Қынаменде дәстүрін білесіз бе?
Қынаменде – күйеу жігіттің қалыңдық отауына алғаш келгенде ұйымдастырылатын жастардың ойын-сауығы. Кешке қатысушы қыз-келіншектер қызыл-жасыл түсті киім киіп, тырнақтарын бояған. Бүгінде ол қазақтың көне дәстүрлерінің біріне айналды.
Филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, қынаменде қазақтардың құдалығы кезінде өткізілген.
«Ертеде қыз беретін жақ келін алуға келген құдаларға аста-төк сыйтабақ тартып, құрметтеп күтумен бірге ескі салт бойынша қынаменде деп аталатын ойын-сауықтың талабын қойған», – дейді профессор.
Қынаменде сөзінің шығу тегі
Дәстүр атауының этимологиясы туралы түрлі дерек бар. Бұрын жиналған жұрт күлкіге батып жатқанда, ауыл ақсақалы келіп: «Қанекей, құданы қинамаңдар!» дейді екен. Кейбір деректер осы мысалды негізге алып, сөз төркіні «қинама» сөзінен шыққан деп келтіреді. Ал В.В. Радлов өз сөздігінде қынамендені тырнақ бояйтын қызыл бояу деп түсіндіреді.
Этнограф, мәдениеттанушы Бұлбұл Кәпқызы порталымыздың тілшісіне берген сұқбатында бұл дәстүрдің ұрын барумен сабақтасып келетінін айтады.
«Халқымыз салт-дәстүрге бай. Өкініштісі, олардың кейбірі ұмытылып барады. Қынаменде де сол ұмыт қалғандар тізіміне кіреді. Негізінен осы дәстүр ұрын бару салтымен сабақтасады. Ол ұрын барған күйеуді қалындыққа кездестіріп, жастардың жеке отауда отырып тойлатқанымен байланысты», – дейді этнограф.
Бұлбұл Кәпқызы қынамендені жеңгелердің ұйымдастыратынын атап өтті.
«Ата-бабаларымыз: «Құдеке, су ішіңіз, тамақ алыңыз! Ат болып кісінеңіз, ит болып үріңіз», – деп қалжыңдасып, құдаларынан неше түрлі өнер көрсетулерін өтінген. Бұл бас құданы мазақтау мақсатында емес, керісінше жиналған қауымның көңілін көтеріп, тез тіл табысу үшін жасалған. Қынаменденің негізгі прагматикасы – шаңырақ көтеруге әзірленіп жатқан жастарды бір–бірімен еркін араласуға үйрету, жете таныстыру. Көбінде бұл дәстүрді жеңгелер ұйымдастырып, ауылдың жастарын жинаған. Бұл жиында ән де, күй де, би де болады», – деп түсіндірді ол.