Қытайда Жібек жолы археологиясы мен мәдени мұраны қорғау тақырыбында халықаралық семинар өтті
Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен мамандар қатысып, мәдени ынтымақтастықтың болашағы мен археологиялық және тарихи деректерді бірлесіп пайдалану мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ruh.kz.
Семинар аясында пленарлық отырыстар өтіп, онда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Иран, Түрікменстан, Израиль және Ресей ғалымдары баяндамалар жасады.
Қазақстандық өкілдер «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының көпжылдық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, Сарытоғай сайында табылған ерте көшпенділердің мәдени кешені туралы баяндады.
«Рахат» ескерткішінде, «Есік» музей-қорығында және Шанси археологиялық институтында жүргізілген бірлескен жұмыс туралы деректі фильм дайындауға баса назар аударылды.
Бұл сапар археология және музей ісі саласындағы жаңа бірлескен жобаларды құру және ғылыми-мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды қадам болды.