Жаңалық Редакция таңдауы

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің еліміздегі креативті индустрияны дамыту бойынша жоспары қандай?

Асхат Оралов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында креативті жастар өкілдерімен кездесіп, Министрліктің еліміздегі креативті индустрияны дамыту бойынша алдағы жоспары туралы айтты. Бұл туралы министр Telegram каналында жазды.

Өз әлеуетін толық іске асыру үшін жас музыканттар, аниматорлар, ойын әзірлеушілер және басқа да талантты жастар сапалы құрал-жабдыққа қол жеткізіп, сонымен қатар біліктілікті арттыру және инвестиция тарту мүмкіндігіне ие болуы керек. Мемлекет мұның бәрінің маңыздылығын түсінеді және қазірдің өзінде қажетті жағдай жасап жатыр. Өткен жылы Мемлекет басшысы алғаш рет креативті индустрия мен креативті қызмет ұғымдары анықталған маңызды заң қабылдады. Аталған саланы дамыту және қолдау біздің министрліктің құзыретіне кіреді. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалғанын айтқым келеді, – деді миннистр Асхат Оралов.

Оның айтуынша, креативті индустрияны дамыту департаменті құрылып, креативті салаға жататын экономикалық қызметтің 43 түрін анықталды. Олар: музыка, сән, бейнелеу өнері, кино, қолөнер, фестивальдер, зергерлік бұйымдар, анимация мен мультипликация және т.б. Аталған сала өкілдері мемлекеттік қолдауға ие болғандығын айтты.

Еліміздегі креативті хабтар желісі арқылы жұмыс кеңістігіне және қажетті жабдыққа қолжеткізу, өз жобаларын инвесторларға ұсыну, сондай-ақ халықаралық конкурстар мен көрмелерге қатысу мүмкіндігі, жеңілдетілген несие, мүмкін, тіпті, салықтан босату деген сөз. Келесі жылы біз гранттар санын көбейтіп, жас таланттарға сериалдарын, музыкалық туындыларын және басқа да өнімдерін жарыққа шығаруға көмектесетін креативті индустрияны қолдау қорын ашуды жоспарлап отырмыз. Көпшілік Astana Hub базасында IT саласын қолдау туралы естіген болар. Дәл осы үлгіде біз басқа да шығармашылық салаларды қолдайтын боламыз, – деді.

Бұдан бөлек Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік мүлік объектілерін жастар мен креативті қоғамдастық өкілдеріне уақытша пайдалануға беру тәртібін оңайлату бойынша заңнамалық жұмыстар жүріп жатқандығын атап өтті.

Мен Қазақстанның барлық өңірінен таланттарды іздеу мақсатында жыл соңында бірінші республикалық креативті индустрия фестивалін өткізуді тапсырдым. Ол Алматыда өтеді және жыл сайын ұйымдастырылатын болады. Оған қатысу үшін әр облыста іріктеу өтеді. Бұл жаңалықты жастар үлкен ықыласпен қабылдады. Кездесуге келген жастар мен олардың жобалары туралы болашақта әлі талай еститінімізге күмәнім жоқ. Олардың жұмыстары Қазақстанның креативті индустриясын дамытуға айрықша үлес қосатынына сенемін»,- деп жазды министр Telegram каналында.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button