Құрбан айт мерекесі - адамдарды бауырмалдыққа тәрбиелейтін мейрам
Барша мұсылман қауымы тойлайтын Құрбан айт мейрамы да келіп жетті. Бұл мерекеде ислам дінін ұстанушылар өздерінің қолдан келер құлшылығын жасап, бір-бірінің үйіне қонақ болып барады. Бұл күні – әрбір мұсылман шаңырағында той. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда бір-біріне өкпе-назы бар адамдар бұл күні барлығын ұмытып, бір-бірін құттықтап жатады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Құрбан айт мерекесінің тек қана дін аясындағы мереке емес екенін, адамдарды рухани бауырмалдыққа, ізгілкке тәрбиелейтін мейрам екенін жеткізді.
Қоғам ішінде,адамдар арасында реніш, өкпе болмай тұрмайды. Бірақ ислам дінінде осындай нәрселердің барлығын тез арада жою міндеттеледі. Ал дәл осы Құрбан айт мерекесінде араларын қара мысық кесіп өткен адамдар бір-бірімен қайта қауышып, реншітерін ұмытысып жатады. Бұл ғұрып – қоғамды ізгілікке, адами қасиеттердің жоғары болуына, араздықтың болмауына, ауызбіршіліктің ұлғаюына әкелетін әдет.
Құрбан айт қарсаңында жағдайы жететін адамдар Алла жолына арнап бір малды құрбан шалып жатады. «Құрбан» сөзінің араб тіліндегі баламасы да біз жоғарыда айтқа, мемлекет басшысы келтірген уәждермен ұштасады. Араб тілінен аударғанда «Құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. демек, осы күні жасаған сауаптар арқылы өздерінің ізгілікке бой ұрып, жамандық атаулыдан тазарып, Аллаға жақындау.
Ислам дінінде құрбандық шалудың да арнайы шарттары бар. Құрбандық шалу жалпы міндеттелгенмен, кейбір санаттағы адамдарға бұл парызды өтемеуге мүмкіндік бар. Олардың қатарына жағдайы жетпейтіндер немесе басқа да жағдайдағы мұсылмандар бар. Ислам дінінде айтылғандай, адамдарды Алла жаратқанна кейін олардың ізгі қоғам құрып, таза өмір сүрулері үшін дін жіберілген. Діндегі парыздарын орындап, адам атаулыға жақсылық тілеу міндеттелген.
Құрбан айт мерекесі күні барша мұсылман қауым бірін-бірі құттықтауға асығады. Сондай-ақ, өздері құрбан шалған малдың етінен жасалған дәмнен барынша көп бауырларының ауыз тигенін қалайды.
«Бұл күндері адамдар жақындарына ақ тілектерін арнап, игі істер жасауға ұмтылады.Құрбан айт алуан түрлі конфессиялар мен этнос өкілдері тұратын Қазақстанда азаматтардың бойына ізгілік нәрін сеуіп, олардың ұстанатын діні мен ұлтына қарамастан, бір-бірін қадірлей білуге зор ықпал етеді. Сондай-ақ, рухани тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекіте түседі. Осынау жарқын мерекеде әрбір шаңыраққа бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік тілеймін!», – деген Елбасы да барша қазақстандықтарды, барша мұсылман қауымын діни мерекемен шын жүректен құттықтады.
Адам өмірге келгеннен кейін оның басты мақсаты – адамгершіліктен аттамай, арынша ізгі тұлға болып өмір сүру. Жер бетіндегі қаншама дін өкілдері өз бағыттарын ұстанады. Бірақ бұл жерде өзге дінді қастерлемеу, құрметпен қарамау секілді қақтығысқа әкеліп соғатын жағымсыз әрекеттер орын алмау керек.
Қоғам қарыштапдамып бара жатыр. Дамыған қоғам көшіне ерген адамдар да бүгінде нарықпен бірге жетілу үшін туған-туыс, бауыр, дос-жаранға көңіл бөлуді азайтқан. Осындай кезеңде Құрбан айт мерекесі секілді мейрамдар адамдарды бір-біріне жақындатып, ізгі қарым-қатынас орнатпақ.
Дін жолындағы барша қазақстандықтар да бүгін осынау керемет мерекені тойлау үстінде. Жер-жерде құрбан шалынып, бір-бірінің шаңырағынаайттап барып жатқан қандастардың қарасы қалың.
«Рухани жаңғыру» жолында келе жатқан мемлекетімізде адами арақатынастардың деңгейі артып, ізгілікке бастайтын мейрамнан мейрамға жете берелік!
Ruh.kz редакциясы да барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтайды!