Қысқы Олимпиаданың алауы жағылды
XXIV Қысқы Олимпия ойындарының ашылу рәсімі кеше Қытай астанасы Бейжіңдегі «Құс ұясы» стадионында өтті. Салтанатты жиынға көптеген елдің басшыларымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Ашылу салтанатында мемлекеттік туымызды Тұмар ханша бейнесінде киінген конькиші Екатерина Айдова мен қазақ батырының киіміндегі шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев ұстап шықты.
Әлемдік спорттық додаға АҚШ-тан – 223, Ресейден – 212, Канададан – 211 спортшы қатысса, Қытайдан 171 спортшы қатысады. Сондай-ақ, Швейцариядан – 168, Германиядан – 148, Жапониядан – 122, Швециядан – 116, Чехиядан – 114, Италиядан – 112, Австриядан – 108, Финляндиядан – 96, Франциядан –85, Норвегиядан – 52, Ұлыбританиядан – 50, Украинадан – 45, Австралиядан – 44, Оңтүстік Кореядан – 38, Беларусьтен – 28 саңлақ бақ сынамақ. Ал еліміздің атынан 34 спортшы 85 жолдама бойынша сынға түседі.
Ақ Олимпиаданың жабылу рәсімі де 2008 жылы Жазғы Олимпиада өткен «Құс ұясы» стадионында өтпек.