Қышқылтум деген не?
Қышқылтуым – дем алдырғыш, жандырғыш бұйым.
Айрықша таза түрінде табиғатта ұшырамайды. Көбіне бөтен бұйымдармен, химиялы қосылуда не араласпа күйде болады. Андасы түрліше болғасын, кейбір бұйымдардан оңайлықпен тез айрылады, кейбір қосылыстарынан қиындықпен айрылады. Ауадағы азотпен араласқан қышқылтумды айырып алу қиын. Танысу үшін бір бұйымнан қышқылтумды айыралық.
Бертолет тұзы деген дәрінің ұнтағын уақ құммен араластырып, шөлмектен жасалған реторт деген сауытқа салайық. Реторттың мойнына резеңкі түтік арқылы иілген шөлмек түтікті жалғап, шөлмек түтіктің басын сауыттағы суға малалық. Кең мойынды шөлмекті суға толтырып, ыдыстағы сауытқа түтіктің басын бүркей төңкерелік. Ретортты қыздырсақ, тұздан айырылып, қышқылтум түтік арқылы шыға бастайды, судағы түтіктің аузынан шымырлап көпіршік болып шығып, кең мойынды шөлмектің түбіне жиылады. Қышқылтум көбейген сайын кең мойыңды шөлмектегі суды айдап шығып, орнын алады. Шөлмек қышқылтумға толғансын, су астынан қақпақтап шөлмекті аламыз.
Осылай етіп әлденеше шөлмекті қышқылтумға толтырып алуға болады. Енді қышқылтумның не нәрсе екенін тексеріп қаралық.
Қышқылтум – иіссіз, дәмсіз, судан жеңіл, ауаға ұсаған мөлдір газ.
Қышқылтум iшiне бықсыған көмір кіргізсек, көмір дереу жарқылдап жанады. Үші бықсыған ағаш көсеу кіргізсек, бұ да дереу жарқылдап жанады. Ауада көгілжім жалынмен жанып тұрған күкіртті кіргізсек, бұ да жарқылдап жанады. Болат шыбықтың үшiне бықсыған көміртек алып, қышқылтум толулы сауытқа кіргізсек, әуелі жарқылдап көмiршiк жанады, сосын жан-жағына жарқылдаған ұшқын шашып болат жанады.
Қышқылтум – жандырғыш бұйым.
Бұйымдар тек қышқылтум бар орында жанады, нәрселердің ауада жануы да қышқытумнан. Қышқылтум аз орында нәрселер бықсып, жанбайды. Бықсыған нәрсені үрсек жанады, үрген орынға ауа көп келеді. Ауамен бірге қышқылтум көп келеді. Қышқылтум көп болса, бұйым жанғыш болады.
Адамның, жан-жануарлардың дем алуына қышқылтум – мұқтаж бұйым. Нағыз қышқылтуммен дем алуға болмайды. Дем алуға зарарсыз нәрселермен араласқан қышқылтум керек, дем алатын ауамыз – азотпен араласқан қышқылтум.
Хәлел Досмұхамедұлы
«Табиғаттану» еңбегінен