Қуаныш Ерғалиев: Волонтерлік – белгілі бір деңгейде табысты өмір сүрудің кілті

Халықаралық волонтерлер форумының «Білім беру және цифрландырудағы волонтерлік бастамалар» атты сессиясында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жастардың белсенділігін көрсететін бағдарламаның жүзеге асатындығы туралы айтты.
«Қазақстандық қоғамға дербес шешімдер қабылдайтын, өзіндік бастамашыл, ынтымақтастыққа дайын, ұтқыр, елінің тағдырына деген жауапкершілікті сезіне білетін адамдар қажет. Жас буынның қоғам игілігі үшін ерікті түрде волонтерлікпен айналысуы маңызды. Өйткені ол елдің дамуына сүбелі үлес қосады. Волонтерлік – белгілі бір деңгейде табысты өмір сүрудің кілті. Жуырда жоғары білімді және ғылымды дамытудың тұжырымдамасы қабылданды. Біз онда әлеуметтік өмірге басымдық бердік. Бұл жердегі индикаторлардың бірі – волонтерлікпен айналысатын студенттердің саны. Қазіргі кезеңде студенттердің – 35 пайызы волонтерлікпен айналысатын болса, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш – 65 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Волонтерлік және қайырымдылық бойынша алдыңғы жылы ауқымды жоба бастадық. Жоба мақсаты – академиялық аспектімен қоса, студенттердің жоғары оқу орындарында қоғамдық өмірге, спорттық шараларға, волонтерлікке, түрлі клубтарға, қайырымдылық шараларына, сондай-ақ ғылыми үйірмелерге қатысуын цифрландыруды көздейді. Студентке университетті аяқтаған кезде транскрипт түріндегі карта беріледі. Онда академиялық жетістіктермен қоса, студенттің әлеуметтік, ғылыми белсенділіктері мен табыстары көрсетіледі және жұмыс берушімен сұхбаттасу барысында олар осы ақпараттармен таныса алады. Яғни бағдарлама жұмыс берушіге студенттің білімімен қоса дағдыларын көрсетеді», – деді вице-министр Қуаныш Ерғалиев.