Жаңалық

ҚР Қарулы күштер генералдары тікелей эфирде болды

Бүгін  еліміздің айтулы мерекесі – Отан қорғаушылар күніне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының  Facebook  және lnstagram ресми парақшаларында «ANK live» жобасының тікелей эфирі өткізілді.

Бұл тікелей эфирдің қонақтары болған Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің генерал-майорлары Владимир Александрович Шацков пен Марат Сералыұлы Нагуманов өздерінің еңбек жолдары туралы, соның ішінде ел қауіпсіздігінің мақсаттары мен әскери патриоттық тәрбие жөнінде әлеуметтік желі кеңестігіндегі оқырмандарға кеңінен баяндады. Бұл тікелей эфир барысын Нұр-Сұлтан қаласы «Қазақстан ұйғырлары» республикалық этномәдени орталығының төрағасы, белгілі блогер Рустам Абдусаламов жүргізіп отырды.

Тікелей эфир барысында сөз алған В. А. Шацков Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылу тарихын және оның алғаш рет негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін жоғары бағалап, еліміз қорғаныс саласын дамыту бойынша тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің елеулі еңбек сіңіргенін ізгі ілтипатпен атап өтті.

Кеңес Одағы ыдыраған сәтте еліміз алдында Қазақстан Республикасы

Қарулы Күштерін жан-жақты жоғары техникалық жабдықтармен құру міндеті осы сала мамандарына зор жауапкершілік жүктеген. Осы жұмыстарды тиянақты атқару ісінде әскери мамандар күндіз-түні тыным таппай, бар күш-жігерлерін жұмсаған. Соның нәтижесінде әсери сала бірнеше құрылымдарға жасақталып, мамандар өзіндік міндеттерін адал атқару үстінде. Бұл ретте мәртебелі жоғары оқу орындарын үздік бітірген генерал-майорлар В.А. Шацков пен М. Нагумановтың еңбектері орасан.

Генерал-майор В.А. Шацков 1974 жылы Орджоникидзе жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1985 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. Түркістан, Орта Азия әскери округтерінде взвод, рота, батальон командирі , құрама штаб бастығының орынбасары, қару-жарақ және әскери техниканы сақтау базасының командирі қызметтерін атқарған. Армиялық корпус командирінің, Шығыс әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары, Орталық әскери округі әскерлерінің қолбасшысы мен бірқатар жоғары лауазымдарды атқарған. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, сондай-ақ бірнеше медальдармен марапатталған.

Генерал-майор М.С.Нагуманов 1971 жылы жоғары жалпыәскери командалық әскери-саяси училищені, 1987 жылы Калининград мемлекеттік университетін бітірген. Әскери қызметін түрлі саяси лауазыммен жалғастырған. Прибалтика әскери округінде бақылау комиссиясының төрағасы болған. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училище бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары және орталық аппаратта тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі департамент бастығы мен бірқатар жоғары лауазымдарды атқарған. ІІІ дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР» орденінің және бірнеше марапаттардың иегері.

Тікелей эфирдегі емен-жарқын әңгімелесу сәтінде М. Нагуманов жалпы балалар бақшасында Отан туралы тәлімді дәрістердің жүргізілуі қажеттігін атап өтіп, бұл өз кезегінде жасөспірімдерді өз елін сүюге үндейтінін, патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болатынын мәлімдеді.

Генерал-майор В.А. Шацков жалпы елдік мүддені көздейтін жарқын істерді әңгімелеу барысында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, қиын жағдайда қалғандарға қайырымдылық жасап келе жатырғанын зор ілтипатпен атап өтті.

Жалпы бұл тікелей эфирде тәуелсіз Қазақстанның даму ерекшеліктері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің үлесі, жас ұрпақтарды әскери-патриоттық рухта тәрбилеу мәселелері сөз болды. Осы тікелей эфирге қатысты өзіндік ой-пікірлерін әлеуметтік желі арқылы білдіргендерге екі дана бағалы сыйлықты табыстау ұйымдастырылған. Ендеше, осы тікелей эфирді толықтай көрген әрі оның мәнін дұрыс ашып көрсетіп, өзіндік пікірін білдірген екі азаматты жоғарыда аталған сыйлықтар күтіп тұр. Айтпақшы, 7 мамыр генерал-майор М. Нагумановтың дүние есігін ашқан күні. Мұндай сәттілікті жақсылыққа балап, барша қазақстандықтар атынан абзал азаматқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button