Бегежанұлы: Қайырлы күн!

 

 

Ruh.kz:  Сіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

 

Архимед Бегежанұлы: Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің әрбір азаматына бағытталған. Онда біздің мемлекетіміздің табысты және бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамуы көрініс табады. Бұл ретте жастарға ерекше көңіл бөлінген. Өйткені өскелең ұрпаққа бағдарламада қойылған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру міндеті тұр.

 

Жаңа формациядағы адамның ажырамас бөлігі ретінде сананы жаңғырту үлкен маңызға ие. Бұл барлық жаңалықтарға ілесе отырып, адамзаттың үздік тәжірибесін зерделеуді көздейді. Сонымен қатар, өмір бойы өз бетінше білім алуға, ізденуге баса назар аударғаны маңызды.

 

Қазіргі қазақстандықтардың жас буыны қазақ тілінен ағылшын тіліне, ал ағылшын тілінен орыс тіліне оңай ауысуға тиіс. Үш тілділік бүгінгі күні біздің өмірдің шынайы құбылысына айналды. Жастар сапалы білім алып, оларды өмірлік тәжірибеде пайдалана алуы тиіс. Түлектер қолына диплом алып қана қоймай, сараптамалық ойлау қабілетіне, кең ой-өрісіне және адамгершілік қасиеттеріне ие болады. Осындай қабілеті бар жастар ересек өмірге сеніммен қадам басады.

 

Сонымен қатар, дамудың қазақстандық жолы тек экономикалық және зияткерлік әлеуетті ұлғайтуды ғана көздемейді. Өткенсіз болашақ жоқ екені белгілі. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, фольклор мен ана тілін сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Абай Құнанбайұлының даналығы, Құрманғазы Сағырбайұлының музыкалық мұрасы, Әбілхан Қастеевтің көркем пейзаждары. Мәдениетіміздің осы бір озық үлгілерінде халқымыздың болмысы сақталған. Халық ертегілерінде: қонақжайлылық, парасаттылық, ерік-жігер және табандылық сияқты адами қасиеттер туралы айтылады. Бұл біздің ортақ құндылықтарымыз – миллиондаған қазақстандықтарды біріктіретін рухани діңгек.

 

Туған жерге деген махаббат кішкентай қадамдардан басталады. Біздің әрқайсымыз «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыра аламыз. Мысалы: экологиялық акцияға қатысу, музейге бару немесе халық аспаптарының концертіне қатысу, аға ұрпаққа құрмет көрсету. Осындай көп мысалдар келтіруге болады. Ең бастысы – өзіңнен бастау.

 

Бүгінгі күні елімізде педагогикаға үлкен мән беріледі, оның негізгі мақсаты –бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу. Біздің облыста оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Тек соңғы екі жылда өңірдің білім беру мекемелерінде 92 IT-сынып пен робототехника кабинеті орнатылған.

 

Дарынды жастарды робототехника және мегатроника саласына тарту мақсатымен А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жанынан аймақтық SMART-орталығы ашылды. Оның базасында Студенттік стартаптар мен ғылыми идеяларды іске асыруға арналған бастапқы алаңдар – Co-working, IT-skills (робототехника, 3D-модельдеу), Cyber club және Agro skills кеңселері жұмыс істейді.

 

Сонымен қатар, патриотизмді қалыптастыру жолында мектеп мұражайларының атқарып отырған жұмысы зор. Бүгінгі күні облыста олардың саны 164-ке жетіп отыр. Тарихты оқытудың көрнекі-практикалық әдістері белсенді енгізілуде. Мысалы: Қарасу ауданында мұражай педагогикасы пәні енгізілген, Сарыкөл ауданында мектеп этнолагерінің қызметі ұйымдастырылған.

 

 

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында Қостанай облысының қосқан үлес салмағы қандай?

 

Архимед Бегежанұлы:  Қазіргі таңда Қостанай облысының аумағында 1141 тарих және мәдениет ескерткіші бар, оның ішінде бесеуі республикалық маңызға ие.

 

Облыстың ғылыми қоғамдастығы өңірдің тарихи-мәдени мұраларын зерттеуге белсене қатысады. 2017 жылы қостанайлық ғалымдар музей қызметкерлерімен бірлесіп, Әулиекөл ауданының аумағындағы неолит-ерте темір ғасыры дәуіріндегі Белқарағай қонысын зерттеу бойынша археологиялық экспедиция жүргізді. 2018-2019 жылдардағы далалық маусымдарда Бейімбет Майлин ауданындағы қола дәуірінен қалған Қаратомар қорымына далалық археологиялық зерттеу жүргізілді. Осы зерттеулердің нәтижелері археологиялық заттарды камералық өңдеуден кейін ғылыми айналымға енгізіледі, қазба барысында табылған артефактілер Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды.

 

2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ археологиялық зертханасымен бірлесіп, Торғай өңірінің бірегей геоглифтеріне экспедиция ұйымдастырды. Зерттеу нәтижесінде 69 геоглифтің ғылыми сипаттамасы мен орналасу сызбасы құрастырылып, «Торғайдың ғұрыптық геометриялық кешендері (геоглифтері)» атты суретті ғылыми-көпшілік кітабы шығарылды.

 

Өңірдегі киелі нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Облыста жалпы 10 жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар 19 нысан болатын, 2019 жылы киелі орындар тізіміне жергілікті маңызы бар тағы 9 нысан қосылды.

 

Былтырға дейін 547 археологиялық ескерткіштің орны анықталып, зерттелді және жүйеге келтірілді. Жұмыстардың нәтижесінде барлық нысандар жергілікті маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілді.

 

Қостанай облысының танымал тумаларының есімдерін қастерлеуге келетін болсақ, бұл жұмыс 2017 жылы Амангелді ауданында Кейкі батырдың сүйегін жерлеп, кесене көтеру, Қостанай ауданындағы Ыбырай Алтынсарин кесенесін қайта жаңғырту және Қостанай қаласында Шақшақ Жәнібек ескерткішін ашудан басталған болатын.

 

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, 2019 жылы облыс орталығында атақты тракторшы, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның мүсіні, ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушы Хакімжан Наурызбаевтың ескерткіші, Сарыкөл ауданында 18 ғасырда өмір сүрген Меңдеке батырдың ескерткіші орнатылды.

 

Киелі нысандарды ақпараттық қолдау жұмыстары жалғастырылып жатыр. 2018 жылы «Қостанай облысының киелі орындары» бейнефильмі түсіріліп, Youtube арнасына орналастырылды. Өңірдегі киелі нысандар туралы ақпараттық бүктемелер, жол көрсеткіштер, суретті альбомдар үш тілде басып шығарылды.

 

Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды кеңейту мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде киелі нысандардың макеттері орналасқан жаңа «Рухани жаңғыру» экспозициялық залы ашылды. 2019 жылы барлық киелі нысандар бойынша сфералық көрініс, мәтін, аудио ақпараттар берілетін виртуалды 3D саяхат дайындалды.

 

 

Ruh.kz: Өңірдегі заманауи мәдениеттің дамуы жастардың рухани қалыптасуына қалай әсер етті?

 

Архимед Бегежанұлы: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

 

Арнайы жобаның мақсаты – Қазақстан халқына өзі туралы бүкіл әлемдік кеңістікте мәлімдеу және заманауи қазақстандық мәдениетті таныту. Соңғы екі-үш жыл аясында облыстағы мәдениет ұйымдары Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Мысыр, Италия тәрізді алыс және жақын шетелдерге гастрольдік сапарлар ұйымдастырды.

 

2018 жылдың маусым айында Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Ақжелең» фольклорлық ансамблі Египеттегі мұсылман халықтарының халықаралық фестиваліне қатысты. Іс-шара кезінде қостанайлық әртістер Каир мен Даманхурдың опера театрларында өнер көрсетті. Концерттер тікелей эфирде Египет теледидарында көрсетіліп, бірнеше рет қайталанды.

 

Биылғы жылы маусым айында І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры Өзбекстанға барды. Гастрольдік сапар аясында Ташкент қаласындағы Хамза атындағы өзбек ұлттық академиялық драма театрында «Хан Кене», «Мұңмен алысқан адам», «Әнім сен едің» сияқты спектакльдер көрермен назарына ұсынылды.

 

2019 жылдың шілде айында І. Омаров атындағы театр Моңғолияда болып, Баян-Өлгийдің Құрманхан атындағы музыкалық-академиялық театр сахнасында «Ботақара-Шешенбике» тарихи драмасының премьерасын өткізді. Басты кейіпкерлерді сомдаған әртістер Моңғолия Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.

 

Сондай-ақ, 2019 жылдың шілде айында Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Ақжелең» фольклорлық музыка ансамблі мен «Костанайские зори» би ансамблі Сардинияда өткен (Италия) «Паранзас Этноданза» халықаралық фольклорлық би және музыка фестиваліне қатысты.

 

Жалпы алғанда, жыл бойына біздің талантты жастарымыз, шығармашылық ұжымдарымыз халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерден 77 жүлдені қанжығалап қайтты. Олардың басым бөлігі Бас жүлде мен I орын екенін ерекше мақтанышпен айтуға болады.

 

Ruh.kz: Қандай ұлт болсын өзінің ұлы тұлғаларын ешқашан ұмытпаған. Өңірдің мақтан етер батырлары мен олардың ізбасарлары туралы пікіріңізді білсек…

 

Архимед Бегежанұлы: Қостанай топырағы – қазақ халқының көптеген даңқты ұлдарының кіндік қаны тамған қасиетті жер. Мұнда небір баһадүр батырлар мен адал билер, алқалы топта сөз бастаған шешендер өмір сүрген.

 

Халқымыздың тарихында даңқты қолбасшы, ержүрек батыр, жоңғар шапқыншылығының қаһарманы Шақшақ Жәнібек Қошқарұлының орны бөлек.

 

Барақ батыр Қарабалуанұлы Емельян Пугачев жетекшілік еткен шаруалар көтерілісіне қатысып, одан кейін Сырым Датұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыста жанқиярлықпен шайқасқан ерен тұлға.

 

Біздің өлкеміздің мақтанышы – Абылай ханның кеңесшісі болған Тәтіқара жырау жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының жорығына Олжабай және Бөгенбай батырмен бірнеше рет қатысты.

 

Шоқай Балқанұлы, Наурызбай Қазбайұлы, Балғожа би (Ы. Алтынсариннің атасы), Шеген би, Қанжығалы Асаубай, Шаңқы-шешен, Сералы-ақын және Өске Торқаұлының өсиет сөздерін жергілікті халық жадында мәңгі ұстайды.

 

Біздің жерлестеріміз: ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин қазақ білімі, ғылымының бастауында тұр.

 

Көрнекті қоғам қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров ұлт үшін күрескен Алаш арыстары.

 

Біздің жерлестеріміз – республиканың танымал ғалымдары, академиктер: Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаев, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Жұмағали Ысмағұловтардың есімдері дүниежүзіне танымал.

 

Қазақстанның алғашқы мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев, хор өнерінің алғашқы ұйымдастырушысы Бақытжан Байқадамов, алғашқы кәсіби дәрігерлердің бірі Мұхамеджан Қарабаев – бәрі біздің облысымыздың тумалары.

 

Ұлы Отан соғысы кезінде Қостанай жерінен шыққан батырлардың өшпес ерліктері ризашылық ұрпақтарының мәңгі мақтанышына айналады. Қостанайлықтар екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары Иван Павлов пен Леонид Беда, Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов сияқты ұлдарын мақтан тұтады.

 

Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, қуатты «Кировец» тракторын меңгерген алғашқы әйелдердің бірі Кәмшат Дөненбаеваның есімі бүкіл елге танымал. Осындай даңқты батырлардың ізін кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Бүгінгідей бейбіт заманда батыр дегеніміз – ел даңқын асырған еңбек ерлері, саңлақ спортшыларымыз, әлемдік сахнаны бағындырған кәсіби өнер шеберлері мен қарапайым, ержүрек адамдар.

 

Республиканы экономикалық дамытудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына «Қарқын» ЖШС басшысы Сайран Бұқанов, «Заречное» ЖШС директоры Валентин Двуреченский, «Алтынсарин» ЖШС директоры Борис Князев, «Қарасу-Астық» ЖШС бас директоры Алмат Тұрсынов ие болды.

 

Біздің спортшылар: Нұрбол Жұмасқалиев, Тамерлан Шадукаев, Денис Кузин, Иван Дычко, Александр Колядин, Анастасия Крестова және тағы басқалардың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Қостанай облысы Федоров ауданының тумасы, Бразилиядағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Германияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Василий Левит ел тарихындағы бокс бойынша Азияның үш дүркін чемпионы.

 

Біздің облыстың қатардағы тұрғындарының ерлік көріністерінің көптеген мысалдары бар. Атап айтқанда:

 

Иманбаев Мақсұт – 2015 жылғы қарашада Жітіқара қаласында өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан өртке қарсы қызмет капитаны,

 

Дмитрий Герасимов – балалар дәрігері, 2019 жылы қаңтарда дүниеден озған, мыңдаған баланың жанына араша тұрған абзал жан, оның құрметіне Қостанай қаласының көшелерінің бірі аталды,

 

2017 жылы өзенде батып бара жатқан қызды құтқарған Нұрбол Самкен, өзін мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арнаған. Өзі де бала кезінен осы санаттағы Александр Колесниченко. Және мұндай мысалдар көп.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың табысы еліміздің әрбір азаматына тікелей байланысты екенін атап өткім келеді. Адамдардың қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамайтындығы, туған жеріне деген махаббаты әр түрлі жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Тек бірлік қана бізді ортақ мақсатқа – Қазақстанның өркендеуіне жетелейді.

 

2020 жыл еріктілер жылы деп жарияланды. Қайырымдылық және өзара көмек дәстүрлері, мейірімділік қасиеттер біздің халқымыздың жүрегінде бұрыннан бар. Мен Қостанай облысының тұрғындары ортақ іске өз үлесін қосып, ел өміріне белсенді қатысады деп сенемін.

 

P.S: Сұқбат Қостанай облысы ішкі саясат басқармасының көмегімен дайындалды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button