Жаңалық

Құндылықтарымыз құлдырамасын

Бүгінгідей бүкіл әлем індетпен күрескен алмағайып заманда адамдар арасындағы ізгіліктің ірге аудармауына, рухани құндылықтарды құлдыратып алмауға үлес қосу, күресу қоғамның әрбір мүшесі үшін үлкен жауапкершілік, тіпті азаматтық парыз дер едік.

Әсіресе, тағдырында талай тақсіретті бастан өткерсе де үлкен мен кіші ортасындағы қайырымды қарым-қатынастардың қаймағын бұзбай сақтап келген ата-бабаларымыздан қалған бұл асыл дәстүрлерді біз айнымас аманат ретінде қабылдауға тиіспіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев маусым айының соңында «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында қоғамда қордаланған бірқатар рухани мәселелердің түйінін тарқатып, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде ұлттық болмысты сақтап қалу, қазақ тілінің қазіргі ахуалы және басқа да көпшіліктің көкейінде жүрген келелі сұрақтарға байыпты жауап қайтарды. Ел Президенті осы сұхбатында ұлттық құндылықтар болмаса, ақпарат, жасанды интеллект, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз екенін айтып, зиялы қауым өкілдерін болашақ өмір көкжиегі туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге шақырды. Бұл бағытта ұлттық интеллигенция өкілдері өзекті тақырыпқа өздерінің парасатты пайымдарын ортаға салып, тұжырымдарын ұсынғандары абзал.

Иә, бұл мәселеде бәріміз мойындауға тиіс бір ақиқат бар: жаһанды жайлаған бүкіләлемдік індет пен ғаламдық әлеуметтік-экономикалық дағдарыс аясында әлем енді бұрынғыдай болмайды…

Тереңнен толғап, арыға үңілсек адамзаттың санасында сілкініс, рухани қозғалыс қажеттілігін пайымдаймыз. Болашақта үлкен өркениет өзгерістерінің куәгері боламыз деп ойлаймыз.

Сондықтан, алдағы уақытта елімізде қоғамдық сананы жаңғыртудың өзектілігі арта бермек. Осы бағытта Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тың тынысы ашылады деуге әбден болады. Жаһандық дағдарысты жеңіл еңсеру үшін халықтың санасын, өмір-салты мен ұстанымдарын трансформациялауымыз керек. Бұл тұрғыда бағдарламаның жаңа жобалары қажет. Осы тұста зиялы қауымды, әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерін ортақ пікірлесуге, жаңа жобаларды бірлесе жасауға шақырамыз.

Ал өркениет өзгерістері қазіргі адамзаттың өткенді фальсификациялап, болашақты мистификациялаған

заманында өте өзекті болып тұр.

Енді өмір бұрынғыдай болмайды. Қаласаңыз да осы, қаламасаңыз да осы. «Бұрынғыдай болмайды» дегенге қара аспанды суға алдырғандай қараудың жөні және жоқ. Бұл енді өмір бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше болады дегенді ғана білдіреді. Егер вирус қатерінің беті қайтқаннан кейін де оның ауық-ауық соғып кетіп отыратынын, жалпы індет атаулының уақытты араға салып барып, мутацияға түсіп оралып тұратынын ескерсеңіз, енді өмір қиындай түсетінін түсіну қиын емес. Адамзаттың табысы азаюы сатып алу қабілетін төмендететінін, ал сұраныстың кемуі ұсынысты азайтатынын, ал мұның аяғы өндірісті шектеуге тірелмей қоймайтынын ұғыну үшін маман экономист болудың қажеті жоқ. Сондықтан бізді алдағы қиындықтардан тек еңбек, еңбек және еңбек құтқара алатынын айта беруге, айта беруге тиіспіз.

Дағдарыстан кейінгі өмір, бәрінен бұрын, бәсекеге қабілеттілікті талап етпек. Дағдарыс тек экономикалық құлдыраудың емес, жаңа мүмкіндіктер мен дамудың бастауы екенін де түйсінуіміз керек.

Бұл орайда, бүгінгідей күрделі кезеңде халық болып кеңесіп, жұрт болып бәтуаласатын келелі мәселелер аз емес. Соның бірі той-томалақ, ас жиын, жаназа сияқты халық көп жиналатын ғұрыптық дәстүрлерге байланысты. Қазір өзіміз көзімізбен көріп, куә болып жатқанымыздай бекітілген санитарлық талаптарды бұзып, жасырын той жасап, құдалық

өткізіп, ас беріп жатқан оқиғалардың арты орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда. Мұндай басқосуларға жиналған қарақұрым халықтың тең жартысының ауру жұқтырып, ауыр халде жатуын, тіпті бірқатарының ақтық сапарға аттанып кетуіне себепкер болуын немен түсіндіре аламыз?

Әрине, қазақта «Той – тәңірдің қазынасы» деген сөз бар. Бірақ осы сөзді айтқан бабаларымыз «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөзді де ескеріп жүруімізді қаперімізге салып кеткен. Біз қазір құндылықтары жаңарған мүлде өзге ғасырда өмір сүріп жатқанымызды естен шығармауымыз керек.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық прагматизм мәселесі туралы өте өткір әрі жан-жақты атап көрсетеді. Біз мақалада көрсетілген осы бағытқа тереңнен қарауымыз керек деп ойлаймыз. Дамыған елдер ертеден үнемшілдікті, жинақылықты басты құндылығына айналдырса, ал бізде бәрі керісінше – даңғазадан, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз сән-салтанаттан әлі арыла алмай келеміз.

Ашығын айтқанда, бізде ұлттық прагматизмнің негіздеріне қайшы келетін ысырапшылдық сияқты әдеттерге қарсы шаралар қабылдауда нақты ұстаным жоқ.

Көрші елдерде туғаннан өлгенге дейінгі орындалатын салт-дәстүр, (той, ас, жаназа т.б) әдет-ғұрып рәсімдерін заңмен реттеп қойғандықтан халық қойылған талапты қалыпты түрде қабылдайды. Біз не істеуіміз керек?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осыдан екі жыл бұрын «Қазақстан БАҚ-тарындағы үйлену тойлары мен басқа да мерейтойларды өткізудің жаңа тәсілдері туралы пікірталасты қолдаймын. Жауыр болған атаққұмарлық ысырапшылдықтан, сән-салтанаттан құтылатын жаңа үлгі қажет. Өзбектер, түріктер, түрікмендердің үлгілері бойынша ұлттық салт-дәстүрге ден қою қажет», – деген пікір білдірген еді.

Алдағы уақытта көпшілікпен кеңесе келе, біз де көрші елдердің үлгісі бойынша ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шараларын қолға

алатын уақыт жетті деп ойлаймыз. Бұл әсіресе, қазіргідей бейне бір соғыс жағдайындағыдай әрбір отандасымыздың өмірін сақтап қалу үшін күні-түні күресіп жатқан әлемдік пандемия кезінде аса қажет.

Бір сөзбен айтқанда, біз қазір тоғыз жолдың торабында тұрған сияқтымыз. Сондықтан ұлттық мүддемізді, ұлттық құндылықтарымызды дамытуда біз бірге болуға міндеттіміз! Ал оны іске асыру жолында, әрине, әртүрлі пікірлерге жол ашық болуы тиіс.

Қазақта «Мұратың асыл болсын» деген баталы сөз бар. Орайы келген осы тұста ұлтымыз үшін аса маңызды үш мұрат туралы өз ойымды ортаға салғанды жөн көрдім.

Бірінші мұрат. Пандемияден кейінгі кезеңде қазақ қоғамының алдына ЕҢБЕК мұраты шығуы тиіс. Әлемдегі озық мемлекеттерді қай-қайсысы да дамудың биік шыңына тек еңбек арқылы жеткенін естен шығармаған абзал. Ұлы Абайдың 1895 жылы жазған «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» дейтін өлеңінде «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» десе, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде

Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей? – деп ащы ақиқатты ашып айтқан болатын. Сондықтан біз іргелі ел боламыз десек, еңбексіз ешқандай табысқа жете алмайтынымызды есте ұстағанымыз жөн.

Екінші мұрат. Әлем жұртшылығын әбігерге салған індет кезінде біз ненің қажет, ненің қажет емес екенін толық түсінген тәріздіміз. Осы орайда қалың елдің алдына Денсаулық мұраты шығады. Халқымыздың «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналығы қандай керемет! Жас кезден денсаулықты күтуге, сақтауға барынша көңіл бөлген абзал. Әр азамат ширақ та сергек болудың барлық амалдарын жасауы керек. Бұл тұрғыда іргедегі Қытай елінің жаппай денсаулық сақтау бағытындағы іс-қимыл, күнделікті жаттығу амалдарынан үйрену артық етпейді.

Үшінші мұрат – Білім мұраты. Білімді болу үшін көп оқу керек. Осы ретте Қазақстанда кітап культін жасау ісі өте маңызды. Әлемнің озық елдерінде кітап оқу мемлекеттік деңгейдегі мәртебелі міндет саналады. Өкінішке қарай, қазір біздің жастарымыз, әсіресе өскелең ұрпақ тек смартфон парақшаларын қызықтаудан арыға бара алмай отыр. Мұндай уақытты «босқа өлтіру» амалдарынан тезірек арылу керек.

Қазіргі таңда жұртшылықпен жұмыла талқылауды қажет ететін тағы бір көкейкесті рухани тақырып – отбасы мәселесі. Жалпы, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталып қалу үшін отбасыдағы ұрпақ тәрбиесінің мәні зор. Ата-бабаларымыз «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтып кетпеген. Өнегелі отбасыда тәрбие алған өскелең ұрпақ қана атамекенін ардақтап, Отанын қастерлей білетіні ақиқат. Біз тәуелсіздік жылдарында түпқазығын таппай жүрген ұлттық идеямыздың тамыры, міне, бабалар аманат еткен осы шаңырақтың берекесінде, керегенің киесінде жатыр деп ойлаймыз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, отбасыда ұлағатты тәрбие алмаған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірмеген жастан келешекте елін сүйер отаншыл патриот шықпайтыны белгілі. Ашығын айтсақ, бүгінгі қоғамда орын алып жатқан ажырасу, қол жұмсау, зорлық-зомбылық және басқа да түрлі әлеуметтік қайшылықтардың басым бөлігі отбасы тәрбиесінің босаңдап, жоқ босап кетуінің кесірі деп білеміз.

Ежелден қазақ қоғамы тәрбие талбесіктен басталатынын ұрпақтың құлағына сіңіріп келген. Халқымыздың «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дәстүрі бойынша ұлды ел қорғайтын еңселі азамат болуға, қызды ұлтты ұйыстыратын инабатты ана болып өсуге ерте жастан баулыған. Сондықтан, Отанға деген махаббат отбасыны қастерлеу, әкені құрметтеу, ананы аялау, бауырды сыйлау сияқты адами ізгі қасиеттерден бастау алатынын ескеруіміз керек. Отандастарымыз отбасының қадірін әсіресе, қазіргідей пандемия кезінде барынша сезінді.

Осындай сындарлы шақта өнегелі отбасылардың шаңырағы одан әрі беки түссе, өзара құрметке құрылмаған үйлердің іргесі сөгіле жаздады, кейбіреуінікі сөгілді де.

Дала данышпаны әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтып кеткен. Біз келешекте білім беру мен отбасы тәрбиесін ұштастырмайынша отаншыл, зерделі де зейінді ұрпақ қалыптастыра алмайтынымыз анық.

Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу бойынша ұсыныстар енгізетін кезі келді.

Сонымен бірге, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен көпбалалы аналардан құралған ата-аналар ұйымын құрып, министрлікпен бірлесіп «Отбасы – орта мектеп» атты жастарға тәрбие берудің жалпыхалықтық әдістемесін әзірлеу қажет деген ойдамыз.

Қазіргі қиындықтарға байланысты халқымыздың балажандық дәстүрлеріне, көп балалы отбасыларды ардақ тұтатын қасиетіне селкеу түсіріп алмауды да ойлауға тиіспіз. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді біздің қазақ. Әр баланың өз несібесі болады. Мынандай алып даланың астын да, үстін де толтырып тұрған ғажап байлықтарды өзгенің көмегімен емес, өзіміздің қолымызбен игеру үшін біз көбеюіміз керек. Көбейгеннің ғана көсегесі көгереді. Айналадағы жұрттармен салыстырғанда біздің өсу қарқынымыз баяу екенін ашық айтып, осыған анық алаңдауға тиіспіз. Бұлтың-бұлтың етіп тұратын аумалы-төкпелі дүниенің қалай-қалай құбылатынын, жаһан желінің қай кезде қалай қарай соғатынын ешкім де болжап біле алмайтын кез келе жатқандай. Сондай-сондай замандарда қандай сынақтарда да көптігімізді көрсетуге мүмкіндігіміз болуы керектігін, оның үстіне санның түптің түбінде сапаға айналмай қоймайтынын ұдайы ұмытпауымыз қажет. Жұмыс қолы артылып-төгіліп жатқан оңтүстіктегі өңірлерден жұмыс қолын қажет етіп тұрған солтүстіктегі атамекенге қоныс аударушыларға барынша жағдай жасау,

ішкі миграцияны мемлекеттік саясат деңгейінде реттеп отыру биліктегі атқа мінген азаматтардың перзенттік парызына айналуы жөн.

Әрине рухани құндылықтар қатарында ана тіліміздің ахуалы алдыңғы қатарда тұратыны белгілі. Бүгінгі таңда бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылса да, көпшілік тарапынан мемлекеттік тілдің әлі де қолданыс аясы кеңімей отырғанын айтып келе жатқаны да ақиқат. Бұл мәселеде біз әуелі мемлекеттік тілдің даму эволюциясына назар аударуымыз керек. Егемендіктің елең-алаңын алып қарайық. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ ұлтының саны халықтың 39 пайызын ғана құрағанын жаңа айтып өттік. Ел басшылығының алдында ең бірінші тәуелсіздікті сақтап қалу міндеті тұрды.

Өз жерімізде тұрсақ та, қалыптасқан жағдайға байланысты Ата Заңға қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруді сұрауға мәжбүр болған күрделі кез еді бұл. Осыған орай Елбасы мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау үшін тіл саясатында осындай сарабдал саясат ұстанды. Соның арқасында мәселені саяси ушықтырмай, мүмкін ішкі сілкіністерге жол берілген жоқ, мемлекеттік тілдің мәртебесі кезең-кезеңмен артып келді.

Алдағы уақытта сарапшылардың пікірінше, халқымыздың саны 19 миллионға ал, мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі кемінде 78 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұйыртса, айналасы отыз жылдың ішінде қазақтардың ел халқындағы үлес салмағы 1991 жылғы 39 пайыздан екі есе артқалы отыр.

Ендігі кезекте ұлтаралық келісімді сақтай отыра тіл және басқа да ұлттық мәселелерді қоғамда айқынырақ айтуға негіз бар деп есептейміз.

Қазақта «Тексіздік – тілсіздіктен басталады» деген сөз бар, сол сөз – анық сөз. Дәстүрі берік, тағылымды тарихы таңбаланған халық жат құндылықтардың жетегінде кетпейді.

Бұл бағытта Елбасының бастамасымен латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің дамуына жасалған жаңа бетбұрыс. Жаңа әліпби қоғамның барлық саласына енуі керек. Жаңа әліпби қазақ тілінің ХХІ

ғасырдағы ақпараттық технологиялар тіліне айналуына жол ашады. Яғни, қазақ тілінің жаңа дәуірі басталады!

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтқан «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі алыс емес» деп нақты межені белгілеп беруі, әрі таяуда берген сұхбатында «қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн» екенін атап көрсетуі айғақ болмақ.

Түптеп келгенде, барша дүниежүзі сынаққа түскен осы сындарлы шақта біздің халқымыз да өзінің рухани қазынасын қастерлеп, аңсап жеткен мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді шайып жіберуге жол беретін кез келген әрекеттердің алдын алу – бүгінгі ұлттық жауапкершіліктің басты міндеті, бүкіл қоғамның мойнындағы парыз. Аңсап жеткен Тәуелсіздігімізді Жаратқан Иеміз бұл жолғы пәле-жаладан да аман сақтасын, ұлттық құндылықтарымызды ғұмырлы еткей!

Ұлттық құндылықтарымыз – мәңгілік ардақ тұтар асыл қазынамыз. Құндылықтырамыз құлдырамасын. Ұлтты ұйытып тұрған ұлы қасиеттерімізді бойымызда да, ойымызда да сақтай алсақ, бәрі орнына келеді, жерімізге де, елімізге де жаңа жақсылықтар қосыла береді.

Қырымбек Көшербаев,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button