Құқықтық қатынасты нығайтудың негізгі мәселелері
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің (Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) Бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің (БПҮК) 32-ші отырысының жұмысына қатысты.
Күн тәртібіне қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес және активтерді қайтару, экстремистік, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы ақпаратты таратуға қарсы іс-қимыл, адам саудасына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес және басқа да өзекті мәселелер шығарылды.
Қазақстан Бас Прокуроры өз баяндамасында қылмыстық процесте бизнесті қорғау және экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануы мен заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша еліміздің оң тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан және Ресей Бас прокурорларымен екіжақты кездесулер өткізіліп, бұл мемлекеттермен құқықтық қатынасты нығайтудың негізгі мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ іс-шара барысында адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Ресей Бас прокуратуралары арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық қатысушылар қылмыстың барлық түрлеріне қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.