«Құрдас табақ» қалай тартылады?
«Құрдас табақ» қандай табақ? Құрамына қандай мүшелер кіреді? Қандайы кірмейді? Құрдас табақты кім, қашан, қалай тартады?
Кез келген ұлттың даралығын тіліне, әдебиеті мен мәдениетіне, тіпті асханасына қарап анықтауға, әбден, болады. Қазақ «дастархан бос тұрса, үйден құт кетеді» деп түсінеді. Сондықтан тіпті бос деген дастарханның үстінде де ас тұрады, ақ тұрады, нан тұрады. Ал қонаққа жайылар дастархан мүлдем бөлек әңгіме.
Алдын «Сый табақ» пен «Қос табақ (Құда табақ)» жайында аз-кем сөз қозғаған едік. Бүгін «Құрдас табақтың» құрылымы жайын қаузасақ дейміз. Бұл мақаламыз ауыл баласын тарта қоймаса да, қалалық қазақтың кәдесіне жарап қалар деген үміттеміз. Күдік те жоқ емес…
Сонымен, «Құрдас табақ» аты айтып тұрғандай бір қатардың адамдары жиналғанда тартылатын табақ түрі. Көптен кездеспеген замандастар, ауылдастар, сыныптастар арасында «құрдас табақ» жүреді. Алыстан ат арытып, туған ауылына араға уақ салып келген адамды замандастары, қатарластары, араласқан ортасы отауына шақырып, қонақ қылып, хәл сұрасып, арадаға суып қалған сезімді қайта жандандырып, «құрдас табағын» тартады.
Табақ құрамына: жамбас, ортан жілік, жауырын, сүбе, белдеме секілді жіліктер мен сүбелі мүшелер кіреді.
Қазақтың «табақ тарту» ғұрпында қаншама ізгілік пен жөн сақталған. Күллі батаның, тілектің де бастауы осында. Әрбірінің астарында үлкен мән, маңыз бары айтпаса да түсінікті.