Қуғын-сүргін құрбандары жерленген жерлердің картасы жасалмақ
Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, барлығы 28 адам кірді деп хабарлайды Ruh.kz порталы облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Еске салайық, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған. Осындай комиссиялар өңірлерде де жұмыс істейді.
«Комиссияның міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту ғана емес, тарихты бағалау, материалдарды жинау және талдау. ХХ ғасырдың 20-шы және 50-ші жылдардың аралығында біздің елге бес миллионға жуық адам депортацияланды. Олардың басым көпшілігі Қарағанды облысына жіберілген болатын. Осы азаматтардың ұрпақтары да біз сияқты өз отбасыларының тарихын білуге құқылы», – деді Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Нұрлан Дулатбеков.
Бұдан бөлек, Қарағанды облысында қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай жерлеу картасын жасау көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік архивтерді толық құпиясыздандыру қажет. Өйткені оңалтуға мұқтаж адамдардың нақты саны белгісіз. Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2019-2020 жылдары 311 өтініш түскен. Жағдайлардың жартысында өтініш берушілер саяси қуғын-сүргін құрбандары немесе зардап шеккендер деп танылды.