Қостанайда «Ұлы дала әміршілері» көрмесі ашылды
2023 жылдың 10 наурызында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорынан «Ұлы дала әміршілері» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Еліміздің басты мәдени құндылығына айналған, бірегей байлығымыз «Алтын адам» ескерткіші ең алғаш Есік обасынан табылды. «Алтын киімді жауынгерді» белгілі археолог Кемел Ақышев 1969-1970 жылдары тапқан.
Бұл баға жетпес құнды жәдігер Наурыз мерекесі қарсаңында қаламызға жасалған ерекше тарту. Аталмыш көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорынан жүзге жуық жәдігерлер ұсынылды. Көрермендер «Алтын адамның» реконструкцияланған киімі мен қару жарағын, Аралтөбе обасынан табылған Сармат көсемінің реконструкциясын, сондай-ақ Тақсай-1, 6-қорғанынан табылған археологиялық бірегей олжаларды тамашалады.
Көрмеге Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, ҚР Ұлттық музейінің қор жұмыстары жөніндегі директордың орынбасары Абай Сатубалдин, тарихшылар мен өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.