Қымыз түрлері
Оқырман назарына қымыздың, бізге мәлім, 14 түрін ұсынбақпыз. Тізім әлі жаңаратынын ескертеміз.
Кез келген ұлттың өзіне ғана тән мәдениеті бары анық. Және ол мәдениеттің жік-жікке бөлінген салалары да жетерлік: мейман күту мәдениеті, қонаққа бару мәдениеті, ас дайындау мәдениеті, бие байлау мәдениеті, дастархан мәдениеті, тағысын тағылар.
Осылардың ішіндегі ас мәдениетіне тоқталмақпыз. Халқымыз қонаққа табақ тартады. Мейманның туыстық жақындығына, мәртебесіне, ел арасындағы беделіне байланысты табақ та құбылып отырады. Қазақ арасында осындай табақтың 50-ден астам түрі белгілі.
Ұлттық асымыздың, дастархандағы ерекше сусынның бірі – қымыз. Ашытылу ерекшелігіне байланысты, ысталуына, биеге һәм ашытылу мерзіміне байланысты қымыз да бірнеше түрге бөлінеді. 1 мамыр – сүт күні екен. Мейрамның көбейгені де жақсы. Осы орайда біз қымыз түрлеріне тоқтала кетсек:
Саумал – жаңа сауылған шикі күйіндегі бие сүті. Көбіне емдік қасиеті үшін пайдаланылады. Саумалды ашқарынға ішудің пайдасын қазақ қайта түсінген тәрізді.
Сары саумал – жөптің піскен уағындағы саумал түрі.
Уыз қымыз – биені байлап, алғаш сауылған сүттен жасалатын қымыз. Уыз қымызды сүрленген қазы, жал, құрт, айран, қатық, ашытылған көже қосып ашытады.
Бал қымыз – сүрленген қазы, бал, мейіз қосылып, әбден бабына келтіріліп пісілген қымыз. Басқа түрлеріне қарағанда қымыздың бұл түрі майлы, жағымды, сары, тұщы әрі қою болып келеді. Бал қымыз сырқат адамдарға, жас босанған әйелдерге және балаларға арналады.
Түнеме қымыз – ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылатын қымыз түрі.
Қорабалы қымыз – мол қордың үстіне күн сайын саумал құйылып отырып, бірнеше күн жиналған қымыз түрі.
Сары қымыз – жөптің әбден піскен уағындағы қымыз түрі.
Тай қымыз – дұрыс пісілген, пісуі жетіп, бір күн сақталған қымыз түрі.
Құнан қымыз – тай қымыздан сәл күштірек келетін, екі күн түнегеннен кейін ғана қотарылатын қымыз түрі.
Дөнен қымыз – үш күн пісіліп, ашытылып барып, қотарылатын қымыз түрі.
Бесті қымыз – төрт күн ашытылатын, әбден ашыған қымыз түрі.
Қысырақ қымыз – бірнеше жыл қатарынан құлындап жүрген қулық биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қымыздың бұл түрі өзгелеріне қарағанда қуаттырақ болатын көрінеді.
Қысырдың қымызы – биені қыстай қолда ұстап, сауалған қымыздың түрі.
Сірге жаяр қымыз – бие ағытылар кездегі соңғы қымыз.