Жаңалық

Қостанайда Ыбырай Алтынсарин кесенесі ашылды

Қостанай ауданында ұстаздар күніне орай жаңартылған Ы. Алтынсарин кесенесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, еңбек ардагерлері қатысты.

Алдымен, ұлы ұстаздың рухына құран бағышталды.  Облыс əкімі ұлы ағартушы кесенесінің жаңартылуына 81 млн теңге көлемінде қаржы бөлінгенін айтты. “Жақында Кейкі батыр, Шақшақ Жəнібек кесенелерін аштық. Ал Ыбырай Алтынсарин кесенесінің ашылуы – биылғы жылы жүргізіліп жатқан рухани шаралардың бір парасы. Бұл қаражатқа кесенені жөндеу және сол аймақты абаттандыру қарастырылған. Келешекте кесене маңайында жаңа саябақ пайда болады. Кесененің мердігері Маңғыстау реставрациялық компаниясына алғыс айтамын”,- деді Архимед Мұхамбетов.

Мұнан соң мектеп оқушылары Ы.Алтынсарин өлеңдерін жатқа оқыды. “Шын мәнінде ұлы істің куəсі болып отырмыз. Ыбырай бабамыз қазақ білім-ғылымының дамуына зор үлес қосты. Оған деген құрметіміз шексіз. Биыл расында да тарихқа тағзым ету жылы болып тұр. Мавзолейдің жаңа кейіпке енуі соны бір дəлелі”, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Үкіұлы.

Шаралар легі Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармониядағы «Туған жер – Туған ел”: білім беру жүйесін дамыту басымдылығы» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференциямен жалғасады.

Жиынға облыстық мәслихаттың, әкімдіктің, «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар, облыстың жоғары оқу орындарының ректорлары, педагогикалық қоғам қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Тобыл» мейрамханасында облыс әкімінің педагогтармен кездесуі өтеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button