Жаңалық Мақала

Қымызханалар көбейсін

Үйрілген қышқыл дәмді сары қымыз, Ауруға ем, сауға қуат - дәрі қымыз...- дейді жүз жасаған ақын атамыз Жамбыл. Дәл табылып айтылған сөз емес пе!

Қымыздың ауруға ем, сауға қуат берерлік қасиетін кәзір ғылым да ашық айтып отыр. Бурабай, Шымған, Ауыл сияқты арнаулы қымыз курорттары осының айғағы.

Ол ғана емес. Бүгінде қымыз қазақ, қырғыз халықтарының ұлттык тағамы дәрежесінен көтеріліп, Отанымыздың басқа ұлттарының да сүйіп ішетін сусынына айналды. Өйткені оны татқан жұрт қымыздың сусындығы былай тұрсын, нәрлі де денсаулыққа шипалы ас екенін сезінді.
Ал енді осы сүйікті, қадірмен асымыз – қымыз бізде неге тапшы?

Оған бір ғана себеп бар деп білемін: біз тек «қымыз-қымыз» дейміз, бірақ оны әлеумет асына айналдыру үшін тиісті шара қолданбаймыз. Республикамыздың қалалары мен аудан орталықтары, ауыл-поселкелерінде жұрт тартарлық жақсы тағамдарымен бірге қымызханалар ұйымдастыра алмай келеміз. Кейбір жерлерде ашылған қымызханаларымыздың көңілдегідей жабдықтап отыратын базасы жоқ, оны баптап, дұрыс ашытып, таза ұстайтын мамандары аз.

Астанамыз Алматыдағы Бірінші ресторанный жанынан ақ отау тігіліп, қымыз сатыла бастады. Қандай әсем, қандай игілік! Бірақ не керек, қымыз кейде бар, кейде жоқ және өзі бүкіл Алматыда бір ғана орын. Аңсаған адам тек аңдып жүріп қана татады. Ал қажеттенген жұрт өзінің дағдылы уағында барса тек құлазыған ақ отау ғана тұрады. Қайтсін, «қуыс үйден құр шықпа» деп қымыз орнына арақ-шарап татысып шығатын кездері де болады.

Республикамыздың қалалары жыл санап етек алып, ұлғайып келеді, оның халқы да өсуде. Әр қалаларымыздың сәнді де сая бұрыштары бар. Міне, осыларда басқа сусындармен қатар қымыз саудасын ұйымдастыруға болмас па еді. Мәселен, біздің Алматының парктерінде және басқа демалыс орындарында қымызханалар көптеп ұйымдасса, қала еңбекшілеріне үлкен қамқорлық болар еді.

Меніңше, қымыз сусынын ұйымдастырудың әлеуметтік зор маңызы бар. Денсаулық орындары қымыздың пайдалылығын жарлап, сауда ұйымдары оған кең жол ашуы керек. Ал біздің қай колхоз, совхоздарымызда болсын жылқы малы баршылық. Бірақ олар қымыз табысын күрделі кәсіп тарауына айналдыра алмай келеді. Өткен жылы Семей облысының Абай ауданындағы «Қайнар» совхозы екі ай 92 бие сауып, литрін 2 сомнан сатқанның өзінде 48 мың сом пайда тапқан. Қымыз әрі табысты шаруашылық екенін, әрі еңбекшілер үшін пайдалы тағам екенін түсіне білуіміз абзал.

Қымызды әр жерден жақсы орын сайлап, молайтып, таза сақтап, ұстай білсең, басқа ішкілік өз-өзінен азаяр еді, маскүнемдік секілді жағымсыз ғадет тиылар еді.

Қымыз ішелік, достар! Шөліміз қанық, көкірек аурудан аман, әзәзіл ішімдіктерден аулақ әлуетті боламыз. Қала-даламызда қымызханалар өркен жайсын!

Қалыбек ҚУАНЫШБАЕВ, СССР-дің халық артисі
«Мәдениет және тұрмыс» журналы 1959 жылғы мамырдағы 5-ші нөмірі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button