Қызыл кітап: Құлан және корольков шаяноты
«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының кезекті санында құлан мен корольков шаяноты өсімдігі жайлы ақпаратпен бөлісеміз.
Құлан – тақтұяқтылар отрядына жататын жабайы жылқы. Сыртынан қарағанда құланның есекке де (басы үлкен, құлағы ұзын, құйрығы қысқа, кекілі жоқ, жалы тік), жылқыға да (жүріс-тұрысы ширақ, дене бітімі сымбатты, сирақтары ұзын) ұқсайтын ерекшелігі бар. Дене тұрқы 210 – 240 см, шоқтығының биіктігі 112 – 126 см, салмағы 190 – 260 кг аралығында. Түсі сарғыштау, жотасында қара қошқыл жолағы болады, құйрығының ұшы қара, бауыры мен сирақтары ақшыл келеді. Маусым – шілде айларында күйлеп, 11,0 – 11,5 айдай буаз болып, мамыр – маусым айларында құлындайды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін құлан Қазақстанның жазық даласында үйір-үйірімен топтанып жүрген. Қыс айларында Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатына дейін кең таралған. Жазда Қарағанды Ақтөбе, Қостанай облыстарының жерін жайлаған. Құланды есепсіз аулау – оның қазақ жерінде құрып кетуіне әкеліп соқты. Республикада Құланды жерсіндіру жұмысы 1953 жылы басталды. 1953 – 1964 жылы Арал теңізінің Барсакелмес қорығына Түрікменстаннан 19 құлан жерсіндірілді. 1982 жылдан бастап оны «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағына, Андысай қорықшасына және Маңғыстау облысы аумағына жерсіндіре бастады. Құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Корольков шаяноты – Қазақстанда сирек кездесетін түр. Тропиктік және субтропиктік облыстарға тән ірі тұқымдас өкілі. Батыс Тянь-Шань мен Қаратаудағы тіршілік ортасы, бұл ортаазиялық тау түрінің солтүстік шекарасы болып табылады. Шар тәрізді қабысқан түйнек және ұшындағы күрделі құрылысты гүл шоғыры бар әдемі көпжылдық шөптесін өсімдік. Гүлдеу кезінде, көбіне күлте ретінде қабылдайтын, гүл шоғырын жауып тұратын үлкен жапырағы еріксіз назар аудартады. Жеміс салған кезінде гүл шоғырының бойына собық тәрізді жиналған ашық қызыл түсті жидек тәрізді жемісі өте әдемі. Өсімдік тұтас, әсіресе түйнегі көктеу кезінде, улы. Кептірілген түйнектері уын жоғалтады және крахмал көзі болып табылады, құрамында 30 %-ға жетеді. Ерекше сәндік өсімдік. Мәдени түрде жақсы өседі (тұқымнан өскені үшінші-төртінші жылы гүлдейді), бірақ іс жүзінде тек әуесқойларға ғана мәлім. Табиғатта саны аз. Әдетте жекелеген даралар, сирек шағын топ болып (30-50 өсімдікке дейін) кездеседі. Малдың таптауынан зардап шегеді. Ақсу-Жабағылы қорығында қорғалады.