«Құрсақ шашу» тойының мәні неде?
Қазақ халқының қай дәстүрі болмасын өнегелікке, ізеттікке жол бастайды. Соның бірі – «құрсақ шашу» салты.
Құрсақ тойдың ене мен келіннің ара-қатынасын жақсартып, жас келіншекті қайын жұртымен жақындатуға тигізер пайдасы зор. Дүниеге енді келетін нәрестенің ең алғашқы тойы саналғандықтан халық оны ерекше ықыласпен орындаған.
Жас келіншектің бойына бала біткенде абысын-ажындары қосылып, енесіне хабар береді. Оны да жай айта салмаған. Аяғының ауырлығын жеткізудің өзінде бір көрегендік бар. Абысындары енесіне келіп: «Күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар», «апа, келініңіз елдің алғысын алыпты, айранға, көжеге тойыпты», – деп жеткізген. Жасырып айтудың бір себебі – жас келін естігенде қысылып, ұялмасын десе, екіншіден, іштегі сәбиге тіл-көз тимесін дегенді білдіреді. Келінінің жүкті екенін естіген ене ауылдың барлық ақ жаулықты аналарын, көрші-қолаңның әйелдерін жинап, құрсақ тойын жасайды. Немересі аман-есен дүние есігін ашып, келінінің жаны қалсын деген ниетпен дастарқан жайып, түрлі дәмге толтырады. Әйелдің бойына бала біткенде көп жағдайда жерік болатыны айтпаса да белгілі. Құрсақ тойын жасаудың тағы бір себебі осында. Той дастарқаны енесі әзірлеген ас мәзірден ғана құралмайды, келген барлық әйелдер өздерімен бірге түрлі ас-дәмдерін қосып әкеледі. Келіннің жан-жағына жиналған қауым ортаға бар тәттісін тастайды. Келін болса, жеріктігін қандыратын асты тауып, жейді. «Жерік асын жегендей қуанды», – деген асыл сөз осындайдан қалса керек-ті. Жүкті әйелге жерік асын әзірлеп, болмаса тауып беру – сауапты іс. Қазақ қашанда ұрпаққа даналығын көрсете білген халық. Жеріктікке қарап туылатын нәрестенің болашақ қандай адам болатынын болжаған. Аяғы ауыр келіншек қалаған асын жей алмаса, кемтар бала дүниеге келуі мүмкін. Бұл турасында қазақта: «Жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер», – деген де сөз бар. Ата-бабамыз шарананың денсаулығы мен болашақ ғұмырын ол дүние есігін ашпай тұрып-ақ ойлай бастаған. Жүкті әйелдің жағдайын барынша жасап, тіпті келіншек тұрған үйдің айналасынан тасыр-гүсір аттыларды жүргізбей, балаларды жырақта ойнатқан. Осының барлығы айналып келгенде ана мен баланың қамы.
Құрсақ шашу дәстүрін көбіне жаңа түскен келінге жасайды. Бұның астары да терең мәнге ие. Алақаннан ұшып, бөтен қияға қонған жас келіннің жаңа үй ішімен, күйеуінің ағайындарымен, көршілерімен тез сіңісіп кетуі оңайға түспесі анық. Жұбайынан өзге ешкімді жақыннан танымайтын келіншекті қайын жұртымен жақындастыруда құрсақ тойдың маңызы ерекше. Арнайылап үлкен құрсақ тойын жасап берген ене мен қолында бар тәттілерін қосып әкелген ауылдың ақсамайлы аналарына жас келіншектің ілтипаты, құрметі артады. Ең бастысы – нәресте анасының құрсағында жатқаннан бастап бойына жақсы тәлім-тәрбиені сіңіріп, өседі. Бір ұлттың заңғар келешегін діттейтін ерекше ғұрыптың мәні осында.