QYZPU мен әйгілі Ұлыбритания колледжі өзара ынтымақтастық орнатты
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай Ұлыбританияға ресми іс-сапары барысында Норланд колледжінің директоры Джанет Роузбен кездесті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тараптар кездесу барысында мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандарын даярлау мәселелерін талқылаған.
Норланд колледжі 130 жыл қатарынан Ұлыбританияда ханзада мен ханшайым күтушілерін және балабақша тәрбиешілерін даярлайтын ең әйгілі оқу орны саналады. Оның түлектері жоғары сұранысқа ие – бір түлек жұмысқа шамамен 15 шақырту алады. Ал жылына мұнда бар-жоғы 200 ғана түлек даярланады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу және бастауыш мамандарын даярлау бойынша Норланд колледжімен серіктес болуға ниетті.
Айта кету керек, Норланд колледжінің басшылығы жуырда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне ресми іс-сапармен келетінін мәлімдеді.