Жаңалық

«Қырымның қырық батырын» кім жазды?

Мұрын жырау Сеңгірбекұлы (1859-1954) – «Қырымның қырық батыры» эпопеялық жырын жадында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген ұлы жыршы.

Маңғыстау түбегінің Бозашы алқабындағы Қоңырорпа деген жерде дүниеге келген. Оның жыр өнеріне деген құмарлығын анасы Қалдыкөз (Қалдықыз) қалыптастырған. Ол баласына бар білгенін үйретіп, жиын-тойда жанынан тастамай ертіп жүрген.

Мұрын он жеті жасынан бастап біржола жыршылық жолға түсіп, әйгілі өнерпаздардың қасына еріп, жыр айтуға машықтанады. Кейін «Қырымның қырық батыры» топтамасындағы туындыларды Нұрым Шыршығұлұлы, Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды атақты ақын-жыршылардан үйренеді. ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін ол Орта Азияның отыздан астам қаласын аралап, «Қырымның қырық батырын» жырлайды.

Оның репертуарындағы жырларды жазып алу шарасы 1939 жылдан басталды. Мұрын жырау Қазақстан Үкіметінің арнайы шақыртуымен 1942 жылы Алматыға келіп, алты ай бойы жыр айтып, әдебиетші мамандарға жаздырады. Кейін өз бетінше хатқа түсірген төрт жырды 1947 жылы Алматыға әкеліп тапсырады. Сол жолы Халық шығармашылығы үйінің тапсырмасымен Алматыда 1 ай, 23 күн жатып, жыр жаздырады.

Мұрын Сеңгірбекұлы 95 жасқа қараған шағында туған топырағында дүние салды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button