«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балет-эпосы сахналанбақ
2-3 шілдеде «Астана Балет» театрының сахнасында биылғы маусымның басты премьерасы – РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» (Махаббат туралы дастан) балеті көрсетіледі.
Қос ғашықтың ауыр тағдыры жайлы хореографиялық интерпретация қазақтың лиро-эпостық поэмасының желісімен қойылған. Либретто авторлары Георгий Ковтун мен Сәкен Нөгербек. Ұлттық биді классикалық балет пен заманауи техникамен үйлестіре білген балетмейстер ұлттық бояуы қанық, хореографиялық өрнекке бай туынды шығарған.
«Мен классикалық стильді ұстанамын. Бірақ, спектакль қойғанда хореографиялық өнердің барлық түрлерін қолданамын. Яғни, бұл клссикалық би, халық хореографиясы, акробатика, модерн болуы мүмкін. Спектакль мозайка іспетті. Мен – өзіме қажет бояуды қолданамын. Мысалы, бұл базар сахнасы болса, онда мен қазақ халық хореографиясын қолданамын. Егер тылсым күш, ғажайыптар сахнасы болса, гротеск пен акробатиканы қолданамын. Егер құстарды бейнелесем, бұл романтикалық, жеңіл, әсем, әуезді дүние болуы тиіс», – деген ойымен бөлісті қоюшы-хореограф Георгий Ковтун.
Романтикалық эпостардың жауһары саналатын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында – қос ғашықтың тағдыр талайы суреттеліп, алдарынан кездескен түрлі кедергілер баяндалатын оқиға нағыз аңызға айналды. Жырдағы кейіпкерлердің бейнесі, қос ғашық арасындағы сезімнің пайда болып, қасіретпен аяқталуы, өзге де оқиғалар тізбегі әдеби өрнегі толысқан, тұтас дүние. Сюжет желісі махаббатты әспеттеп, кейіпкерлердің іс-әрекеті осы ұлы сезімге бағынып, оқиға осы сезім аясында өрбиді.
Халық ауыз әдебиетінің туындысы авторлық көзқараспен өріліп, «Астана Балет» сахнасында қайта жаңғырды: екі актілі балет барысында көрермен қауым, феодалдық қауымның қатаң заңына бағынбаған махаббат оқиғасын тамашалайтын болады. Балеттің негізгі сюжеттік желісі үш кейіпкердің: Қодардың, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ара-қатынасынан туындаған. Балеттің хореографиялық лексикасы осыған сүйенеді. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік, адалдық пен сатқындық тақырыбы қалың көпшілікті әрдайым алаңдатып, маңыздылығын жоймақ емес. Таңдау еркіндігі, махаббат пен өз өміріңді өзіңше қалыптастыру үшін күрес – осы қойылымның негізгі өзегі. Спектакльдегі әр көрерменнің өз лейтмотиві мен пластикалық тілі бар. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың қасіретке толы оқиғасы – жаныңды жегідей жеген шарасыздық қана емес, мәңгілік махаббат жайлы дастан.
Қоюшы-балетмейстер Георгий Ковтун ұсынған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосының авторлық интерпретациясында классикалық және заманауи балет дәстүрі, қазақ халық биінің өрнегі мен акробатикаға тән элементтері, орындаушылықтың жаңашыл техникасы мен күрделі сценография, кең пішілген бай костюмдер мен көздің жауын алар декорациялар, ғажайып жарық әсерлері мен Ақтоты Райымқұлованың көкейге қонар музыкасы үйлесім тапқан.
Премьера Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен астана күнінің аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2-шілде, сағат 19:30. 3-шілде, сағат 18:00 өтеді.