Жаңалық

ҚҰСБЕГІЛІК ӨНЕР: БҮРКІТ БАПТАУ

Бүркіт баптау өнері. Бүркіттің түрлері мен тамақтануы туралы

Бүркіт баптау – күрделі әрі қиын шаруа. Алдымен оны түлету үшін қансоқта, қызыл сияқты күшті жем беріп, семіртеді. Бүркіттің түлегі біткенде қанат-құйрығы жетіліп, топшысы бекемделе түседі. Мұнан соң қайтадан арықтатып, шырғаға тартып, ұшырып жемдейді. Бұл іс жүзінде шынықтыру болып есептелінеді. Бұдан кейін бүркітті жарау күйінде сақтап, бабымен баптауға кіріседі. Ал аңға түсуге баулығанда шаншыла түсу, сыпыра түсу, іле түсу тәсілдері болады. Шаншыла түскенде жер соғып қалу қаупі, сыпыра түскенде «тегеурін» деп аталатын артқы бақайын алдырып алу қаупі туылады. Сондықтан құсбегілер бүркітті іле түсуге баулиды.

Міне, бұл – құс баптаудың негізгі ережелері. Жағалтай, ителгі, қаршыға, қырғи, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтай сияқты құстарды баптағанда да осыған сәйкес тәсілдер қолданылған.

Өрлік – бүркіт аңшының өзіне түсіп зиян келтірмеуі үшін жасап алатын қорғанысы. Ол – адамның басын бүркіттің тұяғы зақымдай алмайтындай етіп жасалған ағаш қаңқа. Өрлік туралы орта ғасыр дәуірінен жеткен мынадай аңыз бар: Найманның Төлегетайы бала көрмей жүріп бір ұлды болады да, оған Ұлы жүзден Аусар биді шақырып, ат қойғызады. Аусар би «Қытайдай ұрықты болсын» деп бата беріп, атын Қытай қояды. Қытай ержете келе тартымды азамат болып, ел билейді, Қытай би атанады. Аусар бидің ырымдағанындай, ұрпақты болып, Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай деген төрт ұл дүниеге келеді. Сонан бір күні ол салбурынға шығады. Тұғырда ширығып тұрған қыранын аңға қоя бергенде шүйіліп келіп, өзіне түсіп, ақыры содан қаза табады. Өзі де, жолдастары да өрлігін ала шықпағанына опық жеп, Төлегетай баба жылай-жылай көзден айырылады.

Қарғы – қайыстан немесе былғарыдан жасалып, әртүрлі шытыралармен әсемделген, тазының мойнына тағатын дөңгелек белгі. Аңшылар шыжымын сол қарғыдан өткізіп, тазыны жетектеп алады. Қазақтың «қарғыбау» сөзі де осы қарғыға бау тағудан келіп шыққан болуы мүмкін. Өйткені құда түсетін қызға «үкі тағу», «тана тағу» деп қолданылып жүрген сөздің орнына бұрын «қарғыбау тағу», «қарғыбау апару» делінетін.

БҮРКІТТІ ҰСТАУ ӘДІСТЕРІ

Қазақ құсбегілерінде бүркітті ұстаудың мынадай әдістері болған:

Тормен ұстау. Торды жайып, ортасына тірі қоян немесе малдың қызылын тастап қояды. Ашыққан қыран соны жеп көтеріле ұшқанда торға оралып ұша алмай қалады.

Тояттатып ұстау. Ашыққан қыран жемтікке түсіп, әбден тояттап, бөгіп қалады. Осы орайда андып тұрған адам ұшқыр атпен ұрымтал жерден тұра қуып, бөтегесін көтере алмай, әрең отырған қыранды ұстап алады.

Шеңгелдестіріп ұстау. Қолға үйреткен үй бүркітін тағысына салса, біріне-бірі түсіп, шеңгелдесіп қалатын шақтар болады. Құсбегілер осындай әдіспен де бүркіт ұстайды.

Ұядан ұстау. Жартастың қиын жеріне салынған бүркіттің ұясын аңдып жүріп, балапанын қолға түсіріп, бағып-баптап жетілдіріп алады. Құсбегілер қыранның мекеніне, алғырлығына, сырт бітіміне, мінезіне қарай «Алтайдың ақ иығы», «Сәуірдің сарыбалағы», «Боғданың қарагері», «Тарбағатайдың тарпаң қызылы» немесе «Қанішер қара», «Күйшіл», «Кекшіл», «Ақ шегір», «Садақ сан», «Қандыбалақ», «Шүңірек», «Шәулі», «Сарысүмбі», т.б. деп атайды.

БҮРКІТТІҢ БАЛАПАННАН БАРШЫНҒА ДЕЙІНГІ АТАУЫ

Бүркіттің 100-150 жыл жасайтыны ғылыми жолмен дәлелденген. Қазақ құсбегілері оны 15-20 жасқа дейін қолға ұстаған. Бүркітті жасына қарай былай деп атаған: бір жас – балапан, екі жас – түбіт, үш жас – тірнек, төрт жас – тастүлек, бес жас – мұзбалақ, алты жас – көк түбіт, жеті жас – қана, сегіз жас – жаңа, тоғыз жас – май түбіт, он жас – барқын, он бір жас – баршын, он екі жас – шөгел… Осылайша, 15-20 жасқа дейін ат қойған.

ТҰРҒЫШЫЛАР, ҚАҒУШЫЛАР, ТОСҚАУЫЛШЫЛАР, ІЗШІЛЕР, БАҚЫРШЫЛАР

Тұрғышылар – бүркіт ұстап, биікте тұрушылар.

Қағушылар – жүретін, бекінетін жерін тінтe сүзіп, анды қуып шығушылар.

Тосқауылшылар – қашқан аңды інге жолатпай, таулы өңірден қайтарып, жасқап тұру үшін жолын тосушылар.

Ізшілер – аңның ізіне түсіп, қашқан жағын бағып тұрушылар.

Бақыршылар – аңшылар тобының алып шыққан қосында қалып, ас-тамақ әзірлеушілер.

САЛБУРЫН

Қансонарда, жаңа жұртта немесе басқа уәделі күндері аңшылардың топтасып, аң қарауы «салбурынға шығу» деп аталады. Салбурынға шығу – аңшылық салтанатының бір белгісі. Онда қару-жарағы, ұшыратын құсы, жүгіртетін иті және қағушылар, тұрғышылар, ізшілер сияқты жолдас-жоралары толық қамтылады. Сонымен бірге қадірлеп ертіп шыққан, алғашқы анды қанжығасына байлайтын қариялары да болады.

Пайдаланылған әдебиет: Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Оқи отырыңыз:

Клара Бектұрсынова: Әр сәбидің өз періштесі бар

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button