Жаңалық

Қуыршақ махаббат емес

«Астана Опера» театрының сахнасында орасан зор жетістікпен «Коппелия» күлдіргі балетінің премьерасы орын алды

«Астана Опера» театрының сахнасында орасан зор жетістікпен «Коппелия» күлдіргі балетінің премьерасы орын алды. 22 және 23 қараша күндері елорда халқы Ролан Петидің хореографиясындағы спектакльдің француздық нұсқасын тамашалады. Залда ине шаншар жер қалмады, тоқтаусыз ду қол шапалақ соғылып, гүл шоқтары үзілмеді.

Екі жарым сағаттық балет бір демде өтті. «Коппелия» сюжетінің негізіне Гофманның «Құм адам» новелласы алынған. Алайда қойылымды жасаушылар неміс жазушысының тылсымға толы туындысын комедияға айналдырып, Коппелиус есімді шебердің механикалық қуыршағына ғашық жас жігіт жайында баяндаған. Осылайша балеттегі барлық романтикалық сезімдер келеке етіледі, дегенмен көрерменге профессор Коппелиустың Сванильда бейнесінде жасалған механикалық қуыршаққа деген жауапсыз махаббаты туралы ой тасталды.

Спектакль басында кейіпкерлер әскери бөлімшеде ұсынылған, сондағы декорациялар сарбаздардың бірқалыпты өміріне сай келеді. Қаланың жас қыздары айбынды жігіттерге көз қырын салып, олармен бірге жеңіл де еркін биде шыр айналуда. Көрнекті суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапиноның қызғылт және көгілдір түстерде жасаған сәнді костюмдері көрермен қауымның назарын өздеріне аударды. Сұр казарма аясында көңіл көтеретін би өте әсерлі көрінді.

Жеңілтек бозбала Франц (Бақтияр Адамжан, Арман Оразов), оның қызғаншақ қалыңдығы Сванильда (Әйгерім Бекетаева, Шұғыла Әдепхан) және үйінің терезесінде желпуіш ұстап отырған жұмбақ қызы бар бапшыл Коппелиус (Луиджи Бонино, Рүстем Сейітбеков) сезімдер үштігінен гөрі махаббаттың төртбұрышына тап болады.

Бейтаныс қызға қызығушылығы артқан Франц онымен танысуға құмартып, жасырын түрде Коппелиустың үйіне кіреді. Ол жерге Сванильда да келіп, профессорды әшкерелейді. Комедия жанры болғандықтан, соңы бақытты аяқталады: Франц пен Сванильда үйленеді, қала қонақтары қуанышқа бөленеді, тек Коппелиус қана қолында сынған қуыршағы және жаралы жүрегімен оңаша қалады.

Қоюшының түпкі ойына сәйкес, спектакльдің басынан аяғына дейін кейіпкерлер көрермен залымен байланыста болды. Театрдың жетекші солистері бұл балетті нағыз француз әзілімен орындап шықты. Жұртшылық күлкіге қарық болып, сахнада өтіп жатқан жағдайға жандана әрекет етіп отырды. Екі күнде де өз кейіпкерін әр әртіс өзінше ұсынды. Сөзсіз, Бақтияр Адамжан сомдаған Франц өте шебер әрі актерлік тұрғыдан жеңіл, күлкілі әрі тартымды болып шықты. Арман Оразов болса, дәлдікке негізделген дене қалыптарын көрсетті, оның Францы Ролан Пети ойластырғандай жел мінезді жігіт еді. Сванильданың рөлінде бірінші күні сахна төріне мінсіз сұлу, сұңғақ бойлы, пішіні сымдай тартылған, ақсүйектік тән балерина Әйгерім Бекетаева шықты. Оның Сванильдасы – ерке қыз, қызыққұмар әрі қызғаншақ. Әртістің ым-ишарасынан да, көзқарасынан да – барлығынан балалық аңғалдық танылып тұрды, жас кербездің бейнесін дәл сомдау оның қолынан келді. Ол Р. Петидің күрделі хореографиясын лайықты деңгейде алып шықты. Жанр мен стильдің заңдылықтарын сақтай отырып, ол аяқ қимылдарымен ғажап дүниелерді көз алдымызға әкелді. «Астана Опера» балет труппасының жас әртісі Шұғыла Әдепхан Сванильданың рөлін премьераның екінші күні орындады. Бұл партияның хореографиясы тіпті тәжірибелі балериналардың өзіне оңай соқпайды, алайда солист бар қиындықтарды еңсеріп, қоюшы балетмейстердің үмітін ақтай алды.

Профессор Коппелиусты орындаушылар – Луиджи Бонино (осы спектакльдің қоюшы балетмейстері) және Рүстем Сейітбеков осы бейнеде актерлік шеберлікке аса назар аударды, себебі мұнда ол маңызды рөл атқарады. Луиджи Бонино осы партияда сахнаға ондаған рет шыққан. Әрине, оның орындауын ең үлгілі деп санауға болады. Рүстем Сейітбековтың өзіндік түсіндірмесі болды, сол арқылы түпнұсқалық әсер сезілді. Әртіс классикалық биді тамаша меңгерген, қызықты оқиғаларды орындауда шыдамдылық пен дарындылық танытты. Бұл Францпен бетпе-бет келетін текетіресте «қара магиялық» кітаптағы аралас қимыл-қозғалыстарға байланысты. «Астана Опера» кордебалеті тамаша үйлесімділік пен ұйымшылдықты көрсетті, әртістер бір сызық бойын сақтап, жалпы алғанда музыканы сезіне алды.

Балет дирижері Арман Оразғалиевтың қолындағы Лео Делибтің партитурасы тұтас және көтеріңкі шырқалды, «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары ноталық мәтінді асқан шеберлікпен орындады. Аязды күнмен тұспа-тұс келген премьераның жалын атқан әуендерін елордалық көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.

Осындай тамаша қойылым балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен «Астана Опера» театрының репертуарын толықтырғанын әрі ҚР Мәдениет және спорт министрілігінің қолдауымен орын алғанын атап өткен жөн.

Нұр-Сұлтан қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button