Атырау облысы

ҚҰЛШАН АТА ЖЕРАСТЫ МЕШІТІ

Жерасты мешіті Атырау облысы Жем бойында, Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым жерде, Ақмешіт қорымдығына таяу орналасқан. Мешіттің алғашқы құрылысы туралы ХІХ ғасырдың 50-ші жылдары осында болған орыс топографы А.Алексеев: «…борлы төбені үңгіп жасалынған мешіт екі бөліктен тұрады, олар бірі-бірінен 7 сажын қашықтықта», – деп жазған екен. Бірінші бөлікте діни жоралғылар жасалыпты да, екіншісінде қайтыс болған адамның кебінге оралған денесі қойылыпты. Мешіттің иесі Құлшан деген әулие пайғамбар жасына жеткен соң мешіттің бір бөлмесін мекендеп тұрады, кейін сонда жерленіпті дейді бір аңыз. Оның жерасты мешітіндегі денесін 1851-1852 жылдары жоғарыда жазылған орыс топографы көрген екен.

Соңғы жылдары мешітті сақтап қалу үшін құрылыс жүргізілген, ол екі бөлмеден тұрады. Біріншісі кіреберіс бөлме, екіншісінің төбесі ұлутастармен күмбезделген, ол арқылы жерасты мешітінің алғашқы үңгіп салынған екі бөлмесіне кіруге болады. Мешіт алдындағы бөлек төрт қырлы тастың басын үшбұрыштандырып қиып, оның бетіне қазіргі заманғы жазумен «Құлшан Ата» деп жазылған. Қасында бергі уақытта түнек үйі тұрғызылған, оның шырақшысы бар, үй жақсы жабдықталған.

Құлшан әулие шамамен ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген. Бір деректе әулиенің Бұхара мен Хиуадағы діни медреселерді бітіргендігі айтылады. Оның Бекет Атаға қатысы жөнінде үш түрлі дерек бар: Алексеевтің жазбаларында Құлшанның Бекет атаның шәкірті екені айтылады, тағы бір нұсқада әулие ата Бекет атаның 92 шәкіртінің бірі болған, “Бекеттің күйеу баласы” делінеді, үшіншісінде “Бекеттің жиені” ретінде баяндалады. “Батыстан маған бет алған адам әуелі Құлшан әулиеге түнер” деген Бекеттің сөзі де бар екен. Әулиенің жатқан жерінен көрінетін жыланы болған, бейсенбі, жұма күндері от байқалады екен.

Құлшан да Бекет сияқты балаларды оқытқан, ол қазақ даласындағы алғашқы арабша сауат аштырушылардың бірі болып тарихта қалды.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=27

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button